Энергия үнемдеу - уақыт талабы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиі айтып жүретін Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) – бұл Біріккен Ұлттар ұйымы 2015 жылы қабылдаған адамзаттың дамуына арналған 17 жаһандық мақсат. Тұрақты даму мақсаттарының ішіндегі 7-мақсат: «Қымбат емес, сенімді, тұрақты және заманауи энергия көздерінің барлығы үшін жаппай қолжетімділігін қамтамасыз ету».
Қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану – қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі. Бүгінде әлем елдері климаттың өзгеруі мен табиғи ресурстардың сарқылу қаупімен бетпе-бет келіп отыр. Энергияны тұтынудың әлем бойынша артуы – жерасты қазбаларынан алынатын отын қорына тәуелді. Ал ол шексіз емес және жыл сайын кемуде. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, жерасты отын қорын сақтаудың бірден бір жолы – баламалы энергия көздері – күн, жел сынды табиғи ресурстарды пайдалану болып саналады. Осы жағдайда Қазақстан да энергия тиімділік саясатын дамытуды ұлттық басымдық ретінде айқындады. Соңғы жылдары елімізде энергия үнемдеу мен «Жасыл экономикаға» көшу бағытында нақты шаралар қолға алынуда.
«Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заңға сәйкес, өнеркәсіп орындары энергия аудитін жүргізуге міндеттелді. Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, энергияны үнемдейтін технологияларды өндіріске енгізу ісі қарқын алып келеді. Су энергетикасы – электр энергиясын су қорларының қуатын пайдалану арқылы алатын саласы. Алғашқы су энергиясы диірмендердің, станоктардың, балғалардың, ауа үрлегіштердің және тағы басқа да жұмыс машиналарының жетектерінде пайдаланылды.
Гидравликалық турбина, электр машинасы жасалып, электр энергиясын едәуір қашықтыққа жеткізу тәсілі табылғаннан кейін, су энергиясын су электр стансаларында электр энергиясына түрлендіру жолының жетілдіруіне байланысты су энергетикасы электр энергетикасының бір бағыты ретінде дамыды. Гидроэлектр станциялары – Қазақстандағы ең көне және кең таралған жаңартылатын энергия түрі. Еліміздегі ірі су стансаларына Шардара ГЭС, Бұқтырма ГЭС, Қапшағай ГЭС, Мойнақ ГЭС жатады. Қазіргі таңда еліміздің әр аймағында жел мен күн электр стансалары іске қосылып, қуат көзін үнемді әрі экологиялық таза жолмен өндіру мүмкіндігі кеңеюде. Мәселен, 90-жылдардың басынан бастап энергетикалық және экологиялық проблемалардың өсуіне байланысты экономикалық жағынан дамыған мемлекеттердің үкіметтері күн энергетикасын дамытуға елеулі қаржы салды.
Еліміздің де климаты күн энергиясын тиімді пайдалануға өте қолайлы. Өйткені жылына 2500-3000 сағатқа дейін күншуақты уақыт бар. Әсіресе Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Маңғыстау облыстары күн радиациясы жоғары аймақтардың қатарына кіреді. Атап айтар болсақ, облысымыздағы Бурное күн электр стансасының қуаты шамамен 100 мегаватт және ол Орталық Азиядағы ең ірі нысандардың бірі. Сондай-ақ, Қарағанды облысындағы Сарышаған және Алматы облысындағы Қапшағай күн стансалары жұмыс істейді. Жел энергетикасы – жел энергиясын механикалық, жылу немесе электр энергиясына түрлендірудің теориялық негіздерін, әдістері мен техникалық құралдарын жасаумен айналысатын энергетиканың саласы.
Елімізде арзан электр энергия көздерін іздеу мақсатында «Қазақстанда 2030 жылға дейін электр энергиясын өндіруді дамыту туралы» мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, жел күшімен өндіретін электр энергиясы қуатын халық шаруашылығына қолданудың тиімді жолдары қарастырылуда. Бұл бағытта Ерейментау мен Жоңғар қақпасындағы жел стансалары, облысымыздағы «Бурное Солар-1», «Қапшағай Solar Power Plant» күн электр нысандары айтарлықтай үлес қосып отыр. Республикамыздың барлық өңірлерінде жел қуаты жеткілікті. Жел энергетикасының басқа энергия көздерінен экологиялық және экономикалық артықшылықтары көп. Сондықтан, Қазақстан да бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп, жел әлеуетін тиімді пайдалануға қадам басуда.
Бүгінгі күні жел энергетикасы көмір, мұнай, газ сынды қазба отындарын алмастыра отырып, жасыл экономиканың негізгі бөлігіне айналып отыр. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы қалдықтарын, мал қиы мен органикалық қалдықтарды энергия көзі ретінде пайдалану – биомасса және биогаз энергетикасын іске асыру қолға алынуда. Бұл бағытта бірнеше биогаз қондырғылары Алматы, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс істейді. Президентміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан 2030 жылға дейін энергияның 15 пайызын жаңартылатын көздерден алу жоспары бар. Сондай-ақ, 2060 жылға қарай көміртектік бейтараптыққа (carbon neutrality) жетуді мақсат еткен.
Табиғат тазалығы – адамзат амандығы
Энергия тиімділігі мәселесі экологиямен тікелей байланысты. Өндіріс пен көліктегі артық энергия тұтыну ауа мен судың ластануына, зиянды газдардың көбеюіне алып келеді. Сондықтан да экологиялық саясат пен энергия үнемдеу бір-бірінен ажырамас бағыттар болуы тиіс. Елімізде экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Жасыл Қазақстан», «Таза ауа» және «Өңірлерді экологиялық жаңғырту» жобалары жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар аясында ірі өнеркәсіп кәсіпорындарына жаңа экологиялық стандарттар енгізіліп, халық арасында экологиялық мәдениетті арттыру шаралары қолға алынған.
Қазақстанның экологиялық саясатының негізгі тірегі – 2021 жылы қабылданған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы. Бұл бастама табиғи экожүйелерді қалпына келтіруді, орман алқаптарын көбейтуді және халықтың экологиялық мәдениетін арттыруды көздейді. Жоба аясында 2025 жылға дейін 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу, өзен-көлдердің экологиялық жағдайын жақсарту, су ресурстарын үнемдеп пайдалану және қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамыту жоспарланған. Бұл – елдің климаттық тұрақтылығын сақтауға бағытталған маңызды қадам. Сондай-ақ, қоғамдық экологиялық сана қалыптастыру мақсатында жыл сайын «Таза Қазақстан» атты экологиялық акция өткізіледі.
Бұл шара барысында мыңдаған еріктілер мен ұйымдар өзен-көл жағалауларын, ормантоғайларды, саябақтар мен елді мекендерді қоқыстан тазартады. Мұндай акциялар тек табиғатты қорғауға ғана емес, азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді. Болашақ ұрпақтың экологиялық сауаттылығы – тұрақты дамудың кепілі. Осы мақсатта елімізде «Жасыл мектеп» және «Эко-мектеп» бағдарламалары іске асырылып келеді. Мұндай жобалар арқылы оқушылар энергияны үнемдеу, қалдықтарды сұрыптау, табиғатты қорғау сияқты дағдыларды меңгереді. Мектептерде ағаш отырғызу, гүлзарлар жасау және экосаябақтар өткізу дәстүрге айналған. Сондай-ақ, соңғы жылдары Қазақстанда тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісі қарқын алып келеді.
Алматы, Астана және Шымкент қалаларында заманауи сұрыптау және өңдеу зауыттары жұмыс істеуде. Waste to Energy яғни қалдықтардан энергия өндіру технолдогиясы енгізілсе, қоқысты кәдеге жарату арқылы электр энергиясын өндіруге мүмкіндік туады. Бұл тәсіл экологиялық және экономикалық тұрғыдан да тиімді.
Су – стратегиялық ресурс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде «Біздің кең байтақ жеріміз бар. Алайда ел аумағының жартысынан көбі шөл және шөлейт жерлер. Сондықтан Қазақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, артық болмайды» деп, еліміз үшін су шаруашылығы ерекше маңызды екендігін айтқан болатын. Су – тіршілік көзі. Онсыз адам да, табиғат та, экономика да өмір сүре алмайды. Сондықтан суды тек табиғи байлық ретінде емес, стратегиялық ресурс ретінде қарастыру қажет. XXI ғасырда судың маңызы мұнай мен газдан кем түспейтін деңгейге жетіп отыр.
Әлем елдері суды үнемдеу мен қорғау мәселесіне ерекше назар аударуда, себебі жаһандық климаттың өзгеруі мен халық санының артуы су тапшылығын күшейтуде. Су – ауыл шаруашылығының, өнеркәсіптің және энергетиканың негізгі тірегі. Осы себепті судың жеткілікті әрі сапалы болуы елдің экономикалық қауіпсіздігі мен ұлттық тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Қазақстан – су ресурстары шектеулі мемлекеттердің бірі. Ел аумағындағы өзендердің шамамен 40 пайызы шекаралас елдерден келеді. Бұл жағдай еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше жауапкершілік жүктейді. Республиканың кейбір өңірлерінде судың тапшылығы мен ысырапшылдығы айқын сезіледі. Сондықтан су ресурстарын қорғау мен тиімді пайлану – ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі міндет. Мамандардың айтуынша, ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы өнім көлемін арттырып қана қоймай, суды 40-50 пайызға дейін үнемдеуге болады. Тамшылатып суару, жаңбырлатып суару және қайта өңделген суды пайдалану – экологиялық тұрғыдан да, экономикалық жағынан да тиімді.
Қазіргі таңда елімізде 2030 жылға дейінгі Су ресурстарын басқару бағдарламасы іске асырылуда. Мәселен, биыл «Су ресурстарын басқарудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы» қабылданды. Онда суды үнемдеу технологияларын енгізу, инфрақұрылымды жаңарту және цифрландыру көзделген. Бағдарлама аясында ескі су арналары жөнделіп, гидротехникалық нысандар жаңартылып, трансшекаралық өзендер бойынша көрші мемлекеттермен ынтымақтастық күшейтілуде. Суды үнемдеу тек мемлекеттік деңгейдегі шара емес, ол – әрбір адамның күнделікті дағдысына айналуы тиіс. Мысалы, тұрмыста суды артық ағызбау, су үнемдейтін құрылғыларды пайдалану және табиғи су көздерін ластамау сынды қарапайым адами іс-әрекеттер суды үнемдеуге өз үлесін қоспақ.
Энергия тиімділік саясаты мен экологиялық тұрақтылық – бір-бірін толықтыратын стратегиялық бағыттар. Су мен газ ресурстарын үнемдеп, табиғатты қорғау – елдің тұрақты дамуының кепілі. Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшуі – табиғатты аялауға және ресурстарды тиімді пайдалануға негізделген жаңа даму үлгісі. Бұл бағытта мемлекет қана емес, еліміздің әрбір азаматы өз үлесін қосуы тиіс. Әрбір адам экологиялық мәдениетті қалыптастыру арқылы «Жасыл экономикаға» өз үлесін қоса алады. Мысалы, қалдықтарды сұрыптап жинау, электр қуаты мен суды үнемдеу, қайта өңделетін немесе табиғи өнімдерді пайдалану және автокөліктің орнына велосипед не қоғамдық көлікті таңдау сынды қарапайым іс-әркеттер экологиялық жағдайды жақсартуға айтарлықтай әсер етеді.
Бүгінгі таңда көптеген кәсіпорындар өндіріс процесінде энергия үнемдейтін технологияларды енгізіп, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін әдістерді қолдануда. «Жасыл өндіріс» қағидаты бойынша экологиялық таза өнім шығару, қалдықтарды қайта өңдеу және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану кең таралуда. «Жасыл экономика» табиғатты қорғап қана қоймай, жаңа мүмкіндіктер ашады. Оларға экологиялық таза өндірістер арқылы жаңа жұмыс орындарының ашылуын, энергия тиімділігінің артып, шығынның азаюын, табиғи ресурстардың ұзақ мерзімге сақталуын және адам денсаулығы мен өмір сапасының жақсаруын жатқызуға болады.
Болашақ энергиясы – таза экологиялық санада. Әрбір азамат табиғатты қорғауға үлес қосқанда ғана еліміз экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі энергия тиімділігі жоғары мемлекетке айналады. Табиғатты сақтау – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Егер адамзат экологиялық мәдениетті ұстанып, энергияны үнемдеп, жаңартылатын көздерді қолдануға ұмтылса, жер шарының болашағы да таза әрі тұрақты болмақ.
Арна ЖҰМАТАЙ