Жасанды интеллект зертханалары құрылды
Ғылым жолындағы жас ізденушілер қазіргі цифрлық технологиялардың тиімділігін зерттеп, оны игерудегі, іс жүзінде пайдалануды қолға ала бастады. Бұл істі жандандыруға Ғылым және жоғары білім министрлігінің NVIDIA, Google, Astana Hub, EduSystem, Huawei және Coursera сынды жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнатуы да өз ықпалын тигізіп отыр. Цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және инновациялық білім беру салаларындағы құзыреттерді дамытуға бағытталған бірқатар бастамалар мен жобаларды іске асыруға басымдық берілуде.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова баспасөз конференциясында ізденушілердің цифрлық технологияларды қолданудағы жетістіктері жөнінде мәлімдеді. Оның айтуынша, Coursera платформасымен бірлескен жұмыс аясында үш жыл ішінде 197 мың студент оқудан өтіп, 388 мың сертификат алған. Платформада жасанды интеллект бойынша 225 курс қолжетімді. AI-Sana бағдарламасы аясында студенттер 72406 сертификат алып, олардың цифрлық және жасанды интеллект салаларына жоғары қызығушылық танытатынын көрсетті.
– Жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау және зерттеулер жүргізу үшін жоғары оқу орындарында инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстанның жетекші университеттері жанынан ғылым мен практиканы ұштастыратын арнайы орталықтар мен зертханалар құрылды. Бүгінде Шығыс Қазақстан техникалық университетінде, Astana IT University-де, Қазақ ұлттық университетінде, Атырау мұнай және газ университетінде, Alikhan Bokeikhan University-де және басқа да жоғары оқу орындарында жасанды интеллект орталықтары табысты жұмыс істеуде, – деді вице-министр Динара Ринатқызы.
Сонымен қатар Қазақ ұлттық университетінде, Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде және Astana IT University-де жасанды интеллект бойынша жеке кафедралар ашылды. Бұған қоса, бірнеше ғылыми зертханалар да бар. 2019 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан Назарбаев университетінің Зияткерлік жүйелер мен жасанды интеллект институты 2024 жылы толыққанды ғылыми-зерттеу институты ретінде қайта құрылды. Сондай-ақ Қазақ ұлттық университеті, Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University және Назарбаев университеті базасында суперкомпьютерлік академиялық кластер қалыптасуда.
Алдағы уақытта бұл ресурстарды бірыңғай желіге біріктіріп, еліміздегі барлық жоғары оқу орындарына қолжетімді ету көзделіп отыр. Бұл Қазақстанның академиялық есептеулер мен халықаралық серіктестермен бірлескен зерттеулер бойынша өңірлік көшбасшылар қатарына енуіне мүмкіндік береді.
Қазақстандық жас ғалым атом саласын әлемге танытып жүр
Ол – Мария Склодовская-Кюри атындағы МАГАТЭ-нің және Лиза Майтнер атындағы бағдарламаның стипендиаты, ядролық энергетика инженері, Ресейдің ядролық білім беру саласының амбассадоры әрі Обнинск атом энергетика институтының оқытушысы. 24 жасында қазақстандық Алина Бегимова атом энергетикасын зерттеу саласында бірқатар жетістіктерге жетті. Оның еңбегі халықаралық деңгейде мойындалды. Сарапшы ретінде Алина Мәскеуде өткен атом энергетикасы форумында спикер болды. Мәскеуде өткен форумда Алина университеттер мен бизнестің желілік кооперациясы мен ынтымақтастығына арналған сессияда сөз сөйледі. Форум ұйымдастырушылары «Обнинск Тех» жобасын таныстырды.
Бұл – Обнинск қаласы базасында жоғары оқу орындарының үздік білім беру өнімдерін, корпоративтік оқыту бағдарламаларын және халықаралық әріптестерді біріктіретін шатырлы бренд. Жобаның басты мақсаты – озық ресейлік білімді экспорттау және үздік білім беру өнімдерін жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграциялау. Мәдениет, білім және технологияны біріктіретін орталық қандай болуға тиіс? Оның дамуына жас мамандар қандай үлес қоса алады? Сессия қатысушылары осы және басқа да мәселелерді талқылады.
Алина Бегимова бұл сессияда Мысырдың Жоғары білім және ғылыми зерттеулер министрі, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының кадрлар жөніндегі бас директордың орынбасары, Вьетнамның атом энергиясы институтының президенті, сондай-ақ Зимбабвенің Жоғары білім, инновациялар, ғылым және технологияларды дамыту министрімен қатар спикер болды.
– Сессияның басты мақсаты–«Росатомның» тірек университеттері арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою және ынтымақтастық орнату. Мен студенттер алдында қандай сын-қатерлер тұрғаны және оларды оқу барысында қалай жүзеге асыруға болатыны туралы баяндама жасадым. Әңгіме болашақ мамандарға қандай құзыреттер қажет екендігі және еңбек нарығында сұранысқа ие болу үшін қандай дағдыларды дамыту керектігі жайында өрбіді. Конференциялар мен форумдарға, сондайақ түрлі іс-шараларға қатысушы, спикер әрі ұйымдастырушы ретінде белсенділік танытқанымның арқасында мені «Атом апталығы» іскерлік бағдарламасына делегат әрі құрметті қонақ ретінде шақырды, – деді Алина журналистерге берген сұхбатында.
Ресейдегі ядролық білімнің амбассадоры ретінде Алина бұл жобаның осында білім алып жүрген шетелдік студенттерге қолдау көрсететінін, атом ғылымы мен оған қатысты салаларды кеңінен насихаттайтынын, сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттерге болашақ мамандығын таңдауға көмектесетінін айтады.
«Біз күрделі дүниелерді қарапайым тілмен түсіндіруге тырысамыз, осылайша жаңа адамдарды салаға тартқымыз келеді», – дейді Алина.
Алина – Теміртаудың тумасы. Бастапқыда ол атом саласында жұмыс істеуді мүлдем жоспарламаған. Бесінші сыныпқа дейін филолог болуды армандап, тіпті орыс тілі пәні бойынша олимпиадаларға қатысып жүрген. Алайда уақыт өте келе оның қызығушылығы нақты ғылымдарға қарай ауысқан. Ал ядролық физиканы таңдаудағы шешуші қадамды Алина 10-сыныпта жасайды. Өйткені сол кезде олардың сыныбына жаңадан келген мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен үлгісі Алинаны ізденуге шабыттандырған.
Алинаның мақсатын өзгертуге әсер еткен мұғалім Мәскеудегі МИФИ-дің «Ядролық реакторлар мен материалдар» кафедрасын тәмамдаған. Өте білімді, зиялы, өз ісін жетік білетін маман Алинаның дәл сондай маман болуға деген қызығушылығын оятқан. Қазақстандық жас маман «Ядролық энергетика және жылуфизика» мамандығы бойынша білімді Обнинск атом энергетика институтында алды. Оның бейіні – атом электр станцияларын пайдалану. Бұл бағыт болашақта АЭС-ті басқаратын мамандарды даярлауға арналған. Кейін ол тар салалық мамандық бойынша магистратураны тәмамдап, осы салаға соншалықты беріліп, ғылым мен оқытушылық жолды жалғастыруға шешім қабылдады.
Бүгінде Алина Обнинск атом энергетика институтында дәріс береді. Ол зертханалық және семинарлық сабақтарды жүргізіп, студенттердің практикалық дайындығына жауапты. Оқытушылық қызметімен қатар Алина Обнинскідегі өндірісте де еңбек етеді. Ол жерде электромонтажбен айналысып, әртүрлі электр схемаларын құрастырады. Бұл жұмыс оған тек ләззат сыйлап ғана қоймай, құнды кәсіби тәжірибе береді. Алинаның айтуынша, ол университетке «Россотрудничество» бағдарламасы арқылы түскен. Достарымен бірге портфолио әзірлеп, олимпиадаларға, форумдар мен конференцияларға қатысқан.
– Бұл оңай болған жоқ, себебі тапсырмалардың деңгейі де, бәсекелестік те жоғары болды. Бірақ біз физика мен математикадан алған дипломдарымызды қосып, мықты портфолио жинадық. Бұл шешуші рөл атқарды. «Россотрудничество» бағдарламасының арқасында мен армандаған оқу орнына түстім, – дейді Алина.
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттер құжаттарын бірыңғай портал арқылы тапсырады. Оқу орнын таңдап, басымдықты көрсетеді, содан кейін комиссия өтінімді қарап, шешім қабылдайды. Қазір бұл рәсім қиындай түскенін айтады Алина. Университетке түсу үшін қосымша емтихандар тапсыру қажет, олар әдетте Астанада немесе басқа өңірлерде өткізіледі.
2023 жылы Алина магистратураға қабылданып, Мария Склодовская-Кюри атындағы стипендия жайлы біледі. МАГАТЭ мен «Росатом» бірлесіп жүзеге асыратын бұл бағдарлама атом саласында еңбек ететін әйелдерді қолдауға бағытталған. Ол қаржылай көмек ұсынып ғана қоймай, МАГАТЭ-мен әріптестік орнатқан халықаралық орталықтарда тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. Көптеген қатысушы тәжірибеден Венада өтеді. Журналистер Алинаға «Қазақстанның атом энергетикасындағы әлеуеті қандай?» деген сұрақ қойып, ойын білді.
– Әлеуеті орасан зор. Біріншіден, бізде бай тарих бар. Ақтауда алғашқы жылдам реактор іске қосылды, бұл атом энергетикасы тарихындағы бірегей бетбұрыс. Екіншіден, Қазақстан уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орында. Саланы дамыту үшін барлық алғышарт бар. Бірақ ең бастысы – жас мамандарды тарту, жаңа буынның қызығушылығын ояту және станцияларды басқаратын, бағытты дамытатын білікті кадрларды даярлау, – дейді жас зерттеуші.
Алинаның айтуынша, ол Қазақстанға жиі келе бермейді. Себебі оқу, студенттермен сабақтар және зауыттағы жұмыс оның уақытын барынша алады. Соңғы рет ол тамыз айында Алматыға келген, алайда Теміртауға баруға мүмкіндік болмаған. Сол сапарында ол Үлкендегі АЭС құрылысының ресми түрде басталуына орай өткізілген салтанатты рәсімде капсуланы кернмен бірге табыстауға қатысқан.
– Росатомның арқасында мен әртүрлі іс-шараларда кездесетін әріптестеріммен, жерлестеріммен байланысымды үзбеймін. Соңғы рет Қазақстанға тамыз айында іссапармен келдім, сол себепті Қарағандыға баруға мүмкіндік болмады. Әдетте жылына кемінде бір рет келуге тырысамын. Бірақ сабақтар, дәрістер мен зауыттағы жұмыс кестесінен сұрану кейде қиынға соғады. Атаанам түсіністікпен қарайды, сол үшін кейде өздері маған келіп тұрады, – деді Алина.
Алина неге Қазақстанда жұмыс істемей жүргені туралы сұраққа да жауап берді.
– Мен өзімді оқытушылық салада, атап айтқанда, термодинамика бағытында сынап көргім келді. Қазақстанда сәйкес ұсыныстар болмады. Логикалық тұрғыдан ең қолайлы нұсқа – атом электр станциясындағы жұмыс, бірақ ол әзірге жоқ. Ал менің дайындығым – АЭС-ті пайдалану, яғни оны салу емес. Сондықтан қазір маған лайықты қызмет орны жоқ, – дейді ол.
Болашақта Алина Қазақстанда жұмыс істегісі келеді
– Бұл – менің кәсіби бағытым әрі менің елім. Егер алғашқы атом станциясының іске қосылуына, тіпті жанама болса да, үлес қосуға мүмкіндік туса, мен бақытты болар едім, – дейді жас маман.
Қазақстан шынымен атом энергетикасын дамытуды көздесе, мұндай құнды маман ескерусіз қалмауға тиіс. Өйткені олардың білімі мен тәжірибесінсіз атом энергетикасының қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету мүмкін емес.
Дайындаған Қамар ҚАРАСАЕВА