Еңбек заңнамасының талаптарын білесіз бе?
Адам өміріндегі басты оқиғалардың бірі жұмысқа орналасу. Әрине жұмыс берушінің жұмысқа қабылдау кезінде таңдау еркіндігіне құқығы бар. Жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы еңбек қатынастарын заң аясында реттеу үшін ең алдымен еңбек шартын жасасу керек.
Еңбек шарты бойынша жұмыскер жұмысты (еңбек функциясын) жеке өзі орындауға, еңбек тәртіптемесі қағидаларын сақтауға міндеттенеді, ал жұмыс беруші жұмыскерге келісілген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, Қазақстан Республикасының еңбек кодексінде, еліміздің заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, жұмыскерге уақытылы және толық мөлшерде жалақы төлеуге міндеттеледі.
Жұмыскер еңбек шартына қол қою алдында мұқият оқып және оның негізгі шарттарына назар аударуы қажет. Жұмыс орнындағы еңбек жағдайына, еңбек шартының мерзіміне, құқықтары мен міндеттеріне, жауапкершілігі мен еңбек шартын жасасу күнімен танысу қажет. Сонымен қатар еңбек шартында жұмыскердің жұмыс уақыты мен тынығу режимі, еңбек ақы мөлшері көрсетілуі тиіс және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін қосымша шарттар болады. Қазіргі уақытта еңбек шартын бұзудың 3 негізгі себебін атап өтуге болады:
– Еңбек шартын мерзiмi өткеннен кейін тоқтату;
– Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша тоқтату;
– Еңбек шартын жұмыскердің бастамасы бойынша тоқтату.
Әрбір жағдайды жан-жақты қарастырайық: Бірінші жағдай: Еңбек шартын оны қолдану мерзiмi өткеннен кейін тоқтату. Еңбек шартының мерзiмi өткен күн еңбек шартында көрсетілген күні болып табылады. Егер еңбек шартын қолдану мерзiмi өткен күнге жұмыскер еңбек демалысында болса, онда мерзiмi өткен күн еңбек демалысының соңғы күні болып саналады. Егер тараптардың ешқайсысы еңбек шартын бұзуға ниет білдірмесе, онда шарт бұрын жасалған мерзімге автоматты түрде ұзартылған болып есептеледі.
Екінші жағдай: Еңбек шартын жұмыскердің бастамасы бойынша тоқтату. Жұмыскер еңбек шартын өзінің бастамасы бойынша бұзуға құқылы, бірақ жұмыс берушіні бұл туралы кемінде бір ай бұрын жазбаша ескертуге (өтініш) тиіс. Бұл ретте еңбек шартының жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша көрсетілген күн өткенге дейін бұзылуы мүмкін.
Үшінші жағдай: Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу. Жұмыс беруші таратылған кезде, не жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған кезде. Жұмыс беруші таратылған кезде жұмыстан босатылғанға дейін 1 ай бұрын еңбек шартын бұзу туралы жұмыскерді жазбаша ескертуге міндетті.
Жұмыс беруші кәсіпорынның экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкеп соққан өндіріс, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемі төмендеген негізі бойынша еңбек шартын бұзу кезінде еңбек шартын бұзуға негіз болған себептерді көрсете отырып, 15 жұмыс күні бұрын еңбек шартының бұзылғаны туралы жұмыскерлерге жазбаша ескертуі тиіс.
Еңбек шарты біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан жұмыскер атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеген кезде бұзылуы мүмкін. Атқаратын лауазымына сәйкес келмеуі туралы шешім арнайы құрылған аттестаттау комиссиясының шешіміне негізделуі керек. Еңбек шартын бұзудың келесі себебі – денсаулық жағдайы бойынша. Бұл жағдайда тиісті денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық тексеру жүргізілуі және медициналық қорытынды берілуі тиіс.
Еңбек шартын тоқтату негіздері – Еңбек шартын бұзудың себебі сынақ мерзімі кезеңіндегі жұмыстың теріс нәтижелері болуы мүмкін. Сынақ мерзімі кезеңіндегі жұмыскер жұмысының теріс нәтижесінде жұмыс беруші еңбек шартын бұзу үшін негіз болған себептерді көрсете отырып, оны жазбаша нысанда хабардар етіп еңбек шартын онымен бұзуға құқылы.
– Жұмыскер бір жұмыс күні немесе жұмыс ауысымы ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған жағдайда еңбек шартын бұзуға себеп бола алады. Мұндай кезде жұмыс беруші себебін нақтылауға тиіс, ал жұмыскер өзінің болмағаны себебі туралы жазбаша түсініктеме беруге міндетті. Жұмыскердің жұмыста болмаған фактісі арнайы актімен тіркелуі тиіс.
– Еңбек шарты, жұмыскер жұмыста алкогольдік не есірткілік масаңдық жағдайында болған не жұмыс күні ішінде соларға ұқсас заттарды пайдаланған жағдайда бұзылуы мүмкін. Еңбек шартын осы негіз бойынша бұзу медициналық қорытындымен расталуы тиіс.
– Егер тәртіптік жазасы бар жұмыскер еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамаған факті де еңбек шартын бұзу себебі бола алады. Сондай-ақ басқа да еңбек заңнамасының талаптарын бұзу негіз болады.
Жұмыс беруші мынадай жағдайларда өтемақы төлемдерін жүргізуге міндетті:
– жұмыс беруші таратылған жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде;
– жұмыскерлердің саны қысқарған жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде.
– жұмыс беруші еңбек шартының шарттарын орындамаған жағдайда жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде жұмыскерге жұмысынан айрылуына байланысты айына айлық орташа жалақысы мөлшерінде өтемақы төлемін жүргізеді;
– жұмыс беруші жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкеп соққан өндіріс, орындалатын жұмыстар және көрсетілетін қызметтер көлемі азайған жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде екі айдағы орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемдерін жүргізеді.
Әркімнің еңбекті еркін таңдауға немесе еңбекке қандай да бір кемсітушіліксіз және мәжбүрлеусіз еркін келісуге құқылы, өзінің еңбекке қабілеттілігіне билік етуге, кәсіп және қызмет түрін таңдауға құқығы бар. Ешкімді де еңбек құқықтарын іске асыру жынысына, жасына, дене кемістіктеріне, нәсіліне, ұлтына, тіліне, мүліктік, әлеуметтік және лауазымдық жағдайына байланысты ешқандай кемсітуге болмайды.
Еңбектің осы түріне тән талаптармен айқындалатын не әлеуметтік қорғалуға мұқтаж адамдар жөнінде мемлекеттің ерекше қамқорлығынан туындаған өзгешеліктер, ерекшеліктер, артықшылықтар мен шектеулер кемсітушілік болып табылмайды.
Еңбек саласында кемсітушілікке ұшырадым деп есептейтін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа немесе өзге де орындарға жүгінуге құқылы.
Еркін ИБРАИМОВ
мемлекеттік еңбек инспекторы.