Аймақ

Күреңбел ауылына ауыз су тартылды

Amanat партиясының Сайлауалды бағдарламасында ауыл өмірін жақсарту, тұрғындарға қолайлы тұрмыс жағдайын жасау және инфрақұрылымды жаңғырту басты басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде нақты істермен дәлелденіп, халықтың игілігіне айналуда.

Солардың бірі – Жуалы ауданына қарасты Күреңбел ауылында жүзеге асқан ауыз су жобасы. Көп жылдан бері тозығы жеткен су жүйелері жаңартылып, ауылға жаңа ауыз су құбыры тартылды. Ағымдағы жылдың мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары толық аяқталып, бүгінде ауылдағы әрбір үй мен аула таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Жоба аясында жалпы ұзындығы 38 шақырымды құрайтын жаңа су құбыры тартылып, заманауи талаптарға сай инфрақұрылым іске қосылды.

Бұл өзгеріс ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Күрделі құрылыс жұмыстары партия бағдарламасы аясында қолға алынып, ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеруге нақты үлес қосып отыр. Көптен күткен ауыз су жүйесінің салтанатты түрде берілуіне ауыл қариялары, тұрғындар көптеп жиналып, қуанышты оқиғаға куә болды. Алғаш болып құттықтау сөз сөлеген аудан әкімі Жалғас Мұртаза қуанышқа құтты болсын айтып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасының жақсарып келе жатқанын айтты.

Сондай-ақ Күреңбел ауылындағы ауыз су жүйесінің ашылуына орай ауылдың қадірменді қариясы, еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Жетпіс Көпбаев құттықтау сөз сөйлеп, ауылдастарына ақжарма тілегін білдірді. Ол мемлекет қаржысына салынған әлеуметтік нысанның іске қосылуын ел үшін үлкен игілікке балап, бұл бастаманың ауылдың келешегі үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар жиналған қауымға ақ батасын беріп, елдің бірлігі мен берекесін тіледі. Ісшара аясында нысанның лентасы салтанатты жағдайда қиылып, тәттіден шашу шашылып, ауыл тұрғындары ортақ қуанышқа бөленді.

Айта кетерлігі, су мұнарасында сусорғы стансасы мен әрқайсысының сыйымдылығы 250 текше метрді құрайтын екі резервуар орнатылған. Таза ауыз су 100 метр тереңдіктен арнайы сусорғы арқылы осы резервуарларға айдалып, мұнда бактерияға қарсы тазартудан өткізіледі. Содан соң магистральды құбырлар арқылы тұтынушыларға жеткізіледі. Жобаның жалпы сметалық құны – 985 миллион теңге. Ал құрылыс жұмыстары бойынша мердігер мекемемен 916 миллион теңгеге келісімшарт жасалып, барлық жұмыстар биыл толық аяқталды. Бас мердігер – «ТаразСтрой-2004» және техникалық қадағалаушы мекеме ретінде «Құрылыс-жоба Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмыс атқарды.

 

Ерман ӘБДИЕВ.