Жауапкершілігі жоғары маман
Күнделікті өмірімізге ауадай қажетті көгілдір отынның әрбір үйге үздіксіз беріліп тұруы үшін оның сыртында қаншама сала мамандары үлкен жауапкершілікті көтеріп отырғандығын кейде елемейміз. Ал өрт қауіптілігі жоғары мұндай кәсіпорындарда еңбек етіп жүрген майталмандар – еңбек қадірін біледі, жауапкершілікке еселей қарайды.
Кейіпкеріміз – Сабырбек Нахимов «Азиягазқұбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Т. Рысқұлов ауданы Құлан ауылында орналасқан Компрессорлық станциясында технологиялық қойылымдар машинист болып еңбек етеді. Станцияның негізгі жұмысы компрессорлардың көмегімен газды немесе ауаны сығымдайтын (қысымды көтеретін) және айдайтын нысан жұмысына техникалық қызмет көрсету. Мұнда мамандар вахталық әдіспен жұмыс істегенімен, жауапкершілігі өте жоғары. Сабырбек Қойшығұлұлы 2014 жылы «Тараз-Ғасыр» колледжін «Құбыр бұрғылау» мамандығы бойынша бітіріп, 2019 жылы Тараз Мемлекеттік университетінде «Мұнайгаз ісі» мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Еңбек жолын 2011 жылы «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамында сантехник болып бастаған. Ал жоғарыда аталған кәсіпорында 2014 жылдан бері еңбек етіп келеді. Өз саласында бірнеше жолдан өткен білікті маман. Салада слесарьсантехник, технологиялық компрессор машинисті, майқамту жүйесінің қызметі, компрессорлық станциялардың технологиялық суыту жүйесі сынды қызметтерінің бәрінен өткен. Бастысы, өрт қауіптілігі жоғары өндірісте жұмыс істеуде еңбекті қорғау мен өндірістік қауіпсіздікті толық игерген маман.
Түсінгеніміз, қауіптілігі жоғары өндіріс орнындағы мамандардың еңбекті қорғау мен техника қауіпсіздігін жақсы игергені, осылай еңбек өнімділігін еселейтіні. Мұндай кәсіпте еңбек етіп жүрген Сабырбек Нахимов көп балалы әке. Отбасы тәрбиесіне де аса үлкен жауапкершілікпен қарайды. Отанасы – Айжан Башимирова бес баланың тәрбиесімен үйде отырған ана. Балаларына өнегелі тәрбие беріп жүрген Сабырбек оларды спортқа баулуға да өзі атсалысады. Өйткені, өзі бос уақытында волейбол ойнағанды жақсы көреді. Балаларымен табиғат аясында жиі тыныстап, туған өлкенің көркем табиғатымен таныстыруға да жаны әуес.
Ерман ӘБДИЕВ
Т. Рысқұлов ауданы