Әлеумет

Білікті баспагер

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басында бүгінгі Қордай ауылының Абылайхан көшесінде шағын баспахана ашылып, аудандық газет шыға бастады. Ғасырға жуықтаған баспахананың бүгінде аты өзгергенмен, жұмысы жалғасуда. Қазір ол «Қордай ақпараттық-баспа компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып аталады. Осы мекеменің баспа цехында Ерлан Керімқұлов жұмыс істеп келеді. Бұл мекемеде оның еңбек еткеніне де 30 жылдан асқан.

Ол еңбек жолын 1994 жылы техникумды бітіргеннен кейін осы баспаханаға баспагер көмекшісі болып бастаған. Білімі бойынша Ерлан Керімқұлов киномеханик, бірақ Ерлан өзін басқа мамандықта елестете алмайтындығын айтады.

Өз саласының майталманы атанған маман баспа машинасының ақауы болса, оны дыбысы арқылы ажырата алатын деңгейге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, Ерлан Керімқұлов бүгінде баспадан шығатын барлық өнімдердің сапалы шығуына жауапты.

Көп жылдық тәжірибесі бар Ерлан ізбасар шәкірттер де дайындады. Олардың бірнешеуі өзімен бірге жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда кәсіпорын заман талабына сай цифрлық басып шығару технологияларын белсенді түрде енгізуде. Бұл баспахананың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беруде. Дегенмен, теру машиналары – газет желілері құйылған линотиптер және ескі баспа машиналары қолданылған кезең Ерлан Керімқұловтың әлі де жадында. Ерлан Әлдибекұлы жаңа жағдайға тез бейімделуге тура келгенін жасырмайды. Баспагердің жұмысы күрделі, тек кәсіби біліктіліктің болуы жеткіліксіз – түстерді дұрыс қолданып, көлемін сезіну керек.

 Баспаханада 31 жыл еңбек еткен Ерлан Керімқұлов басқа да мамандықтарды игерді. Кәсіпорынға үлкен орамдармен келетін қағазды ағытады, кесу процесін бақылайды және өндірістің барлық сатыларына қатысады. Сонымен қатар, ол электротехниканы жақсы меңгерген және барлық полиграфиялық жабдықтарды ретке келтіре алады. Кәсіпорын басшысы Гүлжамал Иманалиева бүгінде баспа цехын басқарып отырған жұмысшысы туралы жақсы пікірде.

 

 Шолпан САБАНОВА

журналист.

Қордай ауданы