Әдебиет

Елжанды азамат еді

Абай хәкімнің «Толық адам» деген пәлсапалық қағидасы бар. Бұл жер басып жүрген әрбір пенденің физиологиясына емес, философиялық біліміне, парасат-пайымына, өмірлік ұстанымының биіктігіне берілген баға болса керек. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері «Құрмет» және «Парасат» ордендері, екі мәрте «Алтын Барыс» төсбелгісінің, Моңғол Халық Республикасының «Достық» орденінің иегері Жандар Кәрібаев хақында осы ұстанымдарды толық негізге алып, асыл ағаның ғұмырнамалық арнасын – тазалық, қарапайымдылық және терең білімді бір бойына жинаған тұлға ретінде баяндауға негіз болары анық. Керуен көші өтеді, өмір ағысы тоқтамайды, ал арнасының ағысы бөлек асыл ағалар жайындағы естеліктердің ескірмейтіні тағы анық.

Әлқиса, Жандар Кәрібайұлы туралы әңгімені баяндаудан бұрын, өз-өзіме «мен, ағаны қай кезден білемін?» деген сауал қойдым. Байқасам, екі мыңыншы жылдардың басында журналистикаға келгелі біледі екенмін. Осыдан он шақты жыл бұрын бір алқалы жиында Жандар ағамен қатар отырып қалғаным бар.

– Аға, өлең жазып жүрсіз бе, әлде қойдыңыз ба? – дедім, сыбырлап. Денесімен бұрыла қараған ағам «сен бала оны қайдан білесің?» дегендей, таңырқады. Жылдамдық танытқан мен, ағаның жауабын күтпестен: «Аға, газет-журналдардың тігінділерінен архивтік материалдар жинап жүретін әдетім бар еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында «Еңбек туында» «Сауыншы қызға» деген өлеңіңіз басылыпты. Содан кейін тағы біраз өлеңдеріңізді оқығаным бар», – дедім.

– Ә, иә бала кезде, кейін жігіттік желеңмен де жазылған біраз өлең бар. Ал мына сен айтып отырған өлеңді жазғаныммен, менің есімде қалмапты, – деген ағам, сонау жастық шағы есіне түскендей сәл жымиып, көзілдірігін сүртті.

Бұл менің Жандар ағаммен тілдесіп, пікірлесер сан сәттердің беташары болған әңгіме еді. Сыртынан ағаның бітім-болмысы, толқынды шаштары көрікті келбеті, сүйекті сөз саптауы, парасатты инабаттылығынан көп нәрсені ұғып жүрген мен үшін Жандар ағамен әр кез кездескен сайын енді ұзағырақ әңгімелесіп тұрып қалу тұрақты әдетке айналды. Сондай бір кездесуде: «Мына Талас ауданында Сейілбек Әбдиев деген қария өткен. Өзі шаруашылықтың білгірі, елдің айтуынша «бүлік шығарып жүретін ел ішіндегі бұзықтарға, былайша асауларға айқайлатпай тұсау салатын» көрегенді кісі еді. Облыстық партиялық жиындарда жолығып тұрушы едік. Сол кісіге жақындығың бар ма?» – дегені.

– Иә, аға сол кісінің немересімін, – дедім атам туралы жылы лебіз естіп.

– Маған ол кісі туралы Мырзатай Жолдасбеков айтатын. Сейілбек Мырзатайға сабақ берген екен. Біраз әңгімесі есімде қалды, кейбірін ұмыттым. Айналайын, сондай атпал азаматтардың өнегесін көрудің өзі бақыт. Тектілік қанмен келеді дейді. Тектілік тәрбиемен де келеді, – деп батасын берген еді. Қайбір жылы Тәкен Молдақынов аға 70 жас мерейтойын атап өтті. Той тізгінін мен ұстайтын болдым. Қуанышты бөлісуге ерте келген Жандар Кәрібаев ағаммен қонақтар келгенше сөйлесіп отырмыз.

– Біздің буын мықты болды. Неге десең, еңбекте ысылған, күні бойы жарты құрсақ аш жүрсек те, намысқа тырысып бақтық. Ата-анамыздың арманын адал орындауға құлшындық. Олай етпеуге мүлдем болмас еді. Білесің бе? Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық, нәубет, кейін соғыс қандай қасірет әкелді ұрпаққа. Ашаршылықта ұрпағым аш болмасын деген ер азаматтар сайын далада аштан өлді. Сонда далада ақ сүйек болып шашылған құрбандардың қайсысы ерінің мүрдесі екенін білмей аһ ұрған қазақ әйелдерінің мықтылығы, күрескерлігі, ерлігі аман алып қалды ғой ұрпақты. Ал соғысқа аттанған ерлердің қаншамасы майдан даласында қалды?! Шерхан Мұртазаның «Сонда қырылған, мерт болған қаншама еркектің белінде қанша ұрпақ кетті» деп зар қаққаны тегін емес еді. Бір – құдірет бар! Ол – сондай зобалаңды, азапты жылдардың ұрпақтарын аман-есен алып қалған аналардың құдіреті! Қазақ әйелінің құдіреті! Менің анам – Әміреқыз адуынды кісі еді. Бірақ, жүрегі жұмсақ, қарапайым болатын, – деп тебіренгені жадымда қалыпты.

 Мен сол кезде ағаның әңгімесі аяқталмаса екен деп отырмын. Оған той уақыты қарай ма? Тағы да бір тілдесермін, әңгімелесермін деген үміт қалды көңілде. Содан бері біраз жыл өтіпті. Жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ, көңілі көктем Жандар Кәрібаевтың да өмірден өтіп кеткеніне бес жыл артта қалыпты. Жандар аға жайлы біраз естеліктер жазылды. Естеліктерді оқи жүріп, Жандар ағаның анасы Әміреқызға жан-тебірентер жазбаларымен естелік қойғанын аңғардым.

Бұл құбылыс адамзатқа тән құбылыс. Арыға бармай, берінің өзінде жазушылар – Шерхан Мұртазаның анасы Айша, Балтабай Адамбаевтың анасы Бибіш туралы жазған естелік-эссе, әңгімелері де осыған дәлел болғандай. Кісілік – кішіліктің мектебі. Жандар Кәрібаевтың қайраткерлік, мемлекетшілдік жолы да үлкен мектеп. Талай қызметтің тізгінін ұстап тұрса да, мен деп кеуде соқпаған, арнасынан аспай ағатын, алдына қойған мақсатына асықпай жететін «келісімді өмір ағысы» – ол кісінің тұлғасын тіпті биік ете түсті.

Қандай жиын болмасын, Жандар ағаның төбесі көрінсе қадірін, қоғамшылдығын, болмыс-парасатын білген көпшілік төріне шығарды. Ал мұндай құрметке жету – адал жолынан танбаған асыл азаматтың ғана қолынан келері тағы анық. Жандар Кәрібаев – еліміздің Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары қайта қалпына келуіне, ел тұғырын түзу жолдан айнытпауға, әлемдік аренада Қазақстан сынды зайырлы мемлекеттің қалыптасуына тер төккен азаматтың бірі.

Алғаш рет 1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Жамбыл облысынан депутат болып сайлануы – бұл Жандар Кәрібайұлына ел сенімінің берген әділ бағасы болатын. Мұндай жауапкершілікті алып жүру, ел мүддесін өз мүддесінен биік қоя білетін қайраткердің мемлекетшілдік, отаншылдық қасиеттерін жани түсті. Ол 1997 жылы депутаттыққа қайта сайланып, 2003 жылға дейін Сенаттың аймақтық даму және өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты Комитетінің хатшысы қызметін атқарды.

1998-2003 жылдары ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясының мүшесі ретінде аграрлық комитетте модельдік заңдарды қабылдауға атсалысты. Ал 2003-2009 жылдары «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы президентінің қоғамдық іс-қағаздарына мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі кеңесшісі болды.

2009-2012 жылдары Астанада Президенттік Мәдени орталығында жетекші ғылыми қызметкер ретінде «Тәуелсіз Қазақстан» сериясы туындысының 35 томдығын шығаруға атсалысты. «Құрмет» орденінің иегері Жандар Кәрібайұлының өнегелі өмір жолы, елмұратты ойлары, елжанды қасиеттері, идеолог ретіндегі пайымдары кейінгі ұрпаққа үлкен өнегелі жол болып қалмақ. Өйткені, жақсының жақсылығы, қарапайымдылығы мен қоғамшылдығы, мейірімі мен мемлекетшілдігі, отансүйгіштігі – тұлғалық келбетін қалыптастыратыны өміршең қағида.

Жандар Кәрібайұлы өмірден өткеннен кейін асыл жары Халима Бекмырзақызының жинақтауымен 2021 жылы ағаның «Тәубе» кітабы жарық көрді. Иә, кітаптың атауы айтып тұрғандай, оның үстіне Дінмұхамед Қонаевтың «Мен қанша биікке шықтым, бірақ халқымнан төмен болдым» деген өмірлік қағидасын еске салғандай, Жандар аға қарапайым еді. Кітапты оқып шықтым. Түйгенім, ел үшін аянбай еңбек етіп, тәулікпен санаспайтын сәттерде, тынымсыз тіршілікте қаламын жанына серік еткен асыл ағаның айтар ойы, ата-анасы мен асыл жарына, замандастарына деген алғысы, ұл-қызына аманаты – өмір өткелдерінде жүрегіне жазылып, тілегі болып төгіліп келген тәубешілғұмырнамасы екен. Кітапты оқып шықсаңыз, бір тамаша мизам күй кешесіз.

Жандар Кәрібайұлының тұлғатанудың тарланы екенін Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелдиев туралы жазбаларынан анық көруге болады. Бұл азаматтардың қайсысы болмасын, елжандылықты, елмұраттықты, елтұтқалықты, елдікті мұрат еткен қайраткерлер. Жанында жүріп тілдесіп, биік мінберлерде пікір таластырып, қайшылық құбылыстарында мәмілеге келіп, өмірлік мұраттарына адал болған болмысы бөлек жандармен сырласу, сыйласу бар. Ал осы азаматтардың биік белесі мен алған асуын жазу, келбеткескіні жайлы қалам тербеу екінің бірінің қолынан келмес дүние. Жандар Кәрібайұлы – тұлғатану танымында бұл аманатқа да адалдық танытты. Тұлғатану ғылымына жаңа бағыт сілтей отырып, өзі де ұлт тұлғасына айналды.

Ендігі ұрпақтың парызы – Жандар Кәрібайұлы тақырыбында тұлғатану ұғымына бойұсыну.

Тіпті, Кеңес Үкіметі тұсында ешнәрседен қаймықпай ұлттық құндылықтарды алға шығара білген рухты азамат Өзбекәлі Жәнібеков, Екейбай Қашағановтың ұстанымынан айнымаған Жандар Кәрібайұлы ұлт идеологиясына, рухына адал болған қайраткер. Ол – қазақтың тектілігін, асыл қасиетін, өнерлі халық екендігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, тілін, дінін, арғыбергі тарихын таразылауда уақытпен санаспай, тынымсыз тындырымды еңбек етумен ғұмыр кешті. Жандар Кәрібайұлы қазақтың басына қонған Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынанақ жаңа заманның, жаңа Қазақстанның қандай боларын жүрек көзінен өткізіп, көңіл сүзгісімен таразылай алды. Сол үшін де ұрпағына ұран болар сөз қалдырды. Әне бір жылы сырқаттанып, облыстық аурухананың «партактив» бөліміне жатқаным бар. Күніге таңғы және кешкі уақытта Жандар ағаға кездесіп тұрамын. Аурухананың үлкен дәлізінде хал сұрасып, амандасып, әңгімелесіп қаламыз.

– Ем алып жүрсіз бе, аға? – деймін.

– Жоқ, мұнда Халима апаң ем алып жатыр еді, соған келген едім, – деп күлімдеген ағам келесі палатаның есігін ашады.

Бұл жағдай күнде қайталанып тұрды. Ары-бері өткенде ағаның Халима апайдың қолын алып, сипалап отырып әңгімелесіп отырғанын көремін. Қандай әдемі көрініс, қандай жүрекке жылы сәт! Есіме Сейілбек атам түсті. Атам зейнетке шыққан соң Мадира апам екеуі Алматыда санаторийде демалып жатқан болатын. Студентпін. Уақыт тауып барып тұрамын. Бірде, Мадира апам сырқаттанып қалыпты. Барған сайын жанында атам отырады. Қолын алып сипап, әдемі әзілімен жарасқан әңгімелерін бөлгім келмей осы көрініске ұзақ сүйсініп қараушы едім. Жоғарыдағы көрініс осыны еске түсіргені.

Жарасқан қос жақсы, бір ғұмыр деген осы болар! Жандар Кәрібайұлы Халима апаймен өнегелі ұрпақ тәрбиеледі. Ұлқыздары – Динара, Жеңіс, Мұқашқали ата-ана аманатына адал, парасатты ұрпақ болып, ел алдында абыройлы еңбек етіп жүр. Немерелері де биікбиік мінберлерден төбе көрсетуде.

Қолыма «Тәубе» кітабын алдым. Парақтап отырып, әр бетіне үңіле түсіп мұндағы асыл ағаның жазбаларынан бөлек, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ел азаматтары, көзкөргендер мен ұрпағының естеліктерінен Жандар Кәрібайұлының азаматтық ажары одан сайын ашыла түскенінің куәсі болдық. «Таулардың алыстаған сайын биіктей түсетіні...» осы шығар шындығында.

 

Ерман ӘБДИЕВ