Еңбек адамы

Ер жігіт «сегіз қырлы, бір сырлы» болуы керек

Жас кезде әр адам кез келген іске икемді, ілкімді болады. Ұлы Абай айтпақшы «адамның адамшылығы істі бастағандығынан көрінеді, қалайша аяқтағандығынан емес» демекші, жас күнде тапқан ақшаның берекесі де бөлек.

Тараздық жас азамат Сүйеніштің кәсібі бір қызық. Ол әр үйге адамдардың сұранысы бойынша теледидар көретін арнайы аумақ жасайды. Заманауи тілмен айтсақ «тв зона» жасайтын шебер. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, 25 жасар Сүйеніштің қолы алтын. Он саусағы өнерге толы жан. Бүгінгі күні халық теледидар көруді қойды деп ойласақ қателесіппіз. 2024 жылдан бері сұранысқа ие болған «тв зонаны» жасатушылар көп екен. Енді бұл аумаққа не кіреді десеңіз, оған иілгіш мрамордан немесе бамбук панельден арнайы рейка жасап, жан-жағына шкафтарын қойып, талғамыңызға сай етіп жасап береді. Декорын, интерерін өзіңіз таңдайсыз. Бағасы аса қымбат емес. 200 мыңның үстінде.

Шебердің бұл істі кәсіп қылғанына екі жылдай болыпты. Қазақстанның әр қаласына да барып жасап бере алады. Тек тапсырысты бір апта бұрын беру қажетсіз. Себебі Сүйеніш сіз таңдаған түске орай жиһазды жасап, көлеміне сай кесіп дайындайды, бояйды, әрлейді. Теледидар аумағы кәдуілгі үлкен жер үйлердің де, шағын пәтерлердің де сәнін кіргізеді. Бұрынғыдай қабырғаға теледидар іліп қою сәннен қалды. Керісінше, оның жан-жағын қоршаған аумағы болса, әдемілік көзге түседі.

Жақында ғана оқуын бітірген ол тек «тв зонаны» жасап қана қоймай өзгелерге де үйретіп жүр. Яғни, курс ретінде оффлайн да, онлайн да қолынан іс келетін жігіттерге білгенін оқытады. «Шебердің қолы ортақ» демекші, шынайы ісмер адамның қолынан шыққан дүние көпшілікке ортақ. Сол секілді Сүйеніштің жасаған жиһаздары халыққа танымал. Қай үйге барсаңыз да, оның жасаған қолтаңбасы бірден көрінеді. Айтпақшы, Сүйеніш үш адамды жұмыспен қамтып отыр.

Алдағы уақытта Сүйеніш ағаштан түйін түйген қолөнердің хас шебері болуды мақсат етіп отыр. Сондай-ақ түрлі гранттарға қатысып, жеңілдетілген несие алып, өз ісін өркендете түспек.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА