Атаулы жылда қандай іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аталып, елімізде еңбеккерлерге қолдау көрсету, адал еңбекті құрметтеу мақсатында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып отыр. Біздің облыста бұл мақсаттағы жұмыстар қаншалықты нәтижелі жүргізілуде? Осы сұрақпен әр салада ұйымдастырылған іс-шараларды сараптап көрдік.
Жұмысшы мамандарын кәсіби тұрғыда оқытып дайындайтын білім беру саласы атаулы жылдың нәтижелі болуы үшін арнайы жоспар құрып, жұмыс жүргізді. Облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысы Нұрбек Оршубековтың айтуынша, өңірде жұмысшы мамандықтары жылын өткізу туралы 123 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары бекітіліп, өңірлік штаб жұмыс істеген.
Шетелдік, отандық инвесторлар мен салалық мемлекеттік органдардың қатысуымен кадр дайындау, түлектерді жұмысқа орналастыру, инвестиция тарту мәселелері бойынша өңірлік форсайт сессиясы өтіп, оған 40 инвестор қатысқан. Нәтижесінде жұмыс берушілердің сұранысы негізінде 570 орынға мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінген, кадр даярлау мәселесінде жұмыс берушілердің талаптарына назар аударылып, мамандықтар бойынша оқу бағдарламалары жаңартылған. Сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша бірқатар кәсіпорындар мен оқу орындары арасында тікелей келісімдер жасалып, түлектердің жұмыспен қамтылу мүмкіндіктері артты. Сонымен қатар №9 Меркі колледжіне «Мерагро Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен «Токарьлық іс» кабинетінің құрылысына 4 миллион 506 мың теңге инвестиция тартылған. Сол секілді жұмыс беруші «QyzylshaZher» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі есебінен 29 миллион инвестиция тартылып, №10 Шу колледжінің базасында «Агрономия» құзыреттілік орталығы ашылды. «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Шолақтау» тау-кен өндірістік комбинаты базасында әлеуметтік серіктестікті дамыту жөніндегі жасалған меморандум аясында «Химиялық және техникалық саласы бойынша» құзыреттілік орталығы ашылды.
«Алина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1 миллион теңгеге құрылыс саласына қатысты құрылыс материалдарымен қамтамасыз етті. 15 мамыр күні Қытай мемлекетінің Сиянь қаласындағы кәсіптік білім беру комитетінің төрағасымен келіссөз жүргізілді. Осы келіссөздің нәтижесінде №7 Бетқайнар колледжінің базасында шетелдік колледж филиа лын ашып, материалдық-техникалық жабдықтармен және арнайы мамандармен қамтамасыз етуге 100 миллион теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылуда. Одан бөлек алдағы уақытта Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде әлеуметтік серіктестік негізінде «KNAUF» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі есебінен 25 миллион теңге қаржы бөлініп, оқу орталығы, яғни құрылыс-хаб ашуға қол жеткізілді.
М. Тынышбаев атындағы ALT университетінің демеушілігімен «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша ALT аудиториясын электркөлікке зертханалық жұмыс жүргізу құралдарымен жабдықтауға және BYD электрокөлігімен қамту мақсатында 12 миллион теңге көлемінде қаржы тартылған.
«Есептеу техникасы» мамандығы бойынша «Q» университеті тарапынан 4 миллион теңге тартылған. «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Химия саласына қатысты зертханалық кабинетін ашуды, «НДФЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Химия саласына қатысты «Автоматика» мамандықтарының құрал-жабдықтарын алуды қарастыруда.
Бос орын жәрмеңкелері жиі ұйымдастырылуда
Атаулы жыл басталғалы бері Еңбек мобильді орталықтары да жұмыссыздықпен күрес бағытындағы іс-шараларының қатарын арттырды. «Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу жөніндегі іс-шара лар жоспарының 50-тармағы «Колледждер базасында кәсіпорындар, орта бизнес өкілдерінің қатысуымен «Ашық есік» күндерін және бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін» өткізу көзделген. Іс-шараны жүзеге асыру мақсатында ағымдағы жылғы 1 қыркүйегіне дейін Тараз қаласы және аудандық Мансаптық орталық филиалдарының ұйымдастыруымен облыс көлемінде барлығы 77 жәрмеңке ұйымдастырылды.
Облыстық Еңбек мобильдігі орталығының маманы Гүлнара Байбосынованың айтуынша, Бос жұмыс орындар жәрмеңкесінде 1234 жұмыс беруші, оның ішінде орта бизнес өкілдерінен 600 мекеме қатысқан. Жәрмеңкеге қатысқан жұмыс іздеушілер 5510 адамды құраған. Оның 2472-сі әйелдер. Жәрмеңке қорытындысымен 30 адам кәсіптік оқытуға, 380 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жолданған. Жастар тәжірибесіне 164 жас жіберілсе, «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасына – 51 адам, бірінші жұмыс орындарына – 29, «Күміс жас» бағдарламасына – 125 адам, ал 543 жұмыс іздеуші тұрақты жұмыс орындарына орналасқан.
Жұмысшы мамандығының маңыздылығын қоғамда ашып көрсетіп, жастардың қызығушылығын арттыру мақсатындағы іс-шараларды Amanat партиясы да түрлі форматта ұйымдастырып жүр.
Еңбеккерлердің беделін көтеруді, еңбек қауіпсіздігінің маңыздылығын жеткізуді, қоғам мүшелерін еңбекқорлыққа шақыруды мақсат еткен іс-шаралар атаулы жылмен шектеліп қалмасы белгілі. Осы жылда бастау алған жаңа жобалар келешекте де қажеттілігіне қарай жалғасын тауып, тиімділері жаңаша бағытпен дами бермек. Себебі өмірді мәнді ететін де, адамды есейтіп, өркендететін де еңбек. Халық «Еңбек бәрін де жеңбек» деп бекер айтпса керек.
Қамар ҚАРАСАЕВА