Құқық

Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы

24,5 миллион теңгенің малын ұрлаған топ басшысы 7 жылға сотталды

Талас ауданы полиция бөліміне осы аудан тұрғындарының шаруа қожалықтарына тиесілі түйе, жылқы және сиыр малын ұрлау фактілері бойынша бірнеше арыз түскен. Прокуратураның үйлестіруімен облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасы және Талас аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде өңірде мал ұрлығын кәсіп еткен топтың әрекеті әшкереленді. Талас пен Мойынқұм аудандарының 42, 48, 33 және 30 жастағы бес тұрғыны алдын ала сөз байласу арқылы 2024 жылғы ақпаннан бастап бір жылдан астам уақыт бойы жайылымдардан 38 бас түйе, 16 бас жылқы және 1 бас сиырды заңсыз иемденген. Келтірілген жалпы материалдық шығын – 24 миллион 550 мың теңге. Тергеу барысында ұрланған малдың басым бөлігі табылып, иелеріне қайтарылды. Барлық фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 188-1-бабымен («Мал ұрлығы») сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды. Сот үкімімен қылмысты ұйымдастырушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды, ал оның үш сыбайласына 3 жылдан шартты түрде, біреуіне 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Көші-қон заңнамасын бұзудың 510 дерегі анықталды

Облыста заңсыз көші-қонға жол бермеу мақсатындағы «Заңсыз келуші – 2025» жеделпрофилактикалық іс-шарасы өткізілді. Полиция қызметкерлерімен көші-қон заңнамасын бұзудың 510 дерегі анықталды. 477 адам жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, 385 ТМД елдерінің азаматтары, ал 92 азамат алыс шетелден келген. Сонымен қатар шетел азаматтарының елде болу мерзімін бұзуына жағдай жасаған 125 қазақстандық жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 33 қазақстандық жауапкершілікке алынды. Сот шешімімен 125 шетел азаматы елден шығарылды. Жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде қылмыстық істер де тіркелді. Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту дерегі бойынша екі және заңсыз көші-қонды ұйымдастыру бойынша бір қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек, мемлекетаралық іздеуде жүрген үш шетел азаматы ұсталды. Полиция қызметкерлері шетелдік жұмысшыларды инвестициялық жоба ретінде көрсетіп, заңды айналып өткен компанияларды да тексеруде. Кінәлілер жауапкершілікке тартылды.

Қабырғалардағы граффитижазбаларды өшірді

Облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ өкілдерімен, нашақорлықтың алдын алу жөніндегі кеңестің мүшелерімен және волонтерлермен бірлесіп «Есірткісіз болашақ» атты акция өткізді. Сонымен қатар іс-шара барысында «Таза Қазақстан» акциясы өткізілді. Қатысушылар тұрғын үйлер мен ғимараттардың қабырғаларындағы есірткі сату туралы ақпарат беретін тыйым салынған интернет-ресурстарға сілтемелер бар граффити-жазбаларды өшірді. Қазіргі уақытта аталған интернет-сайттар бұғатталды. Осындай жазбаларды жасаған және таратқан тұлғаларды анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Есірткі заттарын насихаттайтын немесе олар туралы заңсыз жарнама тарататын граффитилер салу – Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы бойынша қылмысқа жатады. Аталған бапқа сәйкес, кінәлі тұлғалар 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, ал қылмыс алдын ала сөз байласқан адамдар тобы тарапынан жасалса – 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар, есірткі заттарын «жасырын салымдар» (закладка) арқылы таратумен айналысатын тұлғалар ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Бұл бап бойынша жаза 5 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді, ал егер есірткі оқу орындары аумағында сатылса – өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Облыстық Полиция департаменті өңір тұрғындарын ұлт денсаулығына және жас ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін бұл мәселеге бейжай қарамауға шақырады.

66 килограмм есірткіні тасымалдау әрекетін тоқтатты

«Қарасора-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және патрульдік полиция қызметкерлері «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 583-шақырымында «Ауди-100» маркалы автокөлікті тоқтатты. Көлікте көрші облыстардың екі тұрғыны – жүргізуші мен жолаушы болған. Қызметтік ит Баронның көмегімен көлікті тексеру кезінде артқы орындықтан 3 қап, ал жүк салғыштан ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған 9 қап табылды. Сараптама нәтижесінде алынған заттың жалпы салмағы 66 келі болатын «кептірілген марихуана» есірткі заты екені анықталды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігімен(Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату) сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ер адамдар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұстау облыстық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілді.

Сот Таразда сәулет тапсырмасын беру кезінде бұзушылықтарды анықтады

Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Т.-ның Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөліміне қатысты талап қоюы бойынша әкімшілік істі қарады. Талап қоюшы Тараз қаласы көшелерінің бірінде аспаздық-дүкен мен қонақ үй құрылысының эскиздік жобасын келісу және сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) беру бойынша жауапкердің әрекетін заңсыз деп тануды сұрады. Талап қоюшы өз арызында жауапкердің талап қоюшының тұрғын үйінен салынып жатқан объектіге дейінгі арақашықтықты сақтамағанын, талап қоюшының іргелес жер пайдаланушы ретінде келісімі жоқ екенін көрсетті. Сот СЖТ заңнаманың талаптарын бұза отырып берілгенін анықтады, өйткені жоспарланған құрылыс қаланың бекітілген бас жоспары мен жоспарлау жобасына сәйкес келмейді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің маманы аталған учаскедегі құрылыс құжаттамада көзделмегенін растады. Сонымен қатар сот жауапкер құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары талап ететіндей ұсынылған құжаттарды тексерудің толықтығын қамтамасыз етпегенін атап өтті. Ұсынылған барлық дәлелдемелерді қарап шыққаннан кейін, сот талап қоюды қанағаттандырды – сәулет бөлімінің сәулетжоспарлау тапсырмасын беру жөніндегі әрекеттерін заңсыз деп таныды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Талдың көлікке құлауынан келтірілген залал сомасы өндірілді

Тараз қалалық соты С.-ның қала әкімдігінің Тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қатысты материалдық залалды өндіріп алу туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады. 2025 жылдың наурызында талап қоюшы өзінің «HYUNDAI i20» маркалы көлігін басқарып, қиылыстың бағдаршамына тоқтады. Осы сәтте талап қоюшының көлігіне талдың үлкен бұтақтары құлады. Сарапшының қорытындысына сәйкес автокөлікті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының құны 1 млн теңгені құрады. Талап қоюшы соттан жауапкерден жалпы сомасы 1,1 миллион теңгеден астам материалдық залалды, мемлекеттік бажды және өкілдің қызметтері үшін шығыстарды өндіріп алуды сұрады. «Қазгидромед» мәліметтеріне сәйкес, сол күні желдің ең жоғары жылдамдығы 31 метр/секунд құрады. Жауапкер келтірілген залалды өтеу үшін бюджеттен қаржы ресурстары көзделмегенін және оқиға форс-мажор болып табылатынын айтып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Сақтандыру компаниясының өкілі сотта ағаштың құлауы сақтандыру оқиғасы болып табылмайтынын түсіндірді. Сот процеске қатысушылармен оқиға орнына көшпелі сот отырысын өткізді. Сондай-ақ, сотқа талап қоюшының көлігіне ағаш құлаған сәттің бейнежазбасы ұсынылды. Жауапкердің форсмажорлық жағдайлардың басталуы туралы дәлелдерін растайтын дәлелдер ұсынылмады. Осылайша, сот іс бойынша барлық материалдар мен дәлелдемелерді зерттеп, талап қоюды қанағаттандырды. Жауапкерден азамат С.-тың пайдасына 1,1 миллион теңгеден астам сома өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді.

100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартты

Тұрар Рысқұлов аудандық соты азаматтар К. және С.-ға қатысты заңсыз кірумен жасалған ұрлық фактісі бойынша қылмыстық істі қарады. Сотталушылар К. және С. 2025 жылдың тамызында Көкдөнен ауылындағы үйлердің біріне заңсыз кіріп, жәбірленушіге тиесілі тұрмыстық техниканы жасырын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген залалдың жалпы сомасы 177 мың теңгені құрады. Сотталушылардың кінәсі сотталушылардың, жәбірленушінің айғақтарымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді. Прокурор сотталушыларға 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініп, келтірілген залалдың толық өтелгенін айтты. Жәбірленуші залалды өтеу фактісін растады және сотталушыларға бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінің 3)-тармағының санкциясы мүлкі тәркіленіп 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Сот кінәні мойындауды, сотталушылардың жағымды сипаттамаларын және жәбірленушінің кешірімін жеңілдететін мән-жайлар ретінде анықтады. Сот үкімімен К. және С. ҚК 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды және оларға 3 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар сот екеуін де жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартты. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

Оралхан ДӘУІТ