Егін жинау жұмыстарының 94,5 пайызы аяқталды
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен апталық жоспарлау кеңесінде ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, табиғи ресурстар, ветеринария салаларындағы атқарылған жұмыстар мен жылдық жоспардың орындалуы талқыланды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, 2025 жылдың 9 айында 362,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Негізгі капиталға 33,2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жыл басынан бері 335 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Биыл 640 мың гектар егістік алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.
Егістік алқаптарын әртараптандыру мақсатында мал азығы дақылдары 3,6 мың гектарға, майлы дақылдар 5 мың, көкөніс дақылдары – 4,7 мың, бақша дақылдары 7,3 мың гектарға, картоп – 1,5 мың гектарға артып отыр. Шілде айынан басталған егін жинау жұмыстарының 94,7 пайызы орындалып, 3,2 миллион тонна өнім алынды (жылдық жоспар – 3,4 миллион тонна). 8,2 мың гектар картоп дақылы 100 пайыз жиналып, 207 мың тонна, 31,1 мың га көкөніс дақылдарының 97,3 пайызы жиналып, 1,2 миллион тонна, 38 мың га майлы дақылдар 100 пайыз жиналып, 31,3 мың тонна, 12,7 мың гектар бақша дақылдары 100 пайыз жиналып, 389 мың тонна, 18,1 мың гектар жүгері дақылының 100 пайызы жиналып, 129 мың тонна өнім алынды.
Күзгі дала және жинау жұмыстарына 9,3 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы тартылды. Ол үшін мемлекет тарапынан 4,3 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді. Бұдан бөлек, көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары аясында облысқа 7 миллиард теңге қарастырылған болатын.
Бүгінге дейін 209 шаруаға 4,9 миллиард теңге қаражат 5 пайыздық несиемен берілді. 5,3 мың гектар алқаптан 292,6 мың тонна қант қызылшасын алу жоспарлануда. Шаруалар «Меркі қант» зауытына 90,5 мың тоннадан астам тәтті түбірді өткізді. Ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаевтың хабарлауынша, өңірде ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспарға сай жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін жоспарланған 16,5 миллион вакцинацияның 11,3 миллионы, 5,6 миллион диагностикалық шараның 4,3 миллионы орындалды. 1 362 284 бас төл бірдейлендіріліп, АШЖБ дерекқорына енгізілді (жылдық жоспар – 1491790). 194,6 миллион теңгеге жануарлардың құлақ жапсырмалары сатып алынды.
Облыстағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан 46 елді мекенде үш кезең бойынша 24 398 қоражай, 168 мың шаршы метр буферлік аймақ және барлығы 580 мың бас ауыл шаруашылығы жануары залалсыздандырылды.
2025 жылы 46 типтік үлгідегі ветеринариялық пункттің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 21 нысанның құрылысы аяқталды. 11 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Қалған 14-іне жер телімі дайын тұр. Басқосуда кәсіпкерлік, табиғи ресурстар, жер қатынастары және өзге де салалардағы мәселелер қаралып, жауапты тұлғалар баяндама жасады. Облыс әкімі аталған салаларға жауапты орынбасары Әбілхайыр Тамабек пен басқарма басшыларына, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.
Өңір басшысы ауылшаруашылығы саласындағы көрсеткіштердің 100 пайыз орындалуын қамтамасыз етуді, салаға инвестиция тартуға жіті көңіл бөлуді, «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы, «Тараз» индустриалық аймағы және «Талас» субаймағының инфрақұрылымын дамыту, жобаларды іске асыруды бақылауға алуды міндеттеді.
Сонымен бірге ветеринария саласында вакцина егу, жануарларды бірдейлендіру, материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша іс-шаралардың жүйелі орындалуын ұйымдастыруды, жер қатынастары, жер қойнауын пайдалану және су шаруашылығы саласында пәрменді шаралар қабылдауды талап етті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі