«Капитан Байтасов» фильмі көрерменге жол тартты
Ерлік ешқашан ескірмейді. Оттан да ыстық Отанын қорғап, елдің тыныштығын күзету жолында жанын қиған батырлардың ісі әрқашан ұрпаққа үлгі. Жамбылдан шыққан патриот ұлдың бірі – Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов. Оның халықтың бейбіт өміріне қауіп төнген сын сағатта көрсеткен ерен ерлігін дүйім жұрттың ұмытпасы анық.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Капитан Байтасов» атты фильм түсіріп, көрермен назарына ұсынды. Аталған фильмнің тұсаукесері Астана қаласында өтті. Жиында Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Осындай тұсаукесер жиын Тараз қаласындағы Mart сауда кешенінің «Арман» кинотеатрында да өтті. Кездесу Халық Қаһарманын бір минут үнсіздік жариялап, еске алудан басталды. Жиында облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев сөз сөйлеп, Ғазиз Байтасовтың ерлік жолына тоқталды.
Келесі кезекте Ғазиз батырдың жары Гүлжамал Тәжиева тебірене сөйледі.
Жиыннан кейін көпшілік «Капитан Байтасов» фильмін тамашалады. Фильм көрермен көңілінен шықты. Кинода 2011 жылғы 12 қараша күнгі оқиға қамтылған. Фильмге белгілі актерлер Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Асан Мажит, Дархан Сүлейменов, Қобыланды Болат, Самал Еслямова және басқалар түсіп, өз образдарын сәтті ойнап шыққан.
Есет ДОСАЛЫ