Экономика

Несие мен нәтиже: Ел кәсіпкерлеріне жасалып жатқан мүмкіндік мол

Бүгінгі күні мемлекет тарапынан субсидия, жеңілдетілген несие және кепілдендірілген қарыз беру арқылы шағын және орта бизнеске үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі үздіксіз артып келеді. Бүгінде осы бизнестің өкілдері 4,3 миллион адамға, яғни еңбек етіп жүрген азаматтардың тең жартысына жуығына жұмыс тауып беріп отыр. Сондықтан кәсіпкерлік бастамалар ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді деп сеніммен айтуға болады», – деген болатын.

Президент айтқандай, мемлекет ірі және орта бизнесті де дамытуға мүдделі. Бұл арада отандық және шетелдік инвесторлардың ел бизнесіне салып отырған көмегі зор. Жалпы, облыста өңір экономикасында биыл өнеркәсіп өндірісінің үлесі едәуір артып отыр. Аймақта 891 кәсіпорын жұмыс істесе, өңдеу өнеркәсібінде 46 мың адам еңбек етуде. Ал аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Руслан Айтбайевтың айтуынша, ауданда 6500 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның 2-уі орта, 203-і шағын, ал 2600-і жеке кәсіпкерлік. Қалғаны ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс істеп жатқан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтар. Жалпы кәсіпкерлік нысандар 700-ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдыңғы және биылғы Жолдауында ел азаматтарын жұмыспен қамту, ерекше жандарды мемлекет қамқорлығына алу, оларға жағдай жасау, кәсіп бастауға ниет еткен азаматтарға қайтарымсыз грант тағайындау, пайыздық мөлшері аз несие қарастыру жұмыстарын көтеріп, жүйелі тапсырмалар берген болатын. Президенттің осы тапсырмасы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан да жоспарлы жүзеге асырылып, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға – 500-ге тарта адам жолданса, оның 200-ге жуығы қайтарымсыз грант иегері атанып, өз кәсіптерін ашқан. Олардың қатарында аудан азаматтары да бар.

Шағын және орта бизнесте ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер де мемлекеттің қаржылық қолдауларынан тыс қалып отырған жоқ. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 26,9 миллиард теңге бөлініп, 15 мыңнан астам шаруашылыққа субсидия төленген. Сондай-ақ қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1594 агроқұрылымға 16,1 миллиард теңге несие үлестірілген. Биыл да бұл қолдау жалғасып келеді.

Қорыта айтқанда, кәсіпкерлерге жасалып жатқан мүмкіндік мол. Кәсіпкерлерге қысым жасауға тыйым салынған. Басты талап – кәсіпкерлер заң аясында жұмыс істеуі тиіс.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы