Жаңалықтар

Мықты университеттер – келешектің фабрикасы

Мемлекет басшысы «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі.

Президент білім және ғылымды ешқандай шекара талғамайтын, барлық елге ортақ стратегиялық маңызы айрықша сала ретінде атап, бүгінгі форум соның айқын дәлелі екеніне назар аударды.

Президенттің пікірінше, білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш, ал университет – озық ойлар мен жаңа идеялардың ордасы, ғылыми ізденіс ортасы.

Президент өскелең ұрпаққа мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа тоқталды.

Мемлекет басшысы еліміздегі жоғары оқу орындарының беделді халықаралық рейтингтердегі көрсеткіші жақсарып келе жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім-ғылым саласына салынған инвестиция Қазақстанның жарқын болашағына қарай жасалған қадам екенін, алдымызда экономиканы жаңғырту, жаңа өндіріс секторларын қалыптастыру, жасанды интеллект технологияларын барлық салаға енгізу және Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекет ретінде дамыту мақсаттары тұрғанын жеткізді.

Осы орайда Мемлекет басшысы қыркүйек айында АҚШ-қа жасаған сапары кезінде OpenAI компаниясымен маңызды уағдаластыққа қол жеткізілгенін еске салды.

Президент Орталық Азия елдеріндегі және біздің аймақпен көршілес бірқатар мемлекеттегі демографиялық көрсеткіштің артуы жоғары білімді экспорттауға және шетел студенттерін елімізге тартуға елеулі мүмкіндік береді деп санайды.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі кезде еліміздің жоғары оқу орындарында 31 мыңнан астам шетел студенті білім алады. Бұл – қазіргі сәтте Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш. 2029 жылға қарай аталған межені 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін виза режимі оңтайландырылып, шетелдіктердің алаңсыз білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалады. Үздік түлектердің Қазақстанда тұрақтап қалуына мүмкіндік беретін жұмыспен қамту бағдарламасы іске қосылады. Президент еліміздегі жоғары білім мен университеттегі ғылыми ізденістерге бизнес те белсенді үлес қоса бастағанын мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан өз университеттерін алдағы уақытта да жан-жақты дамытады.

 Президент елімізде дарынды, қабілетті, ойы ұшқыр азаматтар өте көп екеніне тоқталып, халқымыздың жасампаздық рухына сенетінін жеткізді.

Форумға шетелдік серіктес оқу орындарының басшылары, халықаралық аккредиттеу және рейтинг агенттіктерінің, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

 

Akorda.kz