«Жұрттың құрма сүтіне қызыққанын қалаймын»
Еңбек деген – қозғалыс. Жер бетіндегі тіршілік етіп жүрген адамның бәрін еңбек адамы деп атаса болады. Еңбектен қашпайтын жандардың қатарында өз ісін тауып, шаруасын шалқайтқан қарапайым жанның бірі – Мұхит Қалқабаев. Ол әлеуметтік желіден көрген мысырлық сусынды өзі шығаруда. Бұл сусынның жасалу жолы қарапайым, есесіне денсаулыққа пайдалы табиғи өнім. Сусын сиыр сүті мен құрмадан жасалатындықтан, рамазан айында сұраныс жоғары. Қазір күніне 200 литрге дейін өнім шығарып, Тараздағы дүкендерге өткізуде.
Ол 1977 жылы Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында дүниеге келген. Небір зиянды сусыннан гөрі денсаулыққа пайдасы бар құрмадан жасалған сүт өнімін жасап, саудаға шығарды.
Мұхиттың айтуынша, пайдалы құрма сүтін өндіруге зиянды энергетикалық сусындардың көбейіп кетуі себепші болыпты. Адамзаттың бертінде ойлап тапқан өнертабысының бірі осы – энергетикалық сусындар. Жарнамасы жер жарып, емтиханға дайындалып жүрген студенттерге, спортшыларға, шаршаған жүргізушілерге арналған жүйке жүйесін тынықтырушы сусын деп айтылғанымен, бұл сусындардың зияндылығы да шаш етектен. Осы бір олқылықтың орнын басатын ұлттық дәмі бар сусын шығарсам деген ойын осы жылы жүзеге асырыпты.
Рамазан айында ауызашарға, сәресіне ішу пайдалы екен. Ішсең шырын әрі бал татитын бұл сусынды қаладағы көптеген дүкендерден табасыз. Бағасы 450 теңгеден басталады. Әртүрлі құтыдағы сусындарды қолжетімді бағада біз де алып көрдік. Расымен адамды сергітеді. Күн ұзаққа шаршамай, сергек жүруге көмектеседі екен. Дәмі тіл үйірер сусын Қазақстан бойынша Таразда ғана бар екен. Болашағын алыстан болжайтын кәсіпкер жақында өнімдерін Қазақстан бойынша саудаламақ.
Бұл сусын Мысыр елінде және Колифорнияда бар екен. Жамбылдық кәсіпкердің ойлап тапқан пайдалы элексирі көпшілікке жағып жатыр. Дәмін татқандар оң пікірде. Солардың бірі – Жақсыгүл Дәрменбаева.
Осы уақытқа дейін coca cola немесе газдалған тәтті сусындар тұтынған болсаңыз, енді жаңа отандық өнім құрма сүтінің дәмін татар кез келді. «Instagram» әлеуметтік желісінда «Qurma suti» деген атаумен танылған кәсіпке сәттілік тіледік. Аталмыш дәруменге бай сусынды үйде қолдан жасау мүмкін еместігін түсіндік. Өнертапқыш алдағы уақытта шағын цехын үлкен зауытқа айналдырсам деп жоспарлап отыр.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА