Бір ауданда бірде-бір кардиолог жоқ
Әулиеата өңірінде табиғи байлығы мол әрі даму әлеуеті жоғары аудандардың бірі – Талас. Мұнда әлеуметтікэкономикалық әлеуеттің дамуына өнеркәсіп салалары мен ауыл шаруашылығындағы ілкімді істер оң ықпалын тигізуде. Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аталған ауданға кезекті рет барып, жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды саралады. Ең әуелі тұрғындармен кездесу өткізген облыс әкімі таластықтардың талап-тілегіне құлақ түрді.
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесу өткізу туралы» Жарлығына сәйкес ұйымдастырылған жиынға өңірлік құқық қорғау органдары мен салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты. Аймақ басшысы басқосу барысында экономикалық көрсеткіштерге қысқаша тоқталып, облыс деңгейінде атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыстың жалпы өңірлік өнімі 1 триллион 550,6 миллиард теңгені құраған. Ал есепті кезеңде қысқа мерзімді экономикалық өсім 110,2 пайыз деңгейінде тіркелген.
Бұдан кейін аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков көпшілік назарына әрбір сала бойынша нақты мәліметтерді ұсынды. Ол өз сөзінде инвестиция, бөлшек сауда айналымы, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен ветеринария салаларына жеке-жеке тоқталып өтті. Атап өтейік, бүгінгі таңда тірлігі тіктелген Талас топырағында елді мекендерді газбен қамту жұмыстары әзірге толығымен шешілген жоқ. Мәселен, ауданда 23 ауылдың 17-сі газдандырылған. Ал Майтөбе, Қожағаппар, Қасқабұлақ, Есейхан, Қараой және Көктал ауылының тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр.
Аудан әкімі бұл бағытта жүйелі жұмыстар қолға алынып, газ тарату желісінің құрылысына байланысты жобалық-сметалық құжаттар әзірленгенін тілге тиек етті. Демек тұтас таластықтардың табиғи газды пайдалануының ауылы алыс емес. Кездесудің сұрақжауап кезеңінде тұрғындар тарапынан ветеринария мен газ тарту салаларына қатысты көкейкесті сауалдар жолданды. Сондай-ақ жергілікті азаматтар қала тазалығы, көшелерді жарықтандыру мен қоғамдық көліктердің жайына да алаңдайтынын жасырмады. Өкінішке қарай, қазіргі таңда мұнда бірде-бір кардиолог маман жоқ екен.
Бұған қоса ауданда УЗИ-ге түсіретін бір ғана дәрігер бар болып шықты. Ал майтөбелік азамат Қуандық Сатыбалдиев өзі тұратын елді мекенде салауатты өмір салтын ұстанатын өскелең ұрпақтың қатары күн өткен сайын көбейе түскенін алға тартып, облыс басшылығынан спорт кешенін салып беруді сұрады. Өз кезегінде әрбір сауалға жанжақты жауап берген облыс әкімі барлық мәселені шешу үшін қыруар қаражат қажет екенін жасырмады. Әйтсе де, ұлт саулығын негізге алған Ербол Қарашөкеев медицина саласына қатысты жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұл жұмыстарды келер аптада аймақ басшысының тапсырмасымен құрылатын арнайы комиссия зерделемек. Жиын соңында аймақ басшысы 20-ға жуық азаматты жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Сондай-ақ бұл күні облыс әкімі «Alina Group» серіктестігінің жұмысымен танысып, «Talas Investment Company» зауытының құрылысының екінші кезеңін көзбен көрді.
Сапар соңында Ербол Шырақпайұлы Бостандық ауылындағы дене шынықтырусауықтыру спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты. «Әль-Мансур» мердігер компаниясы құрылысын жүргізген ғимараттың жалпы құны 562,7 миллион теңгені құрайды.
Есен ӨТЕУЛІ
Талас ауданы