Жол-көлік оқиғасы неге көп?
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің бізге берген мәліметтеріне қарағанда 2025 жылдың 9 айында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолкөлік оқиғаларының алдын алу бойынша бірқатар іс-шаралар атқарылып жатқанына қарамастан, көрсетілген кезеңде жол-көлік оқиғаларының саны 27,3 пайызға көбейген. Ал онда қаза болғандар саны 1,8 пайызға азайды.
Талдау көрсеткендей, былтыр республикалық маңызы бар тас жолдарда өсім болса, ал биыл елді мекендердегі жергілікті маңызы бар және көше жол желісінде жол-көлік оқиғалары көбейген. Облыс аумағында талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – белгіленген жылдамдық режимін асыру, қарсы қозғалыс жолағына шығу, көлік құралдарының техникалық ақаулығы және жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жердің жол бөлігінен өтуі болып табылады.
Жүргізілген талдауға сәйкес, көлік жүргізушілерінің белгіленген жылдамдық режимінен асып кетуі, қарсы қозғалыс жолағына шығуы, көлік құралдарының техникалық ақауы болып табылатынын көрсетті. Яғни, көлік құралдарының 70 пайыздан көбі 20 жылдан асқан. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғаларының жиілігі мен қозғалыс қарқындылығы бойынша жүргізілген мониторингке сәйкес, жолдардың белгілі бір учаскелерінде рейдтік іс-шаралар мен тексерулер жүргізу мақсатында, ПД ЖПҚБ және ӘПБ аппараттарының қосымша күштері мен құралдары жұмылдырылуда. Облыс аумағында, оның ішінде қалалық және жергілікті маңыздағы автожолдарда жол-көлік оқиғалары санын азайту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында биыл тағы үш «Автоураган» стационарлық кешенін сатып алу жоспарланған.
Бұған қоса, шетелдік тәжірибе негізінде «Крис-П» (үшаяқты) кешендерін сатып алу жұмыстары жүргізілуде, бұл кешендер кейін облыс жолдарына орнатылып пайдаланылатын болады. Қосымша түрде жол-көлік оқиғаларының санын азайту бойынша түбегейлі шаралар қабылдау мақсатында, қосымша 10 мобильді «Екин Патруль» (радар) аппараттықбағдарламалық кешені алынды, қазіргі уақытта олар сынақ режимінде жұмыс жасауда. Ағымдағы жылы, жол қауіпсіздігін айтарлықтай арттыру мақсатында 10 дана «Парк-Райт» аппараттық-бағдарламалық кешені алынды.
Бұл кешендер автожолдарда жасырын патрульдік бақылау жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін полиция қызметкерлерінің тікелей араласуынсыз тіркеуге мүмкіндік береді. Оның нәтижесінде, 26 000-нан астам жол ережесін бұзу деректері тіркелді. Сонымен қатар аса қауіпті жол учаскелерінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Нәтижесінде 3000-нан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оның ішінде 92-і қарсы қозғалыс жолағына шығу деректері анықталды. Облыс аумағының қала сыртындағы автожолдарының 12-учаскесінде жол-көлік оқиғаларын азайту және жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру мақсатында, демалыс алаңдары маңында жолды тарылту әдісі қолданылуда. Бұл шара – қала сыртындағы трассаларда апаттылықты төмендетуге және жүргізушілердің шаршауына, тынығып алуына және рөлде ұйықтап кетпеуін алдын алады.
Бұдан бөлек, түнгі сағат 00:00-ден таңғы 09:00- ге дейін жүргізушілермен профилактикалық жұмыс жүргізіледі: түсіндіру жұмыстары өткізіліп, қажет болған жағдайда жүргізушілер арнайы жабдықталған алаңдарда тоқтап демалады. Бекеттерде жүргізушілерге «Антиұйқы» деп аталатын арнайы құлаққаптар таратылады. Бұл құрылғылар – жүргізушінің ұйықтап кетуінің алдын алады. Құлаққаптар дыбыстық сигналдар мен дірілдету арқылы сергектікті арттырып, жүргізушінің белсенділігін сақтауға көмектеседі. Қабылданып жатқан бұл шаралар жолкөлік оқиғаларын азайту мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған және облыс жолдарындағы жол-көлік оқиғалары жағдайына оң әсер етеді деп күтілуде.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың басынан 517715 құқықбұзушылық анықталды, оның ішінде полиция қызметкерлерімен 194 542 хаттама толтырылды. Оның ішінде 833 жүргізуші мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін ұсталды және жылдамдық режимін бұзған 284 мың 839 дерек анықталды, 4544 автокөлік айып тұрағына қойылды.
Скутерлер мен самокаттардың жүргізушілерімен жұмыс қарқынды жүргізілуде, оларға қатысты 942 әкімшілік хаттама толтырылып, 411-і айып тұрағына қойылды. Жыл басынан 1794 бірлік мопед тіркеуге қойылды. Жол жүру ережесін бұзуды автоматты түрде анықтайтын 190 аппараттық-бағдарламалық кешендері жұмыс атқарады. Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Сергек» аппараттықбағдарламалық кешендері жұмыс жасауда. 22 жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді, олардың нәтижелерімен 81 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері анықталды.
Полиция департаментімен жол-көлік оқиғаларына жүргізілген талдау негізінде, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жалпымен тұтынылатын автокөлік жолдарына 36 үй жануарларының және 12 стробоскоп орнатылған патруль автокөліктерінің макеттері орнатылды, оған қоса 21 жол учаскесіне стороскоптар орнатылды. Сонымен қатар, апатты-қауіпті болып танылған жол учаскесіне 200 метр роликті қысық сызықты брустар орнатылып, өздігінен аударылу қауіпі жоғары жол учаскесі қауіпсіз етілді.
Бұдан бөлек, қабылданған шаралар негізінде жолданған нұсқамалар бойынша автожолдарға 721 жол белгісі, 10 бағдаршам нысаны орнатылды, 12456 шақырымдағы жол таңбасы жаңартылды, 11721 шаршы метр ой-шұқырлық жамалды, 31 жол буферлері жаңартылды, 3521 сигнал бағаналары, 6200 жарық қайтарғыш катафоттар, 4340 метр қисықсызықты брус, 730 метр жасанды бұдырлық қалыпқа келтірілді, 9 жол учаскесіне жыпылықтайтын маяктар, елдімекен сыртындағы автожолдарда 53 жол учаскесінде шулы жолақтар жаңартылды.
Оралхан ДӘУІТ