«Ақпарат аламанына атой салып келген «AR-AI» бағытынан айныған емес»
Облыстық «AR-AI» жастар газетінің ақпарат айдынына жол тартқанына биыл 20 жыл толып отыр. Біле білгенге бұл да бір белес, бұл да бір тарих. Осы орайда облыстық «AR-AI» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбековпен сұхбаттасқан едік. Әңгімеміздің әлқиссасы басылымның өткені мен бүгіні туралы өрбіді.
– «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «AR-AI» газетінің ақпарат айдынына келіп қосылғаны күні кеше сияқты еді. Көзді ашып-жұмғанша 20 жыл уақыт өте шығыпты. Әрине, қандай жұмыс болса да өздігінен іске аспайды. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, «AR-AI» газетінің өмірге келуіне де ел ағалары ерен еңбек сіңірді. Барлығымызға белгілі, 2004 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданды. Облыстық жастар ресурстық орталығы құрылып, іске кірісті. Осы орайда «Жастардың өз газеті болуы керек» деген ұсыныс айтылып, алғашқы қадамдар жасалды. Облыстың сол тұстағы әкімі Бөрібай Жексембин арнайы қаулы шығарып, айрықша қолдау көрсетті. Барлық ұйымдастыру шараларын ішкі саясат департаментінің басшысы Масат Берік пен алғашқы бас редактор Болат Бекжанов ұтымды үйлестіре білді. Өзіңіз жақсы білесіз, бастапқыда редакцияның штаттық бірлігі, ғимараты, қызметтік көлігі, құралжабдықтары болған жоқ. Алғашқы лездемелер облыстық әкімдіктің алдындағы алаңда өтіп жүрді. Жұмыс істеуге шақырылған мамандар 3 ай жалақы алмай еңбек етті. Газеттің тұңғыш нөмірі дизайнер Асыл Қартабаеваның үйіндегі өзінің жеке компьютерімен дайындалды. Басылым 2005 жылдың 20 тамызында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тізіміне енгізілгенімен алғашқы нөмірі 13-қазанда оқырманға жол тартты. Міне, жастар басылымы осылай өмірге келді. Газеттің «AR-AI» деп аталуының да өзіндік мән-мағынасы бар. Ол туралы Масат Әшімұлы өзінің естелігінде: «Жастар газеті болғандықтан, оның атауының да өскелең ұрпақтың жүрек бұлқынысы мен тілек ұмтылысына сайма-сай келуін ерекше ескергеніміз есімде. Кезекті бір ой-пікір бөлісу кезінде Болат Бекжановтың «AR-AI» деген ұтқыр ұсынысы қолдау тауып, өмірге жолдама алды. Ондағы ойымыз – «AR-AI»-ымыз асқақ армандарға қызмет етсе екен, өзінің аты айтып тұрғандай, жас ұрпақтың арын биік ұстауына, аппақ айдай таза болуына, айналасына арайын төгіп, шұғыласын шашып тұруына ықпал етсе екен деген ізгі ниет болатын» деп анықтама берген-ді. Басылым о баста «Жамбыл облысы әкімияты ішкі саясат департаментінің облыстық «AR-AI» газетінің редакциясы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны болып құрылды. 2012 жылы «Жамбыл облыстық «АРАЙ» газетінің редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып тіркелді. Ал 2020 жылы «Жамбыл облыстық «АРАЙ» газетінің редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі таратылып, басылым жаңадан құрылған «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына қосылды. 20 жыл ішінде редакцияда 100-ден астам адам еңбек етті. Сонымен қатар осы уақыт аралығында басылымның 1233 нөмірі оқырманға жол тартып үлгерді. Бүгінде жастар басылымы аптасына екі рет, сәрсенбі және жұма күндері жарық көруде.
– Тұрсынбек Темірланұлы, «AR-AI» айтары бар жастар үшін ашық мінбер. Оқырман тарапынан осы сөзді жиі естиміз. Жастар газетіне мақала жазып жүріп, мемлекеттік қызметке ауысқан жастар көп болды. Басылым небәрі 20 жылдық тарихында талай жастың жолын ашты. Осы жайлы тарқатып айтсаңыз.
