Әлеумет

Цифрлы қоғам және кітапхана

Кітапхана – адамзат өркениетінің дамуы мен мәдениетінің айнасы, білім мен руханияттың сарқылмас қайнар бұлағы. Ежелгі заманнан бері кітап пен жазба мұралар қоғамның ілгерілеуіне, ғылымның, өнер мен әдебиеттің дамуына зор ықпал етіп келеді. Сол бай қазынаны жинақтап, сақтап, келер ұрпаққа жеткізетін ерекше рухани орталық – кітапхана. Ол тек кітап сақтайтын орын ғана емес, адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын байытатын, ізденіске жетелейтін, шығармашылық қабілетін дамытатын мәдени-ағартушылық мекеме.

Қазіргі жаһандану дәуірінде ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы қоғам өмірінің барлық саласына әсер етуде. Дегенмен, кітапхананың рөлі мен маңызы ешқашан төмендеген емес. Керісінше, ол заман талабына сай жаңарып, цифрлық форматтағы ақпарат көздері мен электронды кітап қорларын ұсына отырып, білім мен ақпарат кеңістігінің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде кітапхана – тек кітап оқитын орын ғана емес, электронды білім беру орталығы, мәдени іс-шаралар мен ғылыми кездесулер өтетін заманауи мәдени кеңістік.

Кітапхананың басты мақсаты – оқырманның рухани дамуына ықпал ету, қоғамның мәдени және интеллектуалды деңгейін арттыру. Ол – әр адамның өмір бойы білім алуына мүмкіндік беретін, адам мен ақпарат арасындағы алтын көпір. Сондықтан да кітапхана тек өткеннің ескерткіші емес, болашаққа бағыт беретін, ұлттың рухани жаңғыруының тірегі болып қала береді. Осыған орай облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен, аталған кітапхананың 85 жылдық мерейтойына орай «Цифрлы қоғам және кітапхана» атты республикалық кітапханашылар конференциясы өтті.

«Бақытты болашақ» оқушылар сарайында ұйымдастырылған жиынның мақсаты – қазіргі заманғы кітапханалардың инновациялық даму жолдарын талқылау, кітапханашылардың кәсіби біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру. Сонымен қатар кітапхана қызметіндегі жаңа технологиялар мен IT-шешімдерді қолдану жолдарын қарастыру. Конференцияға зиялы қауым, республикалық, облыстық, қалалық, аудандық кітапхана жүйелерінің және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Айта кету керек фойеде «Өткені – өнеге, бүгіні – бекем, болашағы – жарқын Жамбыл өңірі» атты кітап экспозициясы жасақталған.

Басқосудың шымылдығы А. Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының «Тараз шайырлары» атты Әулиеата тарихынан сыр шертетін театрландырылған прологпен түрілді. Жиында әуелі сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысушыларды жиынның ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Оның айтуынша, кітапханаларды цифрландыру бағытында «Әулиеата кітапханасы» («Aulieata library») мобильді қосымшасы іске қосылған. Бұл жоба жергілікті ақынжазушылардың шығармашылығын насихаттауға бағытталып, қазіргі таңда мұнда өңірден шыққан 73 қаламгердің шығармалары енгізілген. Сонымен қатар облыста жаңа кітапханалар, Жамбыл аудандық кітапханасына жаңа заманауи ғимарат салынып, Республика күні қарсаңында ел игілігіне берілген.

Одан өзге жеті кітапханаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, екі кітапхана жаңадан соғылған ғимараттарға көшкен. Әрі қарай елдің рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосқан, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген кітапхана қызметкерлерін марапаттау рәсіміне кезек берілді. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Қордай, Шу, Меркі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашылары Гүлмира Айнақұлова, Ақылжан Дүйсебаева, Айнұр Мырзахметова наградталды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасымен Байзақ, Сарысу, Мойынқұм аудандарындағы ауылдық кітапхана кітапханашылары Айнұр Абдрасилова, Құралай Байлиева және Сандуғаш Сейсембекова марапатталды. Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хаты Жуалы, Т.Рысқұлов, Талас ауданындағы ауылдық кітапхананың кітапханашысы Күлзипа Ережепова, Роза Махашева, Жанар Тоқаеваға табысталды.

Сонымен бірге облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы облыс бойынша филиалының кеңесшісі Риза Нұргелдінова, Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Малика Қожакова, Сарысу аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы Бакыткүл Әубәкірова наградталды. Одан бөлек Құрмет грамотасы, Алғыс хаттар бірқатар қызметкерлерге берілді. Конференция барысында сөз алған облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай кітапхана қызметкерлері өз қызметін кітапханадағы бай мұраны өлке тұрғындарының игілігіне айналдырып, кітапхананы заманауи, ыңғайлы форматта қолжетімді болатын ауқымды ағартушы және ақпараттық орталыққа бағыттайтындығын айтты. Сондай-ақ осы бағытта Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың және облыстағы кітапханалардың үлесі зор екенін жеткізді.

Жиында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева, Қабибола Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Зәуре Айтуарова сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Пленарлық отырыстың бірінші сессиясын «Заманауи кітапхана: дамудың перспективалы үлгілері» тақырыбында өтетін бірінші сессияны Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова жүргізді.

Сессияда «Жаңа буын кітапханаларын жаңғырту ерекшеліктері» туралы Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Шахмира Байжігітова баяндама оқыды.

