Баспана алуға бөлінген қаржыны игере аламыз ба?
Бүгінгі таңда Әулиеата өңірінде халықты баспанамен қамту мен арендалық тұрғын үй сатып алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл мәселе өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің қатаң бақылауында. Облыс әкімі жергілікті басшылардан әркімнің босағасын аттап, біреудің үйін уақытша жалдап жүргендердің санын азайту мақсатында қолға алынған ілкімді істердің нәтижелі болуын талап етіп келеді. Осы аптада аймақ басшысының төрағалығымен кезекті рет өткен аппараттық кеңесте мемлекеттік тұрғын үй саясатын жүзеге асыруда жайбасарлыққа салынуға болмайтыны, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау бағытындағы жұмыс кемшіліксіз әрі дер кезінде атқарылуы тиістігі кеңінен сөз болды.
Басқосудың күн тәртібіндегі бірінші мәселе – тұрғын үйлерді сатып алу барысы туралы облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алуға республикалық бюджеттен 21,5 миллиард теңге бөлінген. Жоспар бойынша 1415 пәтер сатып алу көзделсе де, бүгінгі күнге дейін небәрі 307 пәтер ғана сатып алынған.
Айта кетейік, өңірде пәтерлерді сатып алу жұмыстары өте төмен деңгейде жүргізілуде. Мәселен, бір ғана Тараз қаласында жоспарланған пәтерлердің бірде-бірі сатып алынбаған. Ал мемлекет бюджет тапшылығына қарамастан, бұл бағытқа қомақты қаржы бөліп отыр. Осы ретте аймақ басшысы көне шаһардың әкімі Бақытжан Орынбековпен өзге де бірқатар аудан әкімдерінен жауап алды. Өз кезегінде жауаптылар жыл соңына дейін меже 100 пайыз орындалады деп сендірді.
Сондай-ақ жиында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасады. Спикер өз сөзінде 2021-2025 жылдары аралығында 814,6 гектар аумаққа 12 түрлі 970 мың ағаш отырғызу бойынша «Жасыл белдеу» өңірлік жоспары бекітілгенін, өткен жылға дейін 636 гектар аумаққа 12 түрлі 775 мың ағаш отырғызылғанын жеткізді.
Басқосу соңында облыс әкімі Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің «Жасыл белдеу» құруда атқарған жұмысына қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.
Есен ӨТЕУЛІ