Жаңалықтар

Мұғалім міндетіне мін тағатын ата-аналар неге көбейіп кетті?

Кеше... Сабақ үлгерімі нашарлап, мектепте бұзақылық жасағаны үшін мұғалімнен оңбай таяқ жеген бала үйіне келген соң, үлкендердің көзіне түспеуге тырысатын. Білім ошағында орын алған жағдай алда-жалда ата-анасының құлағына жете қалса, сол күні ол бала ұрысты екі есе еститін. Өйткені бұрынғының атаанасы баласының әрекеті үшін мұғалімнің алдында «жер» болып отыруды қаламайтын. Партада болған оқиға, сол партада қалатын. Мектептен сыртқа шықпайтын. Мұғалім балаға қанша қаталдық танытып, тіпті арасында қол жұмсап жіберсе де, оның бірде-бірін ата-анасы білмей қалатын. Білген күнде де «сауап, ол саған аз» деп баланың өзіне дүрсе қоятын.

Белгілі әзіл-ысқақ театрының актері Уәлибек Әбдірайымовтың бұрында оқушылар көшеде мұғалімді көрсе жан-жаққа қашып, тығылып қалушы еді, қазір керісінше мұғалім оқушыдан ол қашан көзден таса кеткенше көрінбей тұратын болды дейтін әзіліне кезінде күлгенімізбен, оның астарында үлкен зіл жатқанын аңғармағанымыз шындық. Сол кездің оқушылары көшеде ұстазынан неге тығылды? Себебі, олар мұғалімнен сескенетін, сыйлайтын. Сабақтан тыс уақытта бейсауыт жүргені үшін апайы немесе ағайы ұрсады, тіпті ұрады деген түсінік бар еді саналарында.

Бүгін... Мұғалімдер алдында отырған шәкіртінен өздері қоянша үркитін халге жетті. Қазіргінің ұстаздары оқушысына қол көтермек түгілі, қатты зекіп сөйлей алмайтын дәрменсіз күйге түсті. Тілі де, қолы да байлаулы. Өйткені балаға бірдеңе дейін десе, оның артында арыз айтып ата-анасы мектепке жетіп келетінді шығарды. Бала үйіне мұғалімнің үстінен шағым айтып келсе, «көрсетемін оған, жұмыстан шығартамын» деп мектепке шаба жөнелетін бәлеқор, арызқой ата-аналар легі көбейді. Жуырда әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан екі жақты ерегісте мұғаліміне қол жұмсаған шәкіртті, баласына төмен баға қойғаны үшін ұстазды жұлқи жөнелген ата-ананы көріп жағамызды ұстадық. Желіні ақтара берсең, мұндай мысалдар көп.

Бұдан былай мұғалімдерді масқаралап, оны балағаттағандарға, әлеуметтік желіде тіл тигізгендер үшін 157280 теңге айыппұл салынбақ. Немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты заң басқармасының директоры Гүлден Ақытаева айтты.

Ол мұғалімдерге заңсыз талап қоюға болмайтынын мәлімдеді. Гүлден Ақытаеваның айтуынша, мұғалімдерді қызметтік міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға да болмайды. Сонымен қатар заңда қарастырылмаған есеп беруге және ақпарат сұратуға мәжбүрлеуге рұқсат етілмейді. Мұғалімдерді негізсіз және заңсыз тексеруге, тауар немесе қызмет сатып алуға мәжбүрлеу де заңмен қудаланады. Биылғы тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаздарды қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынды. Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында ұстаздарды қорғайтын жаңа заң дайын екенін айтып, сүйінші сұрады. Сөзінше, енді мұғалім мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы болмауы керек.

Облыс бойынша кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот әкімшісінің басшысы Жасұлан Шыршықбаев жалпы білім ордаларында ата-аналар мен мұғалімдердің арасында орын алатын даулы мәселелердің көбісі сотқа дейін жеткізілмей, медиациялық жолмен шешімін табатынын тілге тиек етті. Жалпы, білім ұясындағы құқыққа қайшы талай жағдайларға қанық мектеп басшылығының алдын ала тиісті шара қабылдамайтыны жасырын емес. Дәлірек айтқанда, кейбір мектеп директорлары мұндайды жария етпеуге барын салатыны бар.

