Жел электр стансасын салуға 3 мың гектар жер бөлінді
Облысымызда «Жасыл экономика» аясында көптеген жобалар жүзеге асырылып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның ішінде баламалы энергия көздерін тиімді пайдаланып, «жасыл экономиканы» жаңғыртуға бағытталған өміршең жобалар да бар.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, «Жасыл экономиканы» дамыту аясында республика көлемінде 100-ге жуық жаңа жоба енгізіліпті.
Жалпы облысымыз жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан республикада алдыңғы қатарлардың бірінде. Республика бойынша жалпы қуаты 3032,12 мегаватты құрайтын 153 жаңартылатын энергия көздерінің нысаны жұмыс істейді. Ал өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 275,65 мегаваттық 10 жел, 271,25 мегаваттық 6 күн электр стансасы бар.
Сала басшысы айтқан жобаның бірі Мойынқұм ауданында жүзеге асырылмақшы. Атап айтсақ, франциялық «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жалпы қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасын салу жоспарлануда. Әлемдік сарапшылардың зерттеулері дарқан даламыздың басым бөлігінде желдің жылдамдығы секундына 6 метрден асатынын дәлелдеді. Ал күн энергиясын өндіру мүмкіндігі жылына сағатына 2,5 миллиард киловатт деп белгіленген. Әсіресе елдің оңтүстігі күннің қызуынан қуат өндіруге таптырмас өңір болып бағалануда.
Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы табиғат көздерінен қуат алу мәселесі әлі де болса толық шешімін таппаған. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Міне, сондықтан да Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрды. Ал бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігін, сондайақ мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік.
Жалпы еліміздің сағатына 1 триллион киловатт энергия өндіруге мүмкіндігі бар екен. Бұған елордадағы ЭКСПО-2017 көрме қалашығы толықтай баламалы энергия көздері арқылы жұмыс істеуге көшкенін және қосыңыз. Мұны көріп-біліп отырған сарапшы мамандар еліміздің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын толық мойындауда.
Өңірде жаңартылмалы энергетикалық жобалар мықтап қолға алынған. Атап айтсақ, Қордай мен Сарысу аудандарында жел электр стансалары жұмыс істеп тұрса, Қаратау қаласының маңында әрқайсысы 4,5 мегаватты құрайтын 5 жел электр стансасы пайдалануға берілген. Енді Мойынқұм ауданында 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасын салу жоспарланған. Мойынқұм ауданы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қуандық Төлеубековтың айтуынша, аудан аумағында «Total Eren» ЖШС жел электр стансасын салуды қолға алмақ.
Алдағы уақытта облыста жел электр стансасы нысандарын салуға қолайлы болуына байланысты, жалпы қуаты 2 гигаватты құрайтын екі ірі жобаны іске асыру көзделуде. Атап айтқанда, Мойынқұм ауданында «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы, Сарысу және Талас ауданында Masdar (БАӘ) компаниясы тарапынан қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы жобаларын іске асыру көзделуде.
Франциялық Total Eren, Біріккен Араб Әмірлігінің Masdar және Kidf компаниялары ауқымды жел электр стансаларын салуға ниет білдіріп отырғаны белгілі. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Қытай еліне барған ресми сапары кезінде қытайлық State Power Investment Corporation компаниясымен тағы осындай бір жобаға келісім жасалды. Нәтижесінде салаға тартылатын қаржылық көлем шамамен 3 миллион АҚШ долларынан асады. Ал Мойынқұм ауданында франциялық «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жалпы қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасын салу жоспарда тұр.
Осы жерде бір атап өтерлік жайт, Мойынқұм ауданында салынатын жел электр стансасының құрал-жабдықтары өзімізде жасалады. Атап айтқанда, Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында SANY Renewable Energy компаниясының облыстағы зияткерлік өндіріс базасы жобасы қолға алынды. «СамұрықҚазына» акционерлік қоғамы мен қытайлық SANY Renewable Energy компаниясының бірлескен жобасы аясында бұл аймақта жел электр стансасының құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт салынғалы тұр. Жобаның жалпы құны 53,6 миллиард теңгені құрайды.
Бұл нысанның бірінші кезеңінің құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарлануда. Жылдық қуаты бірекі гигаватты құрайтын жел электр стансасының құрал-жабдығын шығару. Жоба аясында 88 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда. Ал стансаның екінші кезеңі жүзеге асырылған соң мұндағы жұмысшы саны 300-ге жуықтамақ. Ал қос кезеңнің жобалық құны 114 миллион АҚШ долларын құрайды. Жалпы бөлінген жер аумағы – 24 гектар.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Мойынқұм ауданы