-Сөз жоқ, «Ar-Ai» газеті «Жанам деген жүрекке от беріп», талай жастың жарқырап көрінуіне жағдай жасады. Басылым екі онжылдықтың бедерінде көптеген таланттың тұсауын кесіп, шығармашылығын шыңдаған шеберханаға айналды. Бүгінде есімдері елге белгілі қаламгерлердің де біздің редакцияда қызмет атқарғанын мақтанышпен айтамыз. Олардың қатарында «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Азамат Есалы, мәдениет саласының үздігі Есет Досалы, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс, облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман, белгілі блогер Өркен Кенжебек, ақын, Жазушылар одағының мүшесі Нұржан Қадірәлінің орны бөлек. Облыстың бас басылымы «Ақ жол» газетінде абыройлы еңбек етіп жүрген әріптестеріміз Марат Құлибаев, Қамар Қарасаева, Эльмира Байназарова «AR-AI»-дың арайлануына лайықты үлесін қосқан жандар. «Tekturmas» журналының бас редакторы Маржан Рақай, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының басшысы Нұржан Мергенбай, ҚР Президенті Әкімшілігі баспасөз қызметінің сарапшысы Шынболат Күзекбаев, ел газеті-«Егеменнің» қызметкерлері Жасұлан Сейілхан, Табиғат Абаилдаев, республикалық «Жас Алаш» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек, мемлекеттік қызметшілер Тұңғыш Жанұзақов, Ерболат Пәрмеш, Болатжан Ахтанберді, «Orda Life» Youtube-арнасының жетекшісі Серік Жолдасбай, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің бас редакторы Саятхан Сатылғанов, осы басылым бас редакторының орынбасары Мұратхан Әлімхан, облыстық полиция департаментінің аға жедел уәкілі Құндыз Бөгенбаева, республикалық «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Шапағат Әбдір, «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі цифрлық контент орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Рахымбай, облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының бөлім басшысы Фариза Кенжебаева, «Amanat» партиясы облыстық филиалы баспасөз қызметінің жетекшісі Шынболат Сейдуалиев, Қордай аудандық мәдениет үйінің директоры Елдар Боранбек, тағы да басқа көптеген әріптестеріміздің жастар басылымында өзіндік қолтаңбасы бар. «AR-AI» жастар орталықтарымен қанаттаса жұмыс істегендіктен көшбасшылардың да қалыптасуына септігін тигізді. Алғашқы сұхбаттары, азаматтық ой-толғамдары осы басылымда жарық көрген жандар мемлекеттік қызметте сатылап өсіп, бүгінде маңызды құрылымдарда жауапты қызметтер атқарып жүр. Олардың қатарында Мадияр Орынбаев, Дәурен Қаипов, Ерлан Байқұлов, Әлия Арзымбетова, Гүлсара Мұхтарқұлова, Бауыржан Мөрбек, Саят Төлепбергенов, Жанәділ Оспанов, Уалихан Болатбек, Серікбол Берікқожа, Исламбек Дастан сынды азаматтардың есімдерін ерекше атап өткен ләзім.
– Осы жастар газетінде облыс журналистикасының атасы Әлдихан Қалдыбаев ұзақ жыл еңбек етті. Қоғам қайраткері Әлмұхан Исақов, Жамбыл педагогикалық институтының ректоры болған Қуандық Тұрдалин деген кісілер тұрақты автор болды. Бәрі қазір өмірде жоқ. Осы кісілердің рухына редакция тарапынан қандай құрмет жасалуда?
– Дұрыс айтасыз, газет қашанда оқырманымен ғұмырлы, авторларымен тұғырлы. Десек те, жастар басылымының мазмұнын байытуға барын салған алдыңғы толқын ағалардың келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне аттанып кете барғаны жанымызды жабырқатады, көңілімізді құлазытады. «AR-AI» газетін өз перзентіндей көріп, жаңа ұжымды қалыптастырған, әрбір жастан үлкен үміт күтіп, тәлім-тәрбие берген Болат Үмбетәліұлы да бұл күнге жете алмады. «Балалар әдебиетінің бағбаны» атанған Әлдихан Қалдыбаев та редакцияда қызмет атқара жүріп, әрбір жасқа әкелеріндей қамқор болды. Өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, өнеге көрсетті. Әттең, қазыналы қаламгерден көз жазып қалдық. Ұжымда еңбек еткен Телғара Үсенбайұлы, жастар басылымы ашылғанда ақ баталарын берген қазақ баспасөзінің корифейлері Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосын, арқалы ақын Жақсылық Сәтібеков, дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаев, тың тақырыптарды қаузаған тұрақты авторлар Әлмұқан Исақ, Қуандық Тұрдалин, қарымды қаламгерлер Мақұлбек Рысдәулет, Мейрамбек Төлепберген, Қамбар Қойшыбаев, Болат Жаппарұлы, ақын Өрнек Құлекеев өкінішке қарай, арамызда жоқ. Тағдырдың жазғанына қарсы келер шара бар ма? Тұғыры биік тұлғалардың иманы саламат болып, рухы пейіште шалқысын. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп һәкім Абай жырлағандай, атпал азаматтардың жарқын бейнесі жадымызда ұзақ уақыт сақталады.
– Бұйырса, 40 жастың қырқасына шығып қалдыңыз. Жастар газеті жарық көріп тұр, шүкір. Журналистикаға келіп жатқан жастарға қандай бағыт-бағдар берер едіңіз?
– Қазір журналистикаға келіп жатқан жастарбақытты буын. Жазамын десе тақырып көп. Айтамын десе алаң жетеді. Талабын шыңдап, танылуға мүмкіндік мол. Интернетті ақтарса небір ақпаратқа кезігеді. Осыдан 21 жыл бұрын біз еңбек жолымызды бастағанда мұндай ресурс болған жоқ. Баспахананың май сіңген сары қағазына мақаламызды қолмен жазып терушіге өткізетінбіз. «Google» ақтармақ тұрмақ компьютерге қолымыз жетпеді. Кейіпкердің суреті керек болса оны фотосалонға ертіп апаратынбыз. Аудандық газетте жұмыс істеп жүрген кезімізде облыстық басылымдарға жазған материалымызды жолпұлын төлеп, әркімнен беріп жіберетінбіз. Кейін факс пайда болғанда «Технологияның дамыған заманын қарашы» деп таңданғанымыз есімде. Сөйтсек ол әншейін бастамасы екен ғой. Бүгінде ақпараттық технология көз ілеспес жылдамдықпен алға жылжуда. Біз де осы үдерістен тыс қалмауымыз керек. Президентіміз де жасанды интеллектіні жетік меңгеруді үнемі айтып келеді. Қазіргідей алмағайып заманда жұрт жалған ақпаратқа ұрынып қалмауды ойлайды. Мұндайда елге сенімді дереккөз қажет. Міне, сондықтан да мерзімді басылымда еңбек ететін әріптестерімізге артылатын жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Осы орайда журналистикаға жаңадан келіп жатқан жас әріптестеріміз заманауи әдістерді тиімді пайдалана отырып, жедел әрі жан-жақты ақпарат таратуға ден қойса деймін. Сонымен қатар дайын дүниелерді ұсына салмай, сараптама жасауға бейімделуі қажет. Әрине, бәрі бірден бола салмайды. Тәжірибемен келеді.
– Жастар газетін осы кезге дейін (сізді қосқанда) 6 бас редактор басқарған екен. Басылымды басқарып кеткен кісілермен байланысыңыз қандай?
– Жалпы мен журналистік жолымда 13 бас редактормен жұмыс істеген адаммын. Журналистика саласындағы ұстазым Жаңабай Миллионов мектеп қабырғасын тәмамдаған кезімде Сарысу аудандық «Сарысу» газетіне жұмысқа шақырып, баспасөздің қыр-сырына баулыды. Басында корректор болсам, көп ұзамай тілші, кейіннен бөлім меңгерушісі атандым. Арада бір жыл өткенде, яғни 2005 жылы «AR-AI» газеті ашылғанда қуанышымыз қойнымызға сыйған жоқ. Басылымның 4-нөмірінде жаңатастық жастардың ұйымдастырған тазалық акциясы туралы шағын ақпаратым жарық көрді. Артынша өзге де тақырыптағы көлемді мақалаларымыз, өлеңдер топтамамыз жариялана бастады. Сол тұста «AR-AI» газетінің бас редакторы Болат Бекжановтың өзі хабарласып, жұмыс ұсынды. Бұл Болат Үмбетәліұлының талапты жастарды аудандардан жинап, шығармашылық құрам жасақтап жатқан кезі еді. Дегенмен Жаңабай ағамыз «Жас кадрлар өзіме де керек. Таразда шығармашылық орта бар. Тілшілерді сол жақтан іздемейсің бе?» деп жібермей қойған. Бір жағынан жаспыз, әлі де тәжірибеміз толыса қоймаған. Мүмкін, сол үшін де рұқсат бермеген болар. Бұл әңгімені көп жерде айтпай жүр едім. Жақында Жаңабай Миллионовтың өзі «AR-AI» газеті туралы естелігінде осы сәтті бүкпесіз баяндапты. Әйтсе де сол кезден бастап Болат ағамызбен үнемі байланыста болып, хат-хабар алысып тұрдық. Кейін де талай сұхбаттасып, ақыл-кеңесін тыңдадым. 60 жасқа толған мерейтойы кең көлемде аталып өтіп, сол қуаныштың да ортасынан табылдық. Өкініштісі сол, жаны жайсаң жазушыны сұм ажал нағыз кемеліне келген шағында, осыдан бес жыл бұрын ортамыздан алып кетті. 2011-2012 жылдары редакцияны басқарған «от ауызды, орақ тілді» журналист Оралхан Дәуітпен де ағалы-інідей араласып кеттік. Әуелі «Ақ жол»-да жауапты хатшы ретінде «жауынгерлік» дайындықтан өткізіп, «AR-AI»-ға бас редактор етіп бұйрық шығарған да осы кісі. Әрине, мен «AR-AI»-ға бірден басшы болып келгенім жоқ. 2015 жылы сол кездегі бас редактор Гүлнұр Ембердиеваның шақыруымен бөлім меңгерушісі болып қабылдандым. 2017 жылы бас редактор болып тағайындалған Масат Берік өзінің орынбасары етіп тағайындады. Осы ортадан табылуыма дәнекер болған Дәулет Төлендімен кейін өзі бас редактор болғанда да бірге қызмет атқардық. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы болған Біржан Сартбекұлының да бас редактор ретіндегі байыпты бастамаларын біркісідей қолдадық. Ақпарат саласында өзіндік орны бар осы азаматтардың бәрі де «AR-AI» газетінің абыройын асқақтату жолында аянбай еңбек етті.
– Газеттің тігіндісін тұңғыш нөмерінен бастап сақтап, қаттап отыр екенсіз. Оқып шыққан боларсыз. Тігінділерді сөйлеткендегі әсер қандай?
-«AR-AI» газетінің редакциясы әртүрлі жағдайларға байланысты бес рет мекенжайын өзгертті. Қайта-қайта көше берген соң үйдегі жиһаздың да дымы қалмайды ғой. Сол сияқты 2005 жылдан бері сақталып келе жатқан газет тігінділері бүліне бастапты. Жертөледе шаң басып жатқанын көріп, жүрегім ауырды. Орталарында кейбір нөмірлер жоқ. Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана мен архивтерге хабарласып едім, ол мекемелерде газеттің 2007 жылдан бергі тігінділері ғана бар екен. Содан бұл алғашқы нөмірлерді қалайда сақтап қалу керек деген оймен газеттің барлық жылдардағы тігінділерін өз кабинетіме әкеліп жинап қойдым. Өйткені, бұл-біздің тарихымыз, бұл-біздің қазынамыз, бұл-біздің ертеңге қалдырар мұрамыз.
- Қазіргі шағын ұжымыңыз туралы айта кетсеңіз. Жастар басылымының қазіргі шығармашылық әлеуеті қандай?
- Редакцияның жұмысы қай кезде де қыз-қыз қайнап жатады. «AR-AI» бұрын апталық газет болатын. Мемлекеттік тапсырыс көлемінің өсуіне байланысты жастар басылымы 2023 жылдан бастап аптасына екі рет, 12 бет болып шыға бастады. Басылым бетінде «Біз де студент болғанбыз», «Мамандығымызды өзгертеміз», «Білгім келген бір сұрақ», «Толғауы тоқсан тіршілік», «Менің анам», «Өнеге өрнектері», «Дала дәптері», «Ойтамызық» айдарлары тұрақты жариялануда. Сонымен қатар «Шамшырақ», «Диагноз», «Айна», «Жалын», «Жанартау», «Парасатпайым», «Тіршілік», «Талбесік», «Көңілашар», «Зерде», «Топжарған», тағы да басқа арнаулы беттер бойынша мазмұнды мақалалар топтамасы ұсынылуда. Осындай жұмыстарды жүзеге асыру барысында редакция қызметкерлері кәсіби біліктілік пен шығармашылық ізденісті ұштастыра білуде. Бұл тұрғыда бас редактордың орынбасары Талғат Нұрханов пен жауапты хатшы Шолпан Бөгенбаева ұжымға ұйытқы болып, ұйымдастырушылық қабілеттерін танытуда. Аға тілшілер Нұрым Сырғабаев, Айжан Өзбекова, тілшілер Құралай Сейсенбекқызы, Ақтоты Жаңабай, Мұқағали Балтабай, Асан Тілемісов, Сымбат Қуаныш түрлі тақырыптарда қалам тербеп жүр. Ал бас дизайнер Ғани Сүгірәлиев, дизайнер-беттеуші Гүлназира Бектұрсынова газеттің кескін-келбетінің көзтартарлықтай көркем болып шығуына көңіл бөледі. Фототілші Алтынбек Қартабай да өз ісінің хас шебері. Ал қырағы корректор Ғалия Садықова газет бетінде қате кетпеуін қадағалайды. Arainfo.kz сайтының контент-редакторы Еңлік Әбдірәсіловаға жүктелген жауапкершілік те жеңіл емес. Бір сөзбен айтқанда, ақпарат аламанына атой салып келген «AR-AI» газеті арада қанша уақыт өтсе де алғашқы бағытынан айныған жоқ. Қайта уақыт талабы мен оқырман сұранысын ескере отырып, тың тақырыптарды қамтып келеді.
– 20 жылдық тойға дайындық қалай? Нені қамтып, нені қамти алмадыңыздар?
– Басылымның 20 жылдық белесін атап өтудегі мақсат – ас ішіп, аяқ босату емес. Бір кездері елді елең еткізіп, ерекше дизайнмен, еркін стильде жарық көрген жастар газетінің даңқын асқақтатуға, оқу мәдениетін қалыптастыруға, оқырманмен байланысты нығайтуға көңіл бөлініп отыр. Осы орайда «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлының ұйытқы болуымен бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұған дейін «AR-AI» газетінде барша бас редакторлардың, редакция түлектерінің естеліктері жарық көріп, мерекелік нөмір шығарылды. Сонымен қатар «20 жыл-20 естелік» айдарымен сағынышқа толы сәттерден сыр шертетін бейнероликтер түсіріліп, газеттің әлеуметтік желідегі парақшаларында орналастырылды. Ендігі кезекте «Жастық рухының жалаугері» атты естеліктер жинағы жарық көріп, «Талай жасқа жол ашқан «AR-AI» тақырыбында конференция ұйымдастырылатын болады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