Жұмысшы болған жаман ба?
Жұмыстың жаманы жоқ. Бірақ неге екенін оқушы ұл-қыздарымыз үштік баға алып қалса, сабағын оқымаса «ертеңгі күні тәшкі айдайсың, көше сыпырасың, еден жуасың, ақыры сабақ оқымайсың» деп кейіп жатамыз. Сонда біздің ұғымымызда қарапайым жұмысшы болған жаман ба?! Жастардың санасына қарапайым жұмысшы болудың еш өрескелдігі жоқ екенін сіңдірудің орнына үлкендер біз не бүлдіріп жүрміз?!
Елдің бәрі креслода отырып бастық, министр, депутат болса, жұмысты кім істемек? Жұмыс деген ең әуелі баршамызға қажет. Еңкейіп жерден бір нәрсені көтерсең де – жұмыс. Декретте отырған ананың әр күні күйбең тіршілік. Біздің клавиатурада сартылдатып жазу жазғанымыздың өзі жұмыс. Тек қана көше сыпырып, еден жуғанды ғана жұмысқа санамау керек. Әрбіріміздің еңбегіміз адал. Яғни мұның бәрі – адал еңбек.
Биылғы 2025 жылды Президентіміз Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Осы мақсатта өз ісіне адал қарапайым жұмысшыларды іздеп таптық. Олармен арнайы сөйлесіп, сұхбаттастық. Такси жүргізушісі Айнұр Нұридиновамен жақында ғана таныстым. Қалаған жағымызға ертерек жеткізетін такси қызметі керек болғанда жолай танысқан едік. Әйел адамның көлік жүргізуі ешкімге таңсық болмаса да, отбасын осы кәсіппен асырап отырғаны мені қызықтырды.
Айнұрдың көлікті мәнерлеп жүргізуі ұнады. Ауытқымай, шайқамай, лезде жеткізді. Үйге жеткенше әңгімелесіп, сұрағымды қойып алдым. Жүзі күлімсіреген жан жұмысына дән риза. Қысы-жазы бір тынбайтын қала тазалықшыларының орны бір бөлек. Осы себепті жауапты, өз ісіне тиянақты жас жұмысшы іздеп «Жасыл ел Тараз» мекемесіне хабарластым. Мекеме басшысының орынбасары Айдын Бейсеков кезекші бригаданың ішінен ісіне тиянақты, көп сөзге жоқ, біртоға азаматты айтты.
Көше сыпырушы – қала тазалығын қамтамасыз ететін ең маңызды мамандықтардың бірі. Олар ерте таңнан бастап, қолдарына сыпырғыш алып, көшелердің, саябақтардың, аулалардың тазалығын сақтайды. Күнделікті еңбектің арқасында біздің қаламыз таза әрі көрікті болып тұрады. Бақыт Құрманбеков – қарапайым көше сыпырушы. Таң атқаннан кеш батқанша қыста қар күреп, арық-атызды мұнтаздай етіп, қаланы қоқыстан тазартады. Ешуақытта өзінің еңбегіне арланған емес. Нанын адалынан табуда.
Көше сыпырушының еңбегін бағалау – әрқайсымызға парыз. Олар біздің қаламыздың тазалығы мен әдемілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға да үлес қосады. Сондықтан олардың еңбегіне құрметпен қарап, өзіміз де тазалықты сақтауымыз қажет. Жұмысшы – сұранысы жоғары мамандық. Сондықтан да еліміздегі өз жұмысына адал жандарды ардақтайық! Халыққа көрсетіп, дәріптеп жүрейік! Әрбіріміздің жұмысымыз маңызды! Істеп отырған жұмысымызды өзімізге ыңғайлап, жақсырақ етіп алсақ, кез келген еңбек – қадірлі!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА