Табиғи газ таулы аймаққа да жетті
Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы осының айнымас айғағы. Президентіміз Жолдауында алдымызға үлкен мақсаттар қойып, бағытымызды айқындап беріп отыр. Бұл еліміздің орнықты дамуының, халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыра түседі деген зор сенім ұялатады.
Бүгінде ауданда газдандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаевтың айтуынша, жалпы аудан бойынша 49 елді мекеннің 44-і табиғи газбен қамтылған.
Аудан бойынша 49 елді мекен 10134 аула болса, оның ішінде 44 елді мекенде 9638 ауланың аумағына газ тартылған. Ал бүгінгі күнге нақты 9197 аула газ тұтынып отыр. Яғни бұл газ игілігін көріп отырған халықтың 90 пайызын құрайды. Биыл Қошқарата ауылындағы газ құбырының құрылыс жұмыстарын аяқтап, тапсыру жоспарланған.
Биыл жыл басында Қошқарата ауылындағы газ желісінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы, Қошқарата ауылына кварталішілік газ кіргізу құрылыс жұмыстарын жүргізуге 110 миллион теңге бөлінген болатын. Нәтижесінде аудан бойынша жыл соңына табиғи газбен қамтылу үлесі 45 елді мекенге жетіп, тұрғындардың көгілдір отынмен қамтылуы 97,1 пайызды құрады. Сондай-ақ биыл табиғи газбен қамтылмаған Билікөл ауылдық округіндегі 4 елді мекенге 307 824,4 мың теңге қаралған. Атап айтқанда, Қарабастау, Абдықадыр, Жылыбұлақ пен Дарбаза ауылдарына кварталішілік газ тартуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі уақытта магистралды газ тарту желілеріне мемлекеттік сараптамадан өткізілуде және аталған елді мекендерді алдағы жылдарда газбен қамту жоспарлануда. Осылайша аудандағы елді мекендерді 100 пайыз табиғи газбен қамту көзделуде.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы