Бір гигаватты жел электр стансасын салу жоспарлануда
Еліміздің энергетикалық жүйесінде қосымша 26 гигаватт жаңа қуат көздерін қосу жоспарланып отыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың мәлімдеуінше, елімізде 237 электр стансасы бар болса, оның 79-ы дәстүрлі генерация, қалғаны 158 жаңартылатын энергия көздерінен тұрады. «Министрлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, қуаттарды кеңейтуге және цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған шараларды тұрақты негізде қабылдап келеді», – деді Ерлан Ақкенженов.
Ведомство басшысы 26 гигеваттан астам жаңа қуат көздерін қосу қарастырылып отырған «Энергетика саласын 2035 жылға дейінгі дамыту жоспары» аясындағы жұмыстар қолға алынғанын жеткізе отырып, өңірлерде құрылыс жұмыстары тоқтап қалған және жоспарланып, бірақ әлі жүзеге асырылмаған су, жел және күн электр стансаларының қайта қолға алынатындығынан хабардар етті. Жаңа қуаттарды іске қосу қолданыстағы стансаларды жаңғыртуда және жаңа қуат өндіру қондырғыларын салу арқылы жүзеге асырылады. Ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамып жатқан қазіргідей уақытта электр қуатының қажеттілігі орасан зор.
Атап айтқанда, экономикамыздың өрлеуі де осы қуат көзіне тәуелді. Бұл ретте баға жетпес әрі сарқылмас байлық, ол – баламалы энергия екені белгілі. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның шығармаларына арқау болған Ақсай мен Көксай каналына су электр стансаларын салу көзделген. Бүгінге дейін Көксай каналында су электр стансасының бірінші кезеңі жүзеге асырылғанымен, қалған жобасы тоқтап тұр. Ендігі кезеңде Ақсай каналындағы су электр стансасын жүзеге асыру жоспарлануда.
Басқарма басшысы айтқандай, бүгінге дейін Жуалы ауданында жүзеге асырылған қуаттылығы 100 мегаватты құрайтын «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысандар. Одан кейін су көзінен қуат өндіру мақсатында екі инвестициялық жоба қолға алынған болатын. Оның бірі Көксай каналының бойынан қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасы болса, екіншісі «Ақсай» каналының бойынан соғылатын қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасы.
Атап айтсақ, Көксай каналының бойынан салынатын кіші су электр стансасының жобалық құны – 5 миллиард теңгені құрайды. Оның құрылыс жұмыстарын «ҚазГидроОперейтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізеді. Бүгінде стансаның бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Өкінішке қарай, оның қалған кезеңдерінің құрылыс жұмысы тоқтап тұр. Жуалы ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Руслан Айтбайевтың айтуынша, Көксай каналынан бөлек, сол сияқты «Ақсай» каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысын салу жоспарланған. Оның инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ал жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ долларын құрайды. Бірақ бұл жобаның да құрылыс жұмыстары әлі бастала қоймаған. Бұдан бөлек алдағы уақытта Жуалы ауданында Біріккен Араб Әмірлігінің «Masdar» компаниясы жалпы қуаты 1 гигаватты жел электр стансасын салмақ ниетте.
Марат ҚҰЛИБАЕВ