Еңбек адамы

Істің көзін тапқан, беделдің өзін табады

Еңбек адамы қашанда құрметті. Істің көзін тапқан байлық пен абыройдың өзін табады. Солардың қатарында «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің білікті маманы Серік Хусайнов та бар. Серік Жамантайұлының химия саласында тер төгіп келе жатқанына 40 жылға жуықтапты. Аталған саланы әбден меңгерген маманның жас ұрпаққа айтары да көп. Дәнекерлеу ісіне де әбден машықтанған. Сонымен қатар ол 5 ұл-қыз тәрбиелеп отырған асқар тау әке.

Дәнекерлеуші–беделді мамандық. Бүгінде жұмысшы мамандықтарын оқытуда кейбір салада мамандардың аздығы қатты байқалады. Қай бағытта ақсап тұрмыз, қандай мамандық иелеріне сұраныс көп, олар неге қат дегенді тереңдей талдап, соған баса мән берген Президенттің 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялануына орай елімізде түрлі кәсіби бағыттар бойынша ісшаралар ұйымдастырылуда.

Осы орайда Мұхтар Әуезов атындағы кітапханасының ұжымы жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру, болашақ кәсібін дұрыс таңдауға бағыт беру мақсатында Жамбыл политехникалық колледжінің 1 курс студенттерімен «Дәнекерлеуші – беделді мамандық» атты дәнекерлеуші мамандығының маңыздылығын дәріптейтін кездесу өткізді.

Дәнекерлеуші – ел экономикасының көрінбейтін, бірақ өте қажет мамандық иесі. Іс-шара барысында тәжірибелі маман Серік Хусайнов оқу орнының білім алушыларына дәнекерлеу жұмысының қыр-сырын таныстырды. Өзінің қызық та, қиындыққа толы өмір жолын әңгімелеп берді. Оларға өз кәсіптерінің ерекшеліктерін, еңбек қауіпсіздігі ережелерін, заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеудің жолдарын көрсетті.

«Мамандық – өмір таңдауы» атты бейнеролик студенттер назарына ұсынылып, соның төңірегінде өз ойларымен бөлісті. Кітапхана қызметкерлері «Мамандығым – мақтанышым» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Онда көпшілік назарына шетелдік және отандық авторлардың кітаптары мен «Техникалық және кәсіптік білім», «Колледж кәсіби білім беру» атты мерзімді басылымдар ұсынылып, жаңа әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.

«Бүгінгі кездесу өте әсерлі болды. Студенттер – еліміздің болашағы. Сондықтан оларға білгенімізді үйрету үлкен құндылық деп білемін. Біздің әулеттің тірегі – еңбек. Ұл-қыздарымды да адал еңбекке баулып өсіріп отырмыз», – дейді еңбек озаты Серік Жамантайұлы.

 

Айнұр БАЙСЕЙІТОВА

Абай атындағы Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің әдіскері.