Білім

ЖИ оқушылардың жауапкершілігін, еңбекқорлығын арттырады

XXI ғасырдағы білім беру жүйесінің басты ерекшеліктерінің бірі – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің күнделікті оқу үрдісіне енуі. ЖИ құралдары оқушылардың жеке қабілеттерін ескеріп, білім алуды дараландыруға, мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, оқу сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жасанды интеллект қашықтан оқыту, автоматтандырылған бағалау, бейімделген оқу бағдарламаларын әзірлеу, виртуалды зертханалар мен интерактивті оқу құралдарын құрастыру сияқты салаларда кеңінен қолданылып келеді. Алайда, білім беру үрдісіне ЖИ-ді енгізу тек техникалық мәселе ғана емес, сонымен қатар этикалық тұрғыдан да маңызды міндеттерді алға тартады. Өйткені, кез келген технологияның артықшылықтарымен қатар белгілі бір тәуекелдері де бар.

Жасанды интеллектіні дұрыс қолданбау оқушылардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне, академиялық адалдыққа, сыни ойлау дағдыларының дамуына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан орта білім беру жүйесінде ЖИ-ді пайдалану барысында оқушылардың құқықтары мен құндылықтарын қорғау, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, мұғалім мен оқушы арасындағы сенімді қарым-қатынасты сақтау бірінші кезектегі міндеті.

Бұл бағытта арнайы этикалық қағидаттар мен нұсқаулықтардың болуы – ЖИ құралдарын қауіпсіз әрі тиімді қолданудың кепілі. Білім беру кезінде жасанды интеллектіні қолдану белгілі бір этикалық қағидаттарға негізделуі тиіс. Бұл қағидаттар білім алушылардың құқығын қорғауға, мұғалім мен оқушы арасындағы сенімге нұқсан келтірмеуге және оқу үдерісін сапалы ұйымдастыруға бағытталады.

Ашықтық пен әділдік. ЖИ жүйелерінің жұмыс істеу принциптері мен шешім қабылдау логикасы оқушылар мен мұғалімдерге барынша түсінікті болуы қажет. Мысалы, егер ЖИ оқушының жауабына баға қойса, не себепті сол бағаны қойғанын түсіндіруі тиіс. Бұл әділдікті сақтауға және оқушының өз қателігін түсінуіне көмектеседі. Сондай-ақ, бұл жүйенің ешбір оқушының жынысына, әлеуметтік жағдайына, этникалық тегіне байланысты бөле-жармай, барлығына тең мүмкіндік ұсынуы шарт.

Жауапкершілік. ЖИ – көмекші құрал ғана. Ол қабылдаған шешімдер үшін түпкілікті жауапкершілікті мұғалім мен білім беру ұйымы атқарады. Ол дегеніміз, бағалау, мінездеме беру немесе оқушының оқу траекториясын анықтау барысында шешуші сөзді тек педагог айтуы керек. ЖИ-ге толық сеніп, мұғалімнің рөлін төмендету білім сапасына теріс ықпал етеді.

Құпиялылықты сақтау. Оқушылардың жеке деректерін (аты-жөні, үлгерімі, мінез-құлқы, денсаулық жағдайы) сақтау – басты міндеттердің бірі. Бұл ақпарат ЖИ жүйелерінде қолданылған жағдайда, ол заң аясында қорғалып, үшінші тарапқа таратылмауы тиіс. Құпиялылықты сақтамау оқушының құқықтарын бұзып қана қоймай, сенім дағдарысына әкеледі.

Инклюзивтілік. Жасанды интеллектіні қолдану кезінде барлық оқушыларға тең мүмкіндік беріледі. Мысалы, көру немесе есту қабілеті шектеулі балалар үшін арнайы бейімделген оқу бағдарламалары жасалуы керек. Сондай-ақ, тілдік ерекшеліктері бар оқушыларға ЖИ ана тілінде немесе түсінікті деңгейде ақпарат ұсынуға тиіс. Инклюзивтілік қағидаты – білім алудағы әділеттілік пен теңдіктің кепілі.

Қауіпсіздік. ЖИ құралдарын қолдану кезінде оқушылардың психологиялық, эмоционалды және ақпараттық қауіпсіздігі бірінші орында тұруы қажет. Мәселен, ЖИ оқушыларға дөрекі немесе орынсыз мазмұн бермеуі, кибербуллингке жол ашпауы керек. Сонымен қатар ЖИ жүйелері хакерлік шабуылдардан қорғалып, оқушылардың жеке деректері сыртқа шықпауын қамтамасыз етуі тиіс.

Сенімділік. ЖИ жүйелері тұрақты әрі үнемі тексерілген түрде жұмыс істейді. Оқушыларға ұсынылатын ақпарат шынайы, дәл және ғылыми негізделгені жөн. ЖИ қателескен жағдайда, мұғалім оны түзетіп, оқушыларға дұрыс бағыт көрсетуге міндетті. Сондықтан ЖИ толыққанды білім көзі емес, көмекші құрал ретінде пайдаланылады.

Академиялық адалдық. ЖИ білім беру процесінде оқушыларды алдауға, дайын жауап алуға, плагиат жасауға итермелемеуі тиіс. Керісінше, ЖИ оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, ойлануға және дербес еңбектенуге ынталандыруы керек. Академиялық адалдық қағидаты арқылы ЖИ оқушылардың жауапкершілігін, еңбекқорлығын және адал білім алуға деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Адамға бағдарлану. Ж И оқу процесінің ортасында адам – оқушы мен мұғалім тұруы қажет. Технология білім беру мақсаттарына қызмет етіп, оқушының тұлғалық дамуына, қызығушылығына, қабілетіне және психологиялық ерекшелігіне бейімделуі тиіс. Бұл қағидат ЖИ-дің басты мақсаты – мұғалімнің рөлін толықтай алмастыру емес, қайта оған көмек көрсету екенін айқындайды.

Үздіксіз жетілдіру. ЖИ құралдары уақыт өткен сайын жаңа ғылыми зерттеулер мен білім беру әдістемелеріне сай жаңартылып отыруы қажет. Сонымен қатар мұғалімдердің тәжірибесі мен ұсыныстары ескеріліп, жүйелер үнемі жетілдірілуі тиіс. Бұл білім беру сапасын арттыруға және ЖИ-дің тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мәдени сәйкестік. ЖИ-дің мазмұны оқушылардың ұлттық мәдениеті мен құндылықтарына қайшы келмеуі тиіс. Әр елдің білім беру жүйесі өз дәстүрі мен тарихына негізделгендіктен, ЖИ материалдары соған сәйкес бейімделіп берілуі маңызды. Бұл қағидат оқушылардың ұлттық бірегейлігін сақтауға, өз мәдениеті мен тіліне деген құрметін арттыруға ықпал етеді. Орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні енгізу үлкен мүмкіндіктермен қатар белгілі бір тәуекелдер мен шектеулерді де ала келеді.

Бұл қауіп-қатерлерді алдын ала анықтап, олардың алдын алу шараларын ұйымдастыру – ЖИ-ді дұрыс және тиімді қолданудың кепілі. ЖИ-ді жиі қолдану барысында оқушылар дайын жауап алуға үйреніп кетуі мүмкін. Бұл олардың өз бетімен ойлау, талдау және шығармашылық қабілеттерін әлсіретеді.

• Мәселен, оқушы эссе жазу орнына ЖИ-ден дайын мәтінді көшіріп алса, оның тіл байлығы мен сыни ойлау дағдысы дамымай қалады.

• Тәуелділікке жол бермеу үшін мұғалімдер ЖИ-ді тек қосымша көмек құралы ретінде қолдануды үйретуі, ал негізгі жұмысты оқушының өзі орындауы қажет. ЖИ әрдайым мінсіз жұмыс істемейді. Ол қате, ескі немесе шындыққа жанаспайтын деректер ұсынуы мүмкін. Бұл жағдай оқушылардың дұрыс емес білім алуына әкеліп соғады. Мысалы, тарихи оқиғаларға қатысты ЖИ қате жыл немесе тұлға атын көрсетуі ықтимал. Сондықтан ЖИ берген ақпарат әрқашан мұғалімнің тексеруінен өтуі және сенімді дереккөздермен салыстырылуы тиіс. ЖИ-ді мақсатсыз немесе адалдық қағидаларын бұза отырып пайдалану білім беру жүйесіне зиян келтіреді. Плагиат – оқушылар дайын тапсырманы ЖИ-ден көшіріп алып, өз еңбегі ретінде тапсыруы мүмкін. Бұл академиялық адалдық принципін бұзады. Мұғалімнің рөліне нұқсан келтіру – ЖИ-ді толық тәуелсіз «оқытушы» ретінде қабылдау мұғалімнің беделін төмендетуі мүмкін. Оқыту үдерісін жеңілдету орнына, оны айналып өту – кей оқушылар тапсырмаларды орындамай, тек ЖИге сеніп қалады. Бұл білім сапасының төмендеуіне әкеледі. Қосымша тәуекелдер

• Жеке деректердің қауіпсіздігі – ЖИ жүйелері оқушылардың жеке ақпаратын рұқсатсыз жинауы немесе сыртқа шығарып жіберуі ықтимал.

• Психологиялық әсері – ЖИ-мен жиі қарым-қатынас жасау оқушылардың шынайы адаммен байланысын азайтып, әлеуметтік дағдыларының дамуына кері әсер етуі мүмкін. Орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні тиімді әрі қауіпсіз қолдану үшін төмендегідей ұсыныстарды жүзеге асыру маңызды. Білім беру ұйымдарында «ЖИ-ді этикалық қолдану ережесі» қабылдануы тиіс Әрбір мектеп пен білім беру мекемесінде жасанды интеллектіні қолданудың нақты регламенті немесе «Этикалық кодексі» болуы қажет.

• Бұл құжатта ЖИ-дің қай салаларда қолданылатыны, қандай деректер пайдаланылатыны, қандай жағдайда қолдануға болмайтыны көрсетілуі тиіс.

• Ереже оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар үшін түсінікті тілде жасалып, барлық қатысушыларға қолжетімді болуы қажет. ЖИ құралдарын тиімді қолдану үшін мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігі жоғары болғаны жөн. Арнайы курстар мұғалімдерді ЖИ-дің мүмкіндіктерімен таныстырып қана қоймай, оны сабақта қолданудың әдістемесін үйретеді. Тренингтерде ЖИ-дің этикалық және құқықтық қырларына да назар аударылуы керек. Бұл мұғалімге ЖИ-ді сенімді, қауіпсіз әрі тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқушыларға цифрлық мәдениет пен академиялық адалдық қағидаларын үйретіп, ЖИ құралдарын пайдалану барысында оқушылар тек білім алуға бағытталуы тиіс, ал дайын жауапты көшіруге үйренбеуі қажет. Одан бөлек оқушыларға плагиаттың зияны, деректердің дұрыстығын тексеру әдістері, сыни ойлау дағдылары үйретілуі тиіс. Цифрлық мәдениет сабақтары оқушыларды интернеттегі қауіпсіздік ережелерімен, дербес деректерді қорғау әдістерімен таныстырады. ЖИ құралдары халықаралық деңгейде жасалғандықтан, оларды қолдану барысында ұлттық ерекшеліктер назардан тыс қалмауы керек.

• ЖИ мазмұны қазақ халқының тарихы мен мәдениетін бұрмаламауы тиіс.

• Ұлттық тәрбиелік құндылықтарды ескеріп, ЖИ оқу материалдарын бейімдеу қажет.

• Бұл бағытта жергілікті мамандардың, педагогтердің және мәдениеттанушылардың бірлескен жұмысы маңызды.

ҚОРЫТЫНДЫ Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу – бүгінгі күннің талабы ғана емес, сонымен бірге болашақтың стратегиялық бағыты. ЖИ құралдары білім беру сапасын арттыруға, оқыту процесін дараландыруға, мұғалім еңбегін жеңілдетуге және оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор мүмкіндік береді. Дегенмен, жасанды интеллектіні шектен тыс қолдану немесе оны дұрыс бағытта пайдаланбау оқушының тұлғалық дамуына теріс әсер етуі мүмкін. Сол себепті ЖИ тек көмекші құрал ретінде қолданылуы тиіс. Мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас, тәрбиелік ықпал және ұлттық құндылықтарды сіңіру – ешқашан жасанды интеллекттің міндетіне айналмайды. Бұл – тек адамға тән қасиет. Этикалық нормаларды сақтау арқылы біз ЖИ-дің мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалана аламыз.

Ол үшін:

• оқушылардың жеке деректерін қорғау,

• академиялық адалдықты сақтау,

• мұғалімнің жетекшілік рөлін басты орында ұстау,

• ұлттық құндылықтар мен мәдениетті ескеру – негізгі ұстаным болуы тиіс. Осы қағидаттар сақталған жағдайда жасанды интеллект білім беру саласының сенімді әрі қауіпсіз серіктесіне айналып, болашақ ұрпақтың білімді, саналы әрі жаңашыл болып қалыптасуына өз үлесін қосады.

 

Шолпан ӘЖІҚҰЛОВА,

№5 М.Ломоносов атындағы орта мектебі информатика пәнінің мұғалімі.

Жуалы ауданы