Ауылда тоңазытқыш құрастырып жатыр
Жамбылда өндіріс те, тауар тасымалы да жолға қойылған. Экономика дамып, өндіріс көлемі артып келеді. Бұл сөзімізге дәлел – 2023 жылдың мамыр айынан бастап Т. Рысқұлов ауданында коммерциялық бағыттағы тоңазытқыш шығарыла бастады.
«Туған жерге туыңды тік» демекші жеке кәсіпкер Қуандық Өтеғұлов «MOOZTAU» атты тоңазытқыш цехын ашты. Негізі кәсібін Алматы қаласында 2022 жылы ашқан ол кіндік қаны тамған жерден де кәсібін дөңгелетпекші. Алдағы уақытта Қазақстанның кез келген жерінен зауыт ашпақшы. Тіпті шетелге шығу да ойында бар. Ол бұған дейін Түркия, Қытай, Ресей мемлекеттерінен тәжірибе жинақтаған маман.
Қуандық Өтеғұлов Т.Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауылында дүниеге келген. Кәсіпкерлікке бет бұрғанына 18 жылға жуықтапты. Көкдөнен ауылындағы А. Байтұрсынов атындағы мектепті тәмамдап, сол кездегі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша оқыпты. Бала күнінен-ақ кәсіпкер болуды ойлаған ол бастапқыда «Казфосфат» зауытында екі жыл, «BI Group» құрылыс компаниясында 11 жыл жұмыс істепті.
Қуандықтың жары Индира Әбиірбекқызы да шағын кәсіпкер. Ол Алматыда ойыншықтар дүкенінің иесі. Екеуі 4 бала тәрбиелеп отыр. Тоңазытқыш шығаратын цех әзірге екі жерде орналасқан. Алматыдағы цехта 5 адам, Құланда 6 адам жұмыспен қамтылып отыр. Тоңазытқыштарды ОЛХ сату алаңы бойынша саудаға шығарып отыр екен. «MOOZTAU» тоңазытқыштары бұл күні Қазақстанның барлық аймағына тасымалдануда. Ені 3 және 9 метрлік, яғни тапсырысқа сай етіп жасалынады. Мамандар құрып, орнатып береді. Халықтың алғысына бөленіп жүрген Қуандық әр істің басы-қасында өзі жүреді. Сенбегендіктен емес, жауапкершіліктің мықтылығынан. 12 айға сапа кепілдігін ұсынады. Қазақстан бойынша жеткізу тегін.
Тапсырыс берушінің қалауы бойынша шаршы метрі, ұзындығы, ішкі купе орны бәрі есептеледі. Бөліп төлеу де, несие де қарастырылған. «Instagram» парақшасында жарнама жолға қойылған. Арнайы сату бөлімі тек сатумен айналысса, өзі және жұмысшылар алаңсыз тоңазытқыш өндірумен айналысады. Сала таңдау – салмақты шешім. Немесе дұрыс таңдау – табыстың кілті десек болады.
Қуандықтың тоңазытқыш құрастыру кәсібін таңдап, өз табысын еселеп отырғаны, туған елге пайдасын тигізгісі келетіні бізге ұнады. Энергия жағынан да, бағасымен де көңілге қонымды тұрмыстық техниканың әлеуеті жоғары болғай!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА