Қоғам мен мемлекет арасында кері байланысты қамтамасыз етуді көздейді
2015 жылдың 2 қарашасында Қазақстан Республикасының ”Қоғамдық кеңестер туралы” Заңы қабылданып, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.
Қоғамдық кеңестер азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірін білдіру мақсатында құрылып, орталық атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын үйлестіріп, олардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге үлес қосуда. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субьектілерінің шешімдер қабылдау процесіне азаматтық қоғамның қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында қоғамдық кеңестер қоғамдық бақылауды жүргізіп келеді. Қоғамдық бақылау мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен квазимемлекеттік сектор субьектілерінің қызметінің тиімділігін, ашықтығын, бүкпесіздігін арттыру, қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған азаматтық бастамаларды іске асыру, аталған органдардың қызметіне сенім деңгейін арттыру, қоғам мен мемлекет арасында кері байланысты қамтамасыз етуді көздейді.
Қоғамдық бақылау қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама және жоғарыда аталған органдардың жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау нысандарында жүргізіледі. Қоғамдық бақылау обьектісіне мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының қызметі жатады. Осындай жауапты міндеттер жүктелген қоғамдық кеңестерге биыл 10 жыл толып отыр. Әр үш жыл сайын қоғамдық кеңестің сайланған құрамының өкілеттік мерзімдері аяқталып, жаңартылып отырады.
Биылғы жылдың 11 сәуірінен бастап төртінші рет сайланған қоғамдық кеңестің жаңа құрамы өз жұмысын бастады. 2025 жылға арналған облыстық қоғамдық кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес мақсатты жұмыстар жалғасын табуда. Қоғамдық кеңесте 4 комиссия бар.
Экономика, өнеркәсіп, энергетика, құрылыс, инфрақұрылым, цифрландыру жөніндегі,ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және табиғи ресурстар жөніндегі, экологиялық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, әлеуметтік жанжалдардың алдын-алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, жастар саясаты, қоғамдық даму және жұмыспен қамту жөніндегі комиссиялар. Мен осы 4-ші комиссиядамын. Облыстық қоғамдық кеңестің бекітілген жылдық жұмыс жоспарына сәйкес үстіміздегі жылдың маусым-шілде айларында облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен оған қарасты мекемелердің, аудандық, Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің қызметтеріне қоғамдық мониторинг жүргіздік. Қоғамдық мониторинг барысында қоғамдық қабылдау өткізіп, 35 өңір тұрғынының 42 сұрақтары мен ұсыныстарына жауап берілді. 36 сұрақ мәдениет саласына қатысты болды. Мәдениет саласында жұмыс істейтін техникалық қызметкерлерге еңбек демалысы кезінде сауықтыру ақысы төленбейтіндігі, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардағы кіші техникалық қызметкерлерге ауылдық квота қарастырылмағандығы, сала қызметкерлерінің айлық жалақысын көтеру, хореограф, дәстүрлі әнші, режиссер сияқты мамандарға деген кадр тапшылығы, 5 ауылдық клубтарға штаттық бірліктердің жеткіліксіздігі, т.б. мәселелер көтеріліп, өз тарапымыздан ҚР Үкіметінің 31.12.2015 жылғы 1193-ші қаулысына көтерілген сұрақтарға байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне ұсыныс-хат жібердік. Сондай-ақ 2021 жылдың мамыр айынан балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге мемлекеттік шығармашылық тапсырыс берілген.
Биылғы жылдың 1-шілдесіндегі мәлімет бойынша 6711 ваучер 35 үйірме бойынша 56 өнім берушіге берілген. Аталған жүйе іске қосылғалы бері бірқатар мәселелер нормативтік-құқықтық тұрғыда шешімін таппай отырғандығын анықтадық. ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламаны жүзеге асыратын республика көлемінде бірыңғай ортақ ақпараттық жүйені анықтамауы, яғни заңмен реттемеуі өз қиындығын тудыруда екен. Сондықтан, аталған министрлікке мемлекеттік шығармашылық тапсырыс арқылы үйірмелермен қамтуды жүзеге асыру үшін республика деңгейінде бірыңғай ақпараттық жүйені (платформа) енгізу, өнім берушілердің қызметінің сапасына тұрақты бақылау жасау үшін оператордың құқығын кеңейту мақсатында НҚА-ге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, өнім берушілердің үйірме ғимараттарының талаптарға сәйкестігін қарау тәртібін күшейту бойынша нормаларға өзгерістер енгізу, уәкілетті органның бұйрығымен үйірмелер бойынша оқу бағдарламасының үлгілік нысанын бекіту, мектепке дейінгі ұйымда тіркелген балалардың бір мезгілде балабақша мен үйірмеде мемлекеттік тапсырыспен қаржыландырылуын болдырмау, баланың заңды өкілі мен өнім беруші арасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу мақсатында мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидасына тиісті өзгерістер енгізу жөнінде Министрлікке ұсыныс-хат жіберіп, ҚР Мәдениет және ақпарат Министрі А.Балаеваның облыс тұрғындарымен кездесу барысында қарау үшін қолына тапсырдық.
Жалпы, аталған саланың шешімін таппаған мәселелерінің оң шешілуіне өз тарапымыздан қадағалау жасайтын боламыз. Қоғамдық бақылаудың тағы бір түрі - мемлекеттік органның бірінші басшысының, квазимемлекеттік сектор субьектісінің атқарушы органы басшысының жұмыс нәтижелері туралы есептерін тыңдау. Осы жылдың 3-ші тоқсанында облыс әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасының басшысының есебін тыңдар алдында бірқатар аудандар мен спорттық нысандардың жағдайымен таныстық, ой түйдік. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің спорттық үйірмелермен қамтылуына басты назар аударылды.
Бұл салада да спорттық үйірмелермен қамтуға 5229 ваучер берілген екен. Оның 1346-ы ауылдық жердегі 6-13 жас аралығындағы балалардың спорттық үйірмелеріне қамтылуына, 3883-і Тараз қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің спорттық үйірмелеріне берілген. Спорттық үйірмелерге бөлінетін мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру мен олардың жұмыс істеу қағидасына да өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін байқадық. Мемлекеттік тапсырыстар материалдық-техникалық базасы, спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтылған спорт мектептеріне беру жөнінде мәселені тиісті министрлікке қою керек. Мысалы, "Тараз Арена" спорттық кешеніне спорттың 6 түрінен 326 балаға ғана ваучер берілген, басқа 3557 ваучер жеке кәсіпкерлер мен ЖШС-ге берілген. Жалпы берілетін мемлекеттік тапсырыстың нәтижесі болу үшін міндетті түрде жасалған жағдайға басты назар аударған жөн. Бұл жайында алдағы басқарма басшысының есебін тыңдау барысында айтатын боламыз.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері "Қоғамдық кеңестер туралы" Заңның 5-ші бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдар жіберген азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын қарап, талқылауға қатысады. Өз тарапымнан әрбір қаулы жобасының сапалы дайындалуына баса назар аударамын. Мысалы, облыстық білім басқармасы әзірлеген "2025-2026 оқу жылына арналған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім тапсырысын бекіту туралы" облыс әкімдігінің қаулы жобасын талқылау барысында бірқатар ұсыныстар енгізіп, мемлекеттік тапсырыстың тек талап етілген мамандықтарға деген қажеттілікті, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштерін есепке ала отырып бөлу жөнінде ескертіп, қайта ұсыну туралы шешім қабылдап, бірқатар ұсынымдар бердік. Мұның бәрі - облыс бюджетін тиімді, мақсатты пайдалану, өңірге қажетті мамандарды дайындауға мүмкіндіктер береді.
Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВА,
Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі