17 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойылды
6 қарашада Қазақстан Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Вашингтонға барды. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады. Сапар барысында Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамппен келіссөз жүргізіп, «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты.
Президенттер Ақ үйде келіссөз жүргізді
АҚШ Президенті Дональд Трамппен келіссөз жүргізген Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжай көңілі үшін Ақ үй басшысына ризашылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың президенттік лауазымының тарихи сипатына тоқталып, оның басшылығымен АҚШ әлемнің жетекші экономикалық, саяси және технологиялық державасы ретіндегі позициясын күшейтіп келе жатқанын атап өтті.
Қазақстан Президентінің айтуынша, Америка көшбасшысы жер жүзінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Мемлекет басшысы Қазақстан АҚШ Президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді. Соның ішінде келешекте Орта дәлізді одан әрі дамытуға ықпал ететін «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолына» (TRIPP) ерекше назар аударды.
Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен көпжоспарлы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті екенін раст ады. Сапар аясында Қазақстан мен Құрама Штаттары арасында жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды.
Әңгімелесу барысында екіжақты ықпалдастықтың кең көлемдегі мәселелері жанжақты талқыланды, өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективті бағыттары нақтыланды. Сонымен қатар президенттер халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үйде тарихи кездесу ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президентіне алғыс айтып, С5+1 форматындағы саммит шын мәнінде Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанына назар аударды. Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың халықаралық саясаттағы рөліне айрықша тоқталып, оны көрнекті мемлекет қайраткері деп бағалады.
Президент Қазақстанның Құрама Штаттармен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасасқанын айтты. Жалпы, Қазақстан мен АҚШ-тың энергетика, аса маңызды минералдар, өнеркәсіп, көлік, қаржы, жасанды интеллект, білім секілді негізгі салаларды қамтитын экономикалық әлеуеті жарты триллион доллардан асады. Президент америкалық компанияларды елімізде инвесторлар үшін жасалған оңтайлы жағдайды пайдалануға шақырды. Тіпті, оларға өзі қолдау көрсететінін жеткізді.
Aq jol-Aqparat