Саясат

Астанаға үш мемлекеттің Президенттері не мақсатпен келді?

Соңғы жылдары Қазақстанның көпвекторлы дипломатиялық қарым-қатынасының жаңа кезеңге өтуі еліміздің әлемнің алыс-жақын мемлекеттерімен барыс-келісті арттыруына түрткі болғаны белгілі. Осының бір айғағы, өткен қазан айы тек республикалық емес, халықаралық деңгейдегі айтулы іс-шараларға да толы болды. Мәселен айдың басында Астанаға ресми сапармен Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок келсе, 21 қазанда Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, бір аптадан соң Финляндия Президенті Александр Стубб келіп кетті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болса, өткен айда достас екі мемлекетке жұмыс сапарымен барып, алдымен Әзербайжанның Габала қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммитіне, артынша Душанбеде ұйымдастырылған «Орталық Азия – Ресей» форматындағы екінші саммит пен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысып қайтты. Осындай мемлекеттер арасындағы «барыс-келіс» пен «алыс-беріс» еліміздің әлеуметтікэкономикалық дамуын ілгерілетуге, сонымен қатар халықаралық сахнадағы беделін нығайтуға өз үлесін қосып отырғаны сөзсіз.

Мемлекеттер арасындағы диалог артпаса, кеміген жоқ

Бүгінде Қазақстанмен қарым-қатынасты жан-жақты дамыту көптеген мемлекеттердің сыртқы саясатында айрықша орын алады. Осындай байланысты стратегиялық тұрғыдан маңызды деп санайтын әрі жоғары бағалайтын Мажарстан Президентінің 2-3 қазан күндері Астанаға жасаған алғашқы ресми сапарын екі ел қарым-қатынасының жаңа белесі деп қабылдауға болады. Тамаш Шуйоктың ресми сапары аясында өткен келіссөз барысында екі елдің президенттері Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту перспективасын талқылады. Отыз жылдан астам уақытта мемлекеттер арасындағы саяси диалог артпаса, кеміген жоқ.

Экономикалық жобалар, мәдени-гуманитарлық бастамалар ойдағыдай дамып келеді. Мажар елі Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық әріптеске айналды. Кейінгі жылдары мемлекет көшбасшыларының барыскелісі де толастаған емес. Әр кездесу достық сипатта өтіп, маңызды уағдаластықтарға қол жетті деуге болады. Бүгінде қазақ-мажар байланысы қалай дамып жатыр дегенге келсек, саясаттанушылардың пікірінше, Қазақстанның қарт құрлықтағы мажар жұртымен қатынасы қарқын алып келеді.

Екі ел ортақ тарихтан бөлек, сауда-экономикалық серіктестікті тереңдетуге ниетті. Осы орайда Мажарстан Президенті Тамаш Шуйоктың Астанаға ресми сапары дәстүрлі жолды ілгерілетеді деген сенім мол. Мемлекет басшысының айтуынша, екіжақты сауда-экономикалық қарымқатынастардың берік негізі мен зор әлеуеті бар. Былтыр тауар айналымы шамамен 200 миллион долларға жетсе, ал биылғы сегіз айда 22 пайыз өскен.

Бүгінде Қазақстан экономикасына 400 миллион долларға жуық инвестиция салған 35-тен аса мажар компаниясы жұмыс істеуде. Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия, денсаулық сақтау, логистика мен қаржы салаларында 607 миллион долларға бағаланатын 20 бірлескен жоба іске асырылып жатыр. Алдағы уақытта Қазақстан мен Мажарстан өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізбек. Келіссөздер барысында халықаралық көлік дәліздерін, логистика инфрақұрылымын дамытудың маңызына мән берілді. Мәселен Астана мен Будапешт арасында тікелей әуе рейсі қайта жандануы мүмкін.

Биыл Шымкенттен Будапештке тікелей әуе қатынасы ашылған болатын. Енді екі ел астаналары арасындағы әуе қатынасын қайта орнату мүмкіндігі қарастырылатын болды. Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің өткен айда Астанаға мемлекеттік сапармен келуін қазақстандықтар қуанышпен қабылдады. Бұл соңғы үш жыл ішіндегі Әзербайжан көшбасшысының Қазақстанға үшінші ресми сапары.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы байланыс айтарлықтай жанданып, стратегиялық әріптестік жаңа деңгейге көтерілуде. Ең алдымен, жаһандық өзгерістер аясында екі мемлекет өзара үндес ұлттық мүдделерге сүйенген ынтымақтастықты нығайтып келеді. Ортақ тарихи-мәдени негізге сүйене отырып, Астана мен Баку барлық тараптың мүддесіне сай заманауи жобаларды жүзеге асыруда. Соңғы жылдары Қазақстан мен Әзербайжан басшыларының жиі кездесуі мен келіссөздері де елдер арасындағы қарым-қатынастың дамуына даңғыл жол ашуда.

Ақордада Әзербайжан Президентімен келіссөз жүргізген Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің Қазақстанға келген сапарын елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды оқиға деп атады.

Кездесуде ірі инфрақұрылымдық, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдары секілді стратегиялық тұрғыдан маңызды жобаларды жүзеге асыру барысы қарастырылды. Былтыр бұл бағытта жүк тасымалдау көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаны құрады. Биылғы көрсеткіштер де көңілге сенім ұялатады, өсім 2 пайызды құрады. Бұдан бөлек, порттардағы терминалдардың қуатын арттыруға назар аударылды. Ильхам Әлиев екіжақты байланыстардың жоғары деңгейіне назар аударды.

Бүгінде Қазақстанда әзербайжандық капиталдың қатысуымен шамамен 1500 компания жұмыс істейді, ал Әзербайжанда 150-ге жуық қазақстандық кәсіпорын тіркелген. Қос ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастық та қарқынды түрде дамып келеді. 2005 жылдан 2025 жылдың бірінші тоқсанына дейін Әзербайжанның Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестиция көлемі 424,6 миллион АҚШ долларын құраса, Қазақстан тарапынан осы кезеңде Әзербайжанға бағытталған инвестиция 156 миллион долларды құрады.

Келіссөз қорытындысы бойынша президенттер Бірлескен мәлімдеме қабылдап, энергетика, көліклогистика, цифрландыру, жасанды интеллект, өнеркәсіп қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, статистика салаларындағы және мәдени-гуманитарлық байланыстар бағытындағы ынтымақтастық жөнінде 15 құжатқа қол қойылды. Жалпы, Әзербайжан Президентінің Қазақстанға кезекті сапары екі мемлекет арасындағы одақтастық қатынасты нығайтуда және бауырлас елдердің экономикасы мен өзара ынтымақтастығын арттыруда маңызды кезең болды деуге толық негіз бар.

28 қазан күні елорда тағы бір мәртебелі мейманды қарсы алды – Қазақстанға екі күндік сапармен Финляндия Президенті Александр Стубб келді. Ресми сапар аясында мемлекеттер басшылары «Ақорда» резиденциясында келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективасын, сондай-ақ жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады, «Қазақстан – Финляндия» бизнес форумына қатысты.

Айта кетсек, бұл Александр Стуббтың президент ретінде елімізге алғашқы ресми сапары. Қазақстан басшысының айтуынша, Финляндия еліміздің Солтүстік Еуропа мен Еуропа Одағындағы басты сауда серіктесі саналады.

Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар. Еліміз Финляндия компанияларымен бірлескен жобалардың жүзеге асырылуына жанжақты қолдау көрсетуге дайын. Қасым-Жомарт Тоқаев фин бизнесмендерін Орталық Азияның кең нарығына шығу үшін Қазақстанда шетел инвесторларына жасалатын қолайлы жағдайды пайдалануға шақырды.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб тараптардың ортақ ұстанымдары мен бүгінгі келіссөз барысында айтылған бастамалары көрініс тапқан Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Жалпы, Финляндия Президентінің елімізге ресми сапары аясында 15 құжатқа қол қойылды. Сол күні Александр Стуббпен бірге «Қазақстан – Финляндия» бизнес форумына қатысқан ҚасымЖомарт Тоқаев Финляндия Президентінің Астанаға ресми сапары еларалық қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтіп, Қазақстан мен Финляндия арасындағы серіктестікті кеңейтуге және дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге ниетті екенін растады.

Былтыр Финляндияның Қазақстанға құйған тікелей инвестициясы 80 пайыздан асып, жалпы есебі жарты миллиард долларға жуықтаған. Бүгінде Қазақстанда фин тарапының қатысуымен 50-ге жуық компания табысты жұмыс істейді. Олардың арасында Tikkurila, Wärtsilä, Nurminen, Metso, Valtra, Peikko және басқа да әлемге танымал брендтер бар. Қазақстан осы серіктестікті кеңейтуге, сондай-ақ еліміздегі фин инвестициясының және іскерлік тобының артуына бейіл. Бизнесфорумда Президент Финляндия іскерлік топтарын «Астана» халықаралық қаржы орталығымен байланыс орнатуға шақырып, еліміздің фин компанияларына сенімді әрі ұзақмерзімді серіктес болуға ұмтылатынын айтты.

Финляндия Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді серіктесі ретінде көреді. Соңғы жылдары фин инвесторларының Қазақстан экономикасына деген қызығушылығы айтарлықтай артқан. Бұған тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің өсу қарқыны дәлел.

Қазақстандық кәсіпкерлер жұмысының тиімділігін, сондай-ақ екі ел бизнес құрылымдарының арасында өзара сенім бар екенін атап өткен Финляндия Президенті фин компаниялары Қазақстан нарығындағы қызметін кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Күн тәртібінде – көпжақты байланысты дамыту

Өткен айда Әзербайжанның Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммиті өтіп, мемлекеттер басшылары кеңесіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да қатысқаны белгілі. «Өңірлік бейбітшілік және қауіпсіздік» тақырыбына арналған отырыстың күн тәртібіне Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен тереңдетудің өзекті мәселелері енгізіліп, қаралды. Түркі мемлекеттері ұйымы түркітілдес елдерді біріктіретін халықаралық ұйым болып саналады. Негізгі мақсаты – экономикалық, мәдени және әлеуметтік ынтымақтастықты дамыту, сонымен қатар түркі халықтары арасындағы жан-жақты байланыстарды одан әрі тереңдету. Мәселен Ұйым өткен он алты жылда 40-қа жуық салада ынтымақтастық орнатқан.

2009 жылдан бері саммиттерде көтерілген көптеген бастама біртіндеп жүзеге асуда. Мысалы, көлік-логистикалық бағытта Орта дәлізді дамытуға басымдық беріліп, кедендік рәсімдерді жеңілдету және электрондық рұқсат жүйесін енгізу қолға алынған. Энергетика, «жасыл» экономика, мәдени-гуманитарлық алмасу бағыттарында да нақты жобалар іске асырылып жатыр. Киберқауіпсіздік кеңесін құру, суару жүйелерін цифрландырып, бұл бағытта тың әдістерді кеңейту – Қазақстан басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының кезекті саммитінде осындай бірқатар маңызды бастамаларды көтерді.

Жиында ҚасымЖомарт Тоқаев заманауи қауіптерге қарсы күш біріктірудің маңызын атап өтті. Президенттің айтуынша, Түркі мемлекеттері аумағында тұрақтылықты, қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту ісінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің рөлі мен әлеуеті ерекше. Саммит аясында, Әзербайжан астанасы Бакуде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Габала декларациясына қол қойды. Түркі көшбасшыларының бұл кезекті басқосуы мемлекеттердің саяси-экономикалық келешегіне тікелей әсер етпек. Бұл бір жағынан ТМҰ-ның салмақты альянсқа айналғанын айшықтаса, ендігі кезекте түркі әлемінің бауырластықтың жаңа деңгейіне өткенін көрсетеді. Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбе қаласына барды.

Жұмыс сапарының алғашқы күнінде Мемлекет басшысы Қабылдаулар сарайында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесу өткізіп, тараптар бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асырудың маңызына тоқталды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысып, сөз сөйледі. Президент аймақ пен Ресей арасындағы екіжақты және көпжақты ықпалдастықтың бірқатар өзекті бағытына қатысты ойымен бөлісті.

Бірінші басымдық ретінде сауда және индустриалды қарым-қатынасты дамытуға тоқталды. Орталық Азия елдерінің Ресеймен сауда көлемі барлық тауар айналымының үштен бірін құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 20 пайыз өсіп, 50 миллиард доллардан асқан. Аталған көлемнің жартысынан көбі Қазақстан мен Ресей арасындағы саудаға тиесілі. Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына енді. Инвестиция көлемі 26 миллиард доллардан асты.

Былтырдың өзінде Ресейден тікелей келетін инвестиция ағыны 33 пайыз ұлғайып, 4 миллиардтан аса долларға көбейген. Жалпы құны 21 миллиард долларды құрайтын 114 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта 33 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Еліміз үшін Ре с еймен ст ратегиялық ықпалдастықтың маңызы зор. Ол – өңір мемлекеттерінің әлем нарығына шығатын негізгі қақпасы. Сондықтан Ресеймен көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипаты айрықша маңызды. Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық көлік дәлізі өтеді, яғни бес темір жол және алты автокөлік жолы. Оған Азия мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы тиесілі.

Соңғы 15 жылда саланы кешенді жаңғыртуға 35 миллиард доллардан аса қаржы жұмсалды. Нәтижесінде жүк тасымалының көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Ресейден Орталық Азияға Қазақстан арқылы темір жолмен тасымалданған жүк көлемі соңғы үш жылда 26 пайыз артып, 30 миллион тоннадан асты.

Бұл ретте кері бағыттағы транзит шамамен 50 пайыз ұлғайды. Сонымен қатар Ресейден Қытайға еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі үш есе артып, 5 миллион тоннаға жетті. Қазақстан Президенті Душанбе саммитінің қорытындылары Ресей мен Орталық Азия елдерінің тұрақтылығы мен өркендеуі жолында өңірлік ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді.

Елдер арасындағы қатынастың дамуына даңғыл жол ашатын кездесулер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен айда елімізге келген бірқатар қонақтарды – шетелдік компаниялар басшыларын, парламент мүшелері, ұйымдардың бас хатшылары мен бизнес өкілдерін қабылдады. Мәселен 2 қазан күні елордада өткен Digital Bridge 2025 халықаралық форумы алаңында оған қатысушы бір топ қонақтармен кездесіп, әңгімелесті. Солардың бірі – Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стребулаевты қабылдаған Қасым-Жомарт Тоқаев венчурлық инвестиция тарту, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы Қазақстанның стартаптарын дамыту әлеуетін талқылады.

Мемлекет басшысы профессордың сарапшылық пікірін және Қазақстанға венчурлық инвестиция тартуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Халықаралық форум алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Жасанды интеллект, цифрлық экономика және қашықтан жұмыс істеу мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Омар Әл-Оламамен және Абу Даби Денсаулық сақтау департаментінің төрағасы, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим әл-Мансуримен де кездесті.

Әңгімелесуде Қазақстан мен Әмірліктер арасында жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективасы қарастырылды. Мемлекет басшысы елімізде жасанды интеллектіге маманданған әрі ғылыми зерттеу мен әзірлемелерге басымдық беретін университет ашу жоспарымен бөлісті. Осы орайда әлемдегі алғашқы ІТ университетті құрған БАӘ тәжірибесін зерделеудің өзекті екенін жеткізді. Кездесуде Smart City бірлескен жобасына ерекше мән берілді.

Президенттің айтуынша, аталған жоба екіжақты серіктестікті дамытудың маңызды кезеңіне жол ашады. Сондай-ақ Президент Digital Bridge 2025 форумы алаңында Binance компаниясының негізін қалаушы Чанпэн Чжаомен, Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровпен, Sinovation Ventures және 01ai компанияларының бас директоры Ли Кай Фумен кездесіп, әңгімелесті. Айдың алғашқы күндерінде елімізге келген мәртебелі меймандардың бірі – ОПЕК бас хатшысы Хайтам әл-Гаисты қабылдаған Қасым-Жомарт Тоқаев әңгімелесу барысында әлемдік мұнай нарығының қазіргі жағдайы мен ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы ОПЕК-тің жаһандық мұнай нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерін жоғары бағалады. Президенттің айтуынша, Қазақстан ұлттық мүддені қорғауға басымдық бере отырып, мұнай өндіру көлемін біртіндеп ұлғайту жөніндегі ОПЕК+ шешімін қолдайды. Әңгімелесу барысында өңірдегі энергетикалық жүйенің орнықтылығын нығайту бағытындағы бірлескен шаралар пысықталды. Мемлекет басшысының Халықаралық электр байланысы одағының бас хатшысы Дорин Богдан-Мартинмен кездесуінде Қазақстан мен Халықаралық электр байланысы одағы арасында цифрлық және телекоммуникациялық технологиялар бағытындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

Президент заманауи цифрлық экожүйе мен дамыған инфрақұрылым қалыптастыру мәселесіне айрықша мән берді. Осы орайда Қазақстанның OneWeb, Starlink, Amazon Kuiper және Shanghai Spacecom Satellite Technology сияқты төмен орбиталы жер серіктері жүйесі жобаларына белсенді түрде қатысатынын атап өтті. Қазан айының екінші онкүндігінде Мемлекет басшысы «Швейцария – Қазақстан» парламенттік достық тобының мүшелерімен кездесті. Президент Қазақстан Еуропадағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесі саналатын Швейцариямен ұзақ жылдардан бері қалыптасқан қарым-қатынасқа ерекше мән беретінін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, швейцариялық депутаттар делегациясының елімізге келуі жан-жақты ықпалдастықты одан әрі дамытуға қос тараптың да ниетті екенін көрсетеді. «Швейцария – Қазақстан» парламенттік достық тобының үйлестірушісі Филиппо Ломбарди Мемлекет басшысына Швейцарияның серіктестік байланыстарды кеңейтуге және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.

Ақордада «Лукойл» компаниясының акционері Вагит Алекперовті қабылдаған Президентке «Лукойл» компаниясының Қазақстандағы қызметінің нәтижелері және алдағы кезеңге арналған жоспары туралы мәлімет беріліп, «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» бірлескен ірі жобаларын іске асыру барысы баяндалды. Сол күні Президент «Лукойл» компаниясының мерейтойлық іс-шарасына қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге келген басқа да бірқатар қонақтарды қабылдады. Олардың қатарында Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің президенті Витольд Банька мен Халықаралық стандарттау ұйымының Бас хатшысы Серхио Мухика бар.

29 қазанда Қазақстанға АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гор мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландау келді. Вашингтонда өтетін С5+1 саммиті қарсаңында қазақ-америка кеңейтілген стратегиялық серіктестігін дамыту перспективасы талқыланған кездесуде Президент алдағы жоғары деңгейдегі кездесу ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың басты бағыттарын айқындау тұрғысынан нәтижелі болатынына сенім білдірді.

Қазақстан Америкамен сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікке тың серпін беруге мүдделі. Мемлекет басшысы Дональд Трамптың бейбітшілікті нығайтуға және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалап, жаһандық үдерістердегі Орталық Азияның рөлі артып келе жатқанына тоқталды. Серджио Гор Қасым-Жомарт Тоқаевқа Америка Президентінің сәлемін жеткізді.

Еске сала кетсек, Ақ үй басшысы Қазақстан Президентін 6 қараша күні Вашингтонда өтетін Орталық Азия – АҚШ форматындағы саммитке қатысуға шақырған болатын.

Бүгінде Қазақстан дамудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Елімізде қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, экономикалық даму қалыпты. Сондықтан да көптеген мемлекеттер елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды зор қызығушылықпен бақылап қана қоймай, Қазақстанмен барлық бағыттағы ықпалдастықты нығайтуға ниеттеніп отыр. Оның айқын көрінісі ретінде елімізге келген мемлекеттер басшыларының сапарларында қол жеткен тарихи мәмілелерді айтуға болады.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП