Сұхбат

«Еңбек еткенде қарапайым ережені сақтау маңызды»

Өнеркәсіптік еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты міндеттерінің бірі – техногендік апатқа әкелуі мүмкін түрлі салалардағы апаттардың алдын алу. Әлеуетті қауіптің көздеріне таукен металлургия, мұнай-газ өндіру, химия өнеркәсібіндегі өнеркәсіптік объектілер кіреді. Олардың саны елдегі экономиканы үздіксіз дамытуға, өндірістерді жаңғыртуға, өнеркәсіптік индустрияландыруға табиғи қажеттілікке байланысты жыл сайын артып келеді. Осы орайда біз Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне қарасты облыстық департаменттің басшысы Талғат Байзақовпен сұхбаттасқан едік.

– Талғат Тоқсанәділұлы, өнеркәсіптік қауіпсіздік дегенді тарқатып айтыңызшы. Сіз басқарып отырған мекеменің басты мақсаты не?

– Өнеркәсіптік қауіпсіздіктің басты мақсаты – зауыттың өндірістік нысандарында қауіпті оқиғаларды болдырмау мен апатты жағдайлардың алдын алуды көздейді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік – өндірістік бақылауды қамтамасыз ету жолымен атқарылады. Өндірістік қауіпсіздікті бақылау – өнеркәсіптік қауіпсіздікті басқару жүйесінің бір бөлігі. Ол зауыттың қауіпті өндірістік нысандарының қызметін қауіпсіздендіру, олардағы апаттық жағдайлардың алдын алу, апатты жағдайлар бола қалған жағдайда, келген зардабын жоюдың кешенді шараларын өткізу арқылы жүзеге асырылады. Шектелген, салмағы асып кеткен жүкті көтеруге болмайды. Ол бірінші кезектегі мәселе. Техниканың өзінің қауіпсіздік құралдары бар. Біз қауіпсіздік құралдарының болуын, оның дұрыс жұмыс істеуін тексереміз, міндетті түрде оны куәландырамыз. Маман барып тексергенде салмағына, техникалық жағдайына, ережелерге сай екендігі сараланып, ары қарай жұмыс істеуге рұқсат береміз. Мәселен, қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар бар. Олардың жарылу қаупі бар. Сондай жағдайлардың алдын аламыз.

– «Апат айтып келмейді» деген. Қандай өндірістік обьектілерді тексересіздер? Құзырларыңызға не кіреді?

– Азаматтық қорғау туралы заңның 70 бабында көрсетілгендей, қауіпті өндірістік нысандарға жарылу, апат болу қаупі бар нысандар жатады. Қауіпті техникалық құрылғыларды қамтамасыз етеміз. Тау-кен жұмыстарының, химия, металлургия кешендерінің өз ережесі бар. Қысыммен жұмыс істейтін қазандықтардың ережелері, бағыты өте көп. Кішкентай ғана департамент болғанымен әр маманның өз орны, атқаратын қызметі бар.

– Өзіңіз басқаратын департаменттің жыл басынан бергі атқарған істеріне тоқталсаңыз. Қандай құқықбұзушылықтар анықталуда? Қадағалауларыңызда неше кәсіпорын бар?

– 2024 жылдың басынан бері Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаменті қауіпті өндірістік нысандарда апаттың болу мүмкіндігін азайту бағытында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізіп келеді. Департаменттің қадағалауында 319 кәсіпорын бар, оның ішінде 133 тәуекел дәрежесі жоғары субъект, 149 тәуекел дәрежесі орташа субъект және 37 тәуекел дәрежесі төмен субъекттерге жатқызылады. 2024 жылдың үшінші тоқсанында департаменттің инспекторлық құрамы 24 бақылау және қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізді. Жалпы, 452 қауіпті өндірістік объект зерттелді, оның барысында өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелері мен нормаларының 334 бұзушылығы анықталды. Сонымен қатар департаментте 480 мемлекеттік қызмет көрсетілді, соның ішінде жарылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат алуға 46 сұраныс қаралып, 46 сұранысқа келісім берілді. 96 қауіпті өндірістік объектілерді салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамаларының келісуі қаралды. Оның ішінде 92 жобаға келісім беріліп, 4 жобаға келісуден дәлелді бас тартылды. Бұдан бөлек қауіпті техникалық құрылғыларды есепке қою және есептен шығару бойынша 328 өтінішқаралып, оның ішінде 205 қауіпті техникалық құрылғы есепке қойылып, 77 қауіпті техникалық құрылғы департаменттің есебінен шығарылды және 46 өтінішке дәлелді бас тарту берілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті декларациялайтын заңды тұлғалардың басшыларының сондай-ақ тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссияларының мүшелерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары мен нормаларын білуге – 10 өтініш, жалпы 26 адамның білімі тексерілді. Департамент инспекторлары 35 техникалық куәландыруға, 5 жазатайым оқиғаны тергеу жөніндегі комиссияға, 46 қабылдау сынағына және 16 оқу дабылын өткізуге қатысты.

Есепті кезеңде бөлімнің инспекторлық құрамымен лицензияланған қызмет түрлеріне келісім беру үшін 20 өтініш қаралып, біліктілік талаптарға сәйкестігі туралы жауап берілді, атап айтқанда:

– уларды өндіру, өңдеу, сатып алу, сақтау, өткізу, пайдалану, жою жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін сәйкестікке рұқсат беру жұмыстарына 6 келісім берілді;

– прекурсорлар айналымына байланысты қызметті жүзеге асыру үшін сәйкестікке рұқсат беру жұмыстарына 11 келісімге рұқсат етілді;

– тау-кен және химия өндірістерін пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия беру үшін субъектінің біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру жұмыстарына 3 келісім оң шешімін тапты.

Өткен жылдың 13 наурызында «Өнеркәсіптік бағыттағы қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік» тақырыбында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласы бойынша толық және нақтылы ақпаратты жедел жолдау және басқа да кемшіліктерді болдырмау бағытында бұқаралық ақпарат құралдарына материалдар жариялау кезінде, авариялар, оқыс оқиғалар орын алған жағдайда егер ол объект қауіпті өндірістік объект болса – өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органынан немесе егер объект – әлеуметтік инфрақұрылымдық объект болса – жергілікті атқарушы органның энергетика және тұрғын-үй құрылыс басқармасынан нақты, дұрыс мәліметтерді алып, жариялау қажеттігі брифинг аясында БАҚ өкілдеріне жеткізілді. Брифинг барысында қауіпті өндірістік объектілері бар ұйымдар Қазақстан Республикасы «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 16-бабы 3-тармағының 9-тармақшасына сәйкес, қауіпті өндірістік ұйымдарда орын алған апаттар мен қауіпті өндірістік факторлар туындаған жағдайда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне дереу хабардар ету қажеттігі аталып өтті.

– Бір сөзіңізде маман тапшылығы бар деп қалдыңыз. Қандай мамандар жетіспейді?

– Шыны керек бос жұмыс орны бар деп жәрмеңкеге де қатыстық. Қайырылып жатқан жас жоқ. Бәлкім, бұл саланы жетік түсінбегендіктен болар. Мүмкін жалақыны азырқанатын шығар. Жұмыс сұрап келіп жатқан адам жоқ. Негізі әр саланың өз маманы болуы керек. Сондықтан бізге арнайы маман қажет. Есепті кезеңде қадағалау және бақылау жұмыстарына штат бойынша 16 мемлекеттік инспектор, нақты саны 13 адамды құрайтын мемлекеттік инспекторлық құраммен жүргізді. 3 бос орын, атап айтқанда: 2 тұрақты бос орын, 1 уақытша бос орын бар. Инженерлік, өңдеу және құрылыс саласындағы жоғары оқу орнынан кейінгі немесе жоғары білімі бар, маркшейдерлік іс немесе тау-кен ісі немесе геология мұнай-газ ісі мамандары қажет.

– Жақында ғана «Алтын алмас» кешенінде оқыс оқиға орын алды. Осыған байланысты тиісті шаралар қабылданды ма? Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін не істеу керек?

– Тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Апат болды. Комиссия жұмыстары толық аяқталды. Зерделеу нәтижесінде кешеннің маманы өз еркімен өзіне қатысты жұмыстар жүргізу кезінде оқыс оқиға туындаған. Тыйым салынған орынға барған. Өзінің жұмыс істейтін орнынан тіптен басқа шахтаға кіріп кеткен. Жұмыс істеу орны Бескемпірде, ал оқиға «Ақбақайда» орын алып отыр. Ол адам Бескемпірден шығып кетіп, басқа шахтаға кірген. Осындай оқиғалар орын алмас үшін ережелер сақталуы тиіс. Адам өміріне зиян тигізбеу, оқыс жағдайлар орын алмау, басқа адамдарға зиян келтірмеу үшін техникалық қауіпсіздік маңызды. Крандарды көтеріп жатқанда адам астында тұрып қалмау керек. Соның бәрі қарапайым ережеден басталады.

– Өзіңіз айтып отырған өндіріс орындарында техника қауіпсіздігі сақталады ма? Олар қаншалықты тексерістен өтіп тұрады? Мониторинг жасалады ма?

– Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес бекітілген қанша кәсіпорын болса соның 5 пайызынан аспайтын бөлігіне алдын ала бақылау жүргізіледі. Соған сәйкес жыл соңында жартыжылдық жоспар дайындалады. Мамыр айынан ары қарай тағы жоспар дайындаймыз. 15-16 кәсіпорынды тексеруден өткіземіз. Жоспарға сәйкес 25 кәсіпорынды толық аяқтап бақылдаудан өткіздік. Ал жыл соңына дейін 32 кәсіпорын тексеріледі. Оның тәуекел дәрежелері бар. Жоғары тәуекел дәрежесі бар кәсіпорындар ғана тексерістен өтеді.

– Қай жақтың тумасысыз? Департаментті басқарғаныңызға неше жыл болды? Жалпы атқарған қызметтеріңіз қандай?

– Жалпы еңбек өтілім – 20 жыл. Оның барлығы осы бір мекемеде, департаментте өтіп жатыр. Бас маманнан бастап департамент басшысы деңгейіне дейін көтерілдім. 2020 жылы жаңа аумақтық департамент құрылғаннан кейін қайта тағайындалдық. Жамбылдың тумасымын. Тараз қаласындағы №12 мектеп-гимназиясында білім алдым. Ел қатарлы озат оқушының бірі болдым. Бұзықшылық жасамадым. Одан соң Шымкент қаласындағы химия технология институтын бітірдім. Мамандығым – инженер-химик-технолог. Мамандығым бойынша қазіргі Минералды тыңайтқыштар зауытында 12 жыл жұмыс істедім. Қарапайым жұмысшыдан цех бастығына дейін қызмет атқардым.

-Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Екі ұл, екі қызым бар. Ұлым үйленген, қызым тұрмыс құрған. Ең кенжеміз мектепте оқиды. Жұбайым екеуміз институтты бірге Шымкент қаласында тәмамдағанбыз. 1992 жылы екеуміз оқуды бітіріп келген соң сол кездегі Супер Фосфат зауытына жұмысқа тұрдық. Ол әлі күнге сол жерде жұмыс істейді. Лаборант болып орналасқан ол, бүгінде зауыттың бас экологы.

– Биылғы 9 айда апатты жағдайлар орын алды ма?

– Осы күнге дейін біздің де еңбегіміздің нәтижесі шығар апат орын алған емес. Инциденттер орын алады. Бірақ ол апатқа алып келетін зардап шеккен жағдайлар болған емес. Жалпы адаммен байланысқан қатынастар еңбек қауіпсіздігімен қамтылады. Оған еңбек инспекциясы жауап береді. Біздің мамандар комиссия құрамына қатыса алады. Болып отырған жазатайым оқиғалардың бәрінде техниканың қаупінен болған зардап шегулер болған емес.

– Сіз үшін отбасылық құндылық дегеніміз не? Жеке тұлға әрі азамат ретінде пікір білдірсеңіз.

– Отбасы құндылығы мен үшін – сенім, бір-біріңе деген қамқорлық. Жанашырлық, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет. Соның бәрі болса – отбасының тыныштығы да берекесі де болады.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан Эльмира БАЙНАЗАРОВА