Мәдениет

Дубайға жолдама жеңіп алды

Аудан орталығындағы Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығына қарасты «Hustle Dance» би үйірмесінің талантты бишілері Шымкент қаласында өткен «Nurai Fest» халықаралық би конкурсында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, аудан абыройын асқақтатып қайтты. Байқауда жас өнерпаздар төрт Гран При мен бір Супер Гран При иеленіп, әділқазылар мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ең бастысы, үздік өнер көрсеткен ұжым Дубай және Ташкент қалаларында өтетін келесі халықаралық байқауларға жолдама жеңіп алды.

Бүгінгі таңда заманауи би – жастар арасында кең таралған, рухани және физикалық дамуға ықпал ететін өнер түрі. Бұл бағыт тек би қимылдары ғана емес, жеке стиль, шығармашылық еркіндік пен өзін-өзі көрсету құралы ретінде де маңызға ие. Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығына қарасты «Hustle Dance» би тобы о сы бағытта табысты жұмыс істеп келе жатқан ұжымдардың бірі.

Үйірме қатысушылары хип-хоп, джаз-фанк, контемпорари, street dance сияқты жанрларды меңгеріп, түрлі деңгейдегі байқауларда өнер көрсетіп, жеңімпаз атанып келеді. Би тобы бүгінде облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейде де жетістіктерге жетіп жүр. Дарынды жастарды өнерге баулып жүрген топ жетекшілері – Даулет Агибаев пен Жандос Нұрланұлы олардың креативті ойлауын дамытып, техникасын жетілдіруге ерекше көңіл бөледі. Бірнеше халықаралық додалардың биігін бағындырған жеңімпаз «Hustle Dance» би тобының жетекшілері Даулет Агибаев пен Жандос Нұрланұлы жоғарыда айтып кеткен «Nurai Fest» халықаралық би конкурсында «Үздік жетекші» төсбелгісімен марапатталып, қаржылай сыйлыққа ие болды.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Талас ауданы