Мәселен, бұған Байзақ ауданы Құмжота ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте орын алған қайғылы оқиға дәлел. Мұны біраз уақыт бұрын аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен алқа отырысында облыстық прокуратура қызметкерлері мәлім еткен. Спикердің айтуынша, Жамбыл, Байзақ аудандары мен Тараз қаласындағы білім беру мекемелерінде орын алған оқыс оқиғалар бүгінде ауданаралық сотта қаралу үстінде. Біз сөз етіп отырған мәселені алға ұстап, облыстық білім басқармасына да хабарластық. Аталған басқарманың ресми өкілі «Әр шағым жеке қаралып, жұмыс жүргізіледі. Мектепке де, білім бөлімдеріне де тапсырма берілетін кездер, шағымдар бойынша зерделеу жүргізілетін сәттер де болады» деп жауап берді. Оқушы мен мұғалім, оған үшінші тараптан кіріскен ата-аналардың арасындағы даулы мәселелерге қатысты өткен мен бүгінгі қоғамның бірқатар өкілін де сөзге тартқан едік. Жуалылық «Алтын алқалы» ана Дүйсекүл Сыдыққызы өз сөзін былай өрбітті.

Жоғары санатты білікті мұғалім Айнагүл Сәлімқызы (аты-жөні өзгертілді) бүгінде әріптестерінің алдында отырған баладан бір, оның ата-анасынан екі қорқатындарын жоққа шығармады.

Мұғалім мен ата-аналар арасындағы келіспеушіліктің тағы бір ұшқыны дене шынықтыру сабағында орын алатын жағдайлардан туындайтын көрінеді. Себебі, дене шынықтыру сабағында балалар еркін ойнайтын болғандықтан, кейде қауіпсіздік ережесіне бағынбай, бір жерін жарақаттап алуы мүмкін. Ата-аналардың мұғалімге деген түсінбеушілігі осы кезде басталатынын алға тартты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Батырхан Тайырбеков.

Облыстық ата-аналар кеңесінің төрайымы Назима Жұбандықова да соңғы жылдары ата-аналардың баласының әрбір қадамын шамадан тыс бақылап, мұғалімнің кәсіби әрекетіне тікелей араласуы жиілеп кеткенін айтты.

Бұл тұрғыда мектеп басшылығының да өз уәжі бар. Біз Тараз қаласындағы №68 мектеп-гимназиясының директоры Майра Турумованы сөзге тартқан едік.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Әр бала отбасының еркесі. Ол шамадан тыс бұзық болса, мұғалім оны қалай түзейді? Сондықтан ата-аналарға алдымен отбасындағы тәрбие беру тәсілін күшейткен жөн секілді. Академик Ш.А.Амонашвили мұғалімнің болмысы жайында: «Мұғалімді ойшыл, шығармашыл, еркін етіп тәрбиелеу керек. Мұғалімдерді балағаттаудың орнына оларды ұлықтау қажет. Олар өмір суретшілері ғой. Бүгінгі мұғалімдер ХХІ ғасырдың ортасын салып жатыр» деп жазыпты. Бүгінде қолға алынып жатқан реформаларды жүзеге асырады, бала тәрбиесімен түбегейлі айналысады деген мұғалімдеріміздің арасында атаана мен баланың ортасында шарқ ұрып, дау-дамаймен басы қатып жүргендердің қатары көбейе түсуде. Балағаттау аздай, таяқ жеп жатқандары да баршылық. Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі Ы. Алтынсарин: «Мұғалім – білім берудегі ең маңызды адам. Ең озық педагогикалық оқу құралдары, үкімет қаулылары, өте қатал инспекторлық бақылау маңызы жағынан мұғалім дәрежесімен теңесе алмайды. Сондықтан мен үшін мұғалім әлемдегі барлық асыл заттардан қымбат» депті мұғалімнің адами әрекетіне баса мән беріп. Біздің тілек, мұндай мінездемеге сай бүгінгінің барлық мұғаліміне қоғам өкілдері тарапынан шексіз құрмет көрсетілсе екен. Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев та: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп бекер айтпаған. Ендеше, ұстаздардың төрдегі басын төмендетпейік

 

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА