Қоғам

Әйелдің қоғамдағы бейнесі белсенділігінде

Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының қолдауымен «Әйел бейнесі – қоғам» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Қазіргі қазақ әйелінің қоғамдағы рөлі мен отбасы құндылықтарын сақтау, әйелдердің әлеуметтік және саяси белсенділігін арттыру бағытында пікір алмасуды мақсат еткен жиынға партияның облыстық филиалы төрағасының кеңесшісі Рахия Тұрмағанбетова, облыстық мәслихат депутаты Анар Бексұлтанова, қалалық мәслихат депутаты Эльмира Абдинова, №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры Қарлығаш Бибазарова, ардагер-кітапханашылар мен студент жастар қатысты. Рахия Сейітбекқызы өз сөзінде еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы әйелдердің қоғамдағы орны мен ел дамуына қосқан үлесіне тоқталып, тәуелсіздік алғалы қазақ әйеліне жаңа мүмкіндіктер ашылғанын тілге тиек етті.

Сондай-ақ ол партия жанындағы Әйелдер қанатының «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» сияқты әлеуметтік және экономикалық жобалары арқылы мыңдаған әйел өз кәсібін бастап, тұрмысын жақсартқаны да сөз болды. Өңірде әйелдердің қаржылық сауаттылығын арттыру, зорлықзомбылықтың алдын алу, отбасы институтын нығайту бағытында нақты істер атқарылып жатқанын айтты.

Іс-шара барысында қатысушылар заманауи әйелдің табысты бейнесі, отбасылық құндылықтармен қоғамдағы әйел көшбасшылығын дамыту мәселелерін талқылап, әйелдердің қоғамдық белсенділігі мен әлеуетін арттырудың маңыздылығы жайында да сөз қозғады. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің алтын қорында әйел бейнесі мәңгілік тақырыпқа айналғаны туралы айтылды.

 

Ерман ӘБДИЕВ