Қоғам

Үйрену мен үйретудің арасында табанды еңбек тұрады

Өмірде кездейсоқ ешнәрсе болмайды. Ой саларлық, ойланарлық істің бастауында мықты идеология, өткен мен бүгінгінің сабақтастығы тұрады. Ал сәтімен жалғасқан бастаманың беретін жемісі де қомақты.

Биыл – айтулы даталар мен қазақстандық қоғамды ілгерілететін «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» идеологиялық тұжырымы іс жүзінде бастау алған жыл. Өз шығармаларында адал еңбекке үндеген ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығында «Жұмысшы мамандықтары жылының» жариялануы, адал еңбекке үндеп, қарапайым еңбеккерлердің мәртебесін көтеруді көздеген бастаманың еліміздегі кәсіподақтар қозғалысының – 120, Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығына сәйкес келуі – жай ғана кездейсоқтық емес.

Атаулы жыл да қарапайым жұмысшының жағдайын, еңбек нарығындағы тепе-теңдікті сақтау үшін керек мамандықтардың мәртебесін көтеру, «Адал еңбек» қағидатын қалыптастыруды мақсат тұтқан жобалар жүзеге асырылуда. Ал бұл еңбекші мүддесін қорғайтын ұйымдардың алдағы жұмысына бағыт-бағдар болмақ. Қоғамдық сана мен өмір сапасының жақсаруына елеулі әсер ететін адал еңбек - адал табыс туралы ұлы Абайдан асырып айта алмаспыз. Ақын қара сөздерінде еңбекқорлыққа, талап пен табандылыққа, білім алып, ғылым іздеуге үндеген. Өлеңдерінде де осыны насихат қылады.

Абай Құнанбайұлының «Толық адам ілімін» терең зерделесек, оның да бастауында еңбекқорлық тұрғанын аңғарасыз. Хакім іздеген адам – талапты, еңбекқор, ізгілікті, мейірімді, қанағатшыл, рахымды, тұла бойы толған ар, ұят, пенделіктен қол үзген имандылық жолындағы жан.

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек». Бөлек болу – бірегейлік. Биіктік. Тазалық. Адам бойынан Абай айтқан үш асылды табу үшін кісі бойындағы әділет, рахым, мейірім, ар-ұят, талап, еңбек, өнер сияқты қасиеттерді іздейтініміз анық. Абайдың «Толық адам» ілімі «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен бастау алады.

«Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз»...

Толық адам болуға қажет «бес асылдың» бірі – еңбек. Еңбек етуге талап керек. Ал ісіңнің өнбегі – терең ойға байланысты. Терең ой – талапты тудырады, талап еңбекке жетелейді. Талап қойып, іс қылған табысқа жетеді. Ал кісі мал таппаққа тырысып, тапқанын көбейтпекке ұмтылғанда қанағатты ұмытпауы тиіс. Қанағаты азайған адамның бойынан мейірімі мен рақымы кемиді.

Кісінің қашуы тиіс қажетсіз «бес дұшпан» – кедейшілікке, кердеңдікке әкелер «қасиеттер». Өсек пен өтірік, бос мақтан бойдағы барды жоғалтып, еріншектікке бастайды. Ал жалқаулық – жоғалу, жоғалту. Абай адамға қажет «бес асыл» мен керексіз «бес дұшпанның» негізін шығыс ойшылы Ғұламаһи Дауанидің (XV ғ.) педагогикалық трактатынан алып тарқатады. Ақын өз еңбегінде оны тереңдете түседі. Талап – еңбекке, еңбек артық оқып білуге, үйренуге жетелейді. Білмекке ұмтылу – ғылымға бастайды.

«Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз.

Білгендердің сөзіне Махаббатпен ерсеңіз.

Ақыл сенбей сенбеңіз,

Бір іске кез келсеңіз»... – дейді ақын.

Еңбек қылып, жалқаулықты тыйсаңыз, үйренеріңіз де көп. Үйрену мен үйретудің арасында ғылым таппақ талап, талапшылдықтың соңында табанды еңбек тұрады. Талап деген сөз ұлы Абайдың өлеңдерінде де, қара сөздерінде де жиі кездеседі. Әсіресе жастардың талабы оңғарылса деген тілегі көп. Осы тілек талап жолын, ұлы еңбек жолын, кемел де терең ойдың жолын, қасиетті қанағат пен риясыз рақым жолын іздеп, ой қаузайды. Абай аңсаған талап ізгілігімен құнды. Оны қара сөзінде: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі», – деп көрсетеді. Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек екенін ескертеді. Талапты білмей іздегенмен, табылмасын айтады.

«Адам баласының ең жаманы − талапсыз», деп тұжырым жасайды. Еңбексіздік – ақынның уайымы. Кейінгі ұрпақтың жалқаулыққа салынғанынан қорыққан Абай: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман, Шошимын кейінгі жас балалардан. Терін сатпай, телміріп, көзін сатып, Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман», дейді. «Отыз сегізінші қара сөзінде» де хакім осы бір қорқынышын тағы айтады: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды.

Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады», – деп тарқатады уайымын.

Абай Құнанбайұлы «Отыз екінші» қара сөзінде: «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас. Әуелі – білім-ғылым табылса, ондаймұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек. Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол», – деп білімғылымға жету үшін еңбек керек екенін түсіндіреді.

Ал «Қырық екінші қара сөзінде» ғұлама қазақтың ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар мінезін сынайды. Адал еңбекке жүгінген кісі ондай жүрісті иттей қорлық көретінін айтады. «Түбінде баянды еңбек егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған. Би болған, болыс болған өнер емес, Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған».

Хакім Абай аңсаған «Адал еңбек» қоғамы осы – жастардың оқып, білім алғаны. Кәсіп үйреніп, талап қылғаны. Білмекке ұмтылғаны. Еңбекті жеңілдетер, жаңалық ашқаны. Ғылым-білім дамып, заман ілгерілесе де, жұмысшы мамандарға сұраныс та арта береді. Сан ғасырлық өркениетті аңсаған адамзаттың даму тарихы – экономиканың заңдылығы. Сондықтан еңбек адамын қадірлеп, оның еңбегін бағалауымыз керек.

 

Жомарт АЛИШЕР

 №12 орта мектептің директоры.

Т. Рысқұлов ауданы