Адамныңөзін жоғалтып алуы демде...
Өмір жолы бұралаң. Өмір ақ пен қарадан тұрады. Адам баласы өмір бойы тіршілік етіп, дүние жинап, ұрпақ өрбітіп, енді жеттім бе дегенде аяқ астынан бір бақытсыздықтың тап бола кететіні бар.
Ақпарат құралдарынан күн сайын жол апатынан қайтыс болғандар туралы оқимыз, көреміз. Тіпті екі көлік соқтығысып, бірнеше адам жол үстінде бақилық болатын қайғылы оқиғалар орын алады. Бірақ өмірден түйгенім, адамның басына қандай жамандық түссе де, ең бастысы сабыр етіп, тағдырға мойынұсыну керек екен. Жақында полицияда жұмыс істейтін азаматпен әңгімелесіп қалдым.
Осындай жағдай менің де басымнан өтті. 2006 жылы Серік деген балам Еркін деген досының үйінде бір шаруаға жәрдем беріп жүргенде көлік қағып кетіп, қайтыс болды. Екі ұлдың арасында 5 қызым бар.
Әйелім «Бес қыздан кейін көрген Серігім еді» деп қатты қайғырып, кейін сабырға келген-ді. Серік баламның үйіндегі келін де бір баланы дүниеге әкелгеннен кейін денсаулығы болмай жүрген еді. Ақыры жолдасының қайғысын көтере алмай, Тараз қаласындағы ауруханалардың бірінде қайтыс болды. Арада он жыл өткенде үлкен балам да кісінің қолынан қаза тапты. Үлкен баламның қазасы тіптен есеңгіретіп кетті. Ақырында сол күйік жұбайымды да алды.
Міне, өмір деген осы екен. Алланың жазғанына қарсы тұра алмайсың. Адам баласының басына қандай қиыншылық түссе де сабыр етуі керек. Сол қайғыны жеңуге ұмтылуы қажет екен. Әйтпесе адамның өзін жоғалтып алуы демде...
Әшен ҚЫРҒАБАҚҰЛЫ
еңбек ардагері.
Меркі ауданы