Сонымен бірге ол жаңашыл кітапхана ісіндегі жаһандық тәжірибелермен бөлісті. «Кітаптарға чип орнату арқылы автоматты тіркеу, іздеу және қорғау мүмкіндігін береді. Оқырман өз бетінше кітапты алу-қайтару процесін орындай алады. Кітап беру-алу пункті – кітапханашының көмегінсіз өз-өзіне қызмет көрсету орны. Яғни, өзі қалаған кітапты телепункт көмегімен алу, создыру, қайтару батырмасын басу арқылы жұмыс істей алады. Сондайақ кітапхана алдында орналасқан пункт арқылы 24/7 кез келген уақытта кітапты өткізуіне болады. Ол үшін кітапханашы оқырманды базаға тіркеген соң, арнайы белгісі бар карточка ұсынылады. Кітапты шаң тозаң, бактериялардан тазалайтын пункт – оқырман кітапты үйге алардан алдын немесе өткізгеннен кейін қолдануға мүмкіндік беретін соңғы техникалық құрылғы. Сіз үш минутта төрт кітапты ультракүлгін сәулелері арқылы тазарта аласыз.

Бұл кітапханамыздың жаңашыл қызмет көрсету аймағы», деп атап өтті ол. Ал «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары кітапханаларының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің кітапханалықақпараттық орталық директоры Гүлжан Иржанова «Жаңа жағдайдағы жоғары білім: академиялық кітапханаларға қойылатын талаптар» туралы кең ауқымда ой қозғады.

Бүгінгі таңда кітапханалар ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен енгізіп, оқырманға білім мен мәліметті қолжетімді форматта ұсынуда. Цифрлық кітап қорлары мен электронды ресурстар жүйесі білім алу процесін жеңілдетіп, жаңа буынның ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға жол ашты. Кітапхана – ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыратын, шығармашыл ойды қолдайтын орта. Ол жеке тұлғаның білімін тереңдетіп қана қоймай, қоғамның жалпы мәдени деңгейін көтеруге де қызмет етеді. Сондықтан кітапханаларды дамыту – зияткерлік ұлт қалыптастырудың, адам капиталын нығайтудың маңызды қадамы.

Осы ретте «Кітапхана – зияткерлік элитаның көзі және адам капиталының дамуы» тақырыбында өткен екінші сессияны Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева тізгіндеді. Бұл сессияда бірінші кезекте «Еңбек пен шығармашылықтың үйлесімі» туралы Абай атындағы Абай облыстық әмбебап кітапханасының директоры Мерей Қарт баяндама оқыса, екінші мәселе «Кітапханалар – креативті шығармашылық индустрияға кіру нүктелері ретінде» тақырыбында спикер Алматы кітапханаларына қарасты Қазақстан Жазушылар кітапханасының басшысы Мақпал Мұхаммедова кеңінен әңгімеледі.

Одан бөлек «Адами капиталды қалыптастыратын және білім экономикасын құратын әлеуметтік институттар жүйесіндегі кітапхананың рөлі» туралы Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі Қалдыгүл Досмағанбетова баяндады. Келесі сұрақ-жауап кезеңінде жиынға қатысушылар спикерлерге сауалдарын жолдап пікір алмасты.

Кітапханалық арт-менеджмент алаңы

Республикалық конференция жұмысы түстен кейін жаңадан ел игілігіне берілген Жамбыл аудандық орталық кітапханасында жалғасын т апты. Жиынды Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова жүргізді. «Ұлттық мәдени сұраныстары мен талаптарын қанағаттандыру жолындағы кітапхана қызметі» аталатын table talk а лаңында Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева кітапхана – білімге апаратын жол, кітапханалық қызметте заманауи тәсілдерді пайдалану, кітапхананың ақпараттық функциясы: ілім және заманауи тәжірибе туралы кең ауқымда баяндама жасады.

«Кітапхана – шығармашылық пен жаңартпалар алаңы» атты өлкетанулық SYNERGEIA әдістемелік кейс алаңында Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова өлкетану – кітапхана қызметіндегі әдеби кеңістіктің басты бағыты, кітапханадағы өлкетану жұмысы: бастамалар, әдістемелер, жетістіктер туралы және туған өлке – тұнған тарих: кітапхананың зерттеушілік қызметі жөнінде баяндады. Жиын қорытындысында кешке қатысушы зиялы қауым өкілдері Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының жұмысымен танысып, оң бағаларын берді. «Цифрлы қоғам және кітапхана» атты республикалық конференция – руханият пен заманауи технологияның өзара ықпалдастығын айқындаған маңызды алаң болды.

Жиын – кітапхана саласындағы жаңа көзқарастардың, идеялар мен тәжірибелердің тоғысқан орны десек, артық айтқандық емес. Кітапханашылардың кәсіби шеберлігін арттырып, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану жолдарын талқылаған іс-шара барысында заманауи кітапхана ісінің өзекті мәселелері кеңінен сөз болды. Бүгінгі ақпараттық ғасырда кітапханалар қоғамның мәдени, зияткерлік және білім кеңістігін қалыптастыратын жетекші институт ретінде жаңа серпін алуда.

Қатысушылардың баяндамалары мен ұсыныстары кітапхана қызметін жаңғыртуға, инновациялық тәсілдерді енгізуге және оқырманға қолжетімді ақпараттық орта құруға бағытталды. Әсіресе «Aulieata Library» мобильді қосымшасы секілді өңірлік бастамалар мен жаңа үлгідегі кітапханалар тәжірибесі саладағы оң өзгерістердің нақты дәлелі болды. Иә, уақыт ағымымен бірге кітапхана да жаңарып, цифрлық дәуір талабына бейімделіп келеді.

Дегенмен оның басты миссиясы – адамзаттың рухани байлығын сақтау, оқырманның таным көкжиегін кеңейту, ұлттың мәдени жадын келер ұрпаққа аманаттау – мәңгі өзекті. Сондықтан да бүгінгі конференция – өткеннің асыл мұрасын сақтай отырып, болашаққа бағытталған сенімді қадам болды.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