Әлеумет

Кәсіпорын жұмысшыларының 35 пайызы – жастар

Қоғамның дамуы мен елдің өркендеуі ең алдымен еңбекке сүйенеді. Ал сол еңбектің алдыңғы шебінде жүрген – жұмысшы жастар. Олар өз қажыр-қайратымен мемлекетіміздің іргетасын нығайтып, келешекке жол ашып келеді. Сондықтан да «Жұмысшы жастар аманаты» жобасы бүгінгі ұрпақтың болашағына қалдырған ең қымбат мұрасы болып саналады.

Өзім қазіргі уақытта жұмысшы маман ретінде өндірістің алғы шебінде жүрген жас маманның бірімін. Бүгінде «Минералды тыңайтқыштар зауытының» инженерімін. Жалпы, біздің отбасымызды осы химия саласында еңбек етіп келе жатқан династия десек те болады. Өйткені, менің әкем Тілектес Қарғабаев өзінің саналы ғұмырының 40 жылын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дамуына арнаған. Ол еңбек жолын қарапайым слесарьөңдеуші болып бастап, цех бастығы лауазымына дейін көтерілген жұмысшы маман.

Бүгінде әкем құрметті еңбек демалысында болса, оның жолын үш бірдей ұлы жалғастырып келеміз. Мәселен, мен алғашқы еңбек жолымды әкемнің ізімен «Минералды тыңайтқыштар зауытында» слесарь-өңдеуші болып бастадым. Қазір осы кәсіпорында инженер қызметін абыроймен атқарып жүрмін. Інім Еркебұлан Алдахметов цех басшысының орынбасары ретінде өңірдегі химия өнеркәсібінің дамуына өз үлесін қосып жүр. Ал тағы бір інім Ерлан Алдахметов осы зауытта аға шебер болып еңбек етуде.

Бұл бір әулеттің бірнеше мүшесінің отандық өндірісте табанды еңбек етіп, саланың өркендеуіне үлес қосып жатқанын көрсетеді. Яғни, біз қазірдің өзінде жұмысшы мамандар династиясын қалыптастырып келеміз. Алдахметовтар династиясының бұл саладағы жалпы еңбек өтілін есептейтін болсақ, шамамен 60 жылды құрайды. Бұл аз да, көп те көрсеткіш емес.

Жұмысшы маман бола жүріп, өңірдің қоғамдық дамуына да үлес қосуға, бойдағы қабілет пен әлеуетті көрсетуге толық мүмкіндік бар. Мысалы, мен қарапайым зауыт жұмысшысы бола жүріп, Тараз қалалық мәслихатының депутаты болып сайландым. Бүгінде халықтың сенімін арқалаған өкіл ретінде өндірісте еңбек етіп жүрген жастардың мүддесін қорғап, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып келемін. Бүгінгі таңда жұмысшы жастардың бірқатар әлеуметтік мәселелері өзектілігін жоғалтқан жоқ. Солардың ішінде ең бастысы – баспана мәселесі. Осы ретте өндіріс саласында еңбек етіп жүрген жастарға мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үй квотасын арттыруды ұсынамын.

Бұл қадам, сөзсіз, жұмысшы жастардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етіп, олардың кәсіби дамуы мен тұрақты қызмет атқаруына оң серпін берер еді. Әрине, бұл ретте жұмысшы жастардың тек квота аясында ғана емес, түрлі мемлекеттік бағдарламаларға да белсенді түрде қатысуына жол ашу аса маңызды. Әсіресе, жеңілдетілген шарттармен берілетін тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктерін арттыру, олардың әлеуметтік тұрақтылығын нығайтудағы маңызды қадамдардың бірі болмақ. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – еліміздегі ең ірі кәсіпорындардың бірі.

Компания геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, фосфорит кенін өндіру және қайта өңдеу, фосфорлы минералды тыңайтқыштар мен жемшөп фосфаттарын өндіру бағытында өнімді еңбек етіп келеді. Әрине, мұның артында мыңдаған жұмысшы мамандардың күндіз-түнгі орасан еңбектері жатыр. Бүгінгі таңда кәсіпорында 35 жасқа дейінгі 1128 жұмысшы маман қызмет атқарады. Бұл барлық жұмысшылардың 35 пайызын құрайды.

Алдағы уақытта жұмысшы жастардың санын көбейту – маңызды міндеттердің бірі. Себебі, біздің өндіріп жатқан өнімдерге деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Бұл отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігінің артуын білдіреді. Ал сол өнімдерді дайындап, ел игілігіне айналдыратын біз, яғни, кәсіби білікті жұмысшы мамандар. Жұмысшы жастардың аманаты – елдің болашағы үшін адал еңбек ету, бірлік пен ынтымақты сақтау, кәсіби жетілуден таймай, жаңа белестерге ұмтылу.

Бұл тек жеке жетістікке жету жолы ғана емес, тұтас ұлттың өркендеуі мен дамуына қосылатын үлес. Ендеше, біздің бүгінгі жұмысымызға деген жауапкершілік келешек ұрпаққа жол көрсететін шамшыраққа айналуы керек. Себебі, халықтың ең басты күші – еңбек. Ал еңбек – барлығын жеңбек!

 

Қайсар АЛДАХМЕТОВ

«Минералды тыңайтқыштар зауытының» инженері.