Тараздағы қоныс колониясынан ақтаулық азамат босап шықты
Биыл Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толды. Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік мерекеге орай түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланып, екі мыңнан астам азамат бостандыққа шығуға мүмкіндік алғаны белгілі. Мемлекеттің қамқорлығын сезінген азаматтың бірі – А. есімді маңғыстаулық азамат. Ер адам 2021 жылдың шілде айында Ақтау қалалық сотының шешімі негізінде Қылмыстық Кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекемесінде жазасын өтеген 46 жастағы сотталушыны мекеме қақпасынан шығарып салу барысында оған бостандықтағы құқықтары мен міндеттері кеңінен түсіндірілді. ҚАЖ қызметкерлері ер адамға заң талаптарын бұзбауды қатаң ескертіп, болашақтағы өміріне сәттілік тіледі.