қазақ боксшылары «Баку оттарының» мысын басты
Бүкіләлемдік бокс сериясында бақ сынап жатқан «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы кезекті мәрте жеңіске жетті. Иә, бұл жолы сериядағы ең қолайсыз қарсыластарымыз «Баку оттарынан» сырт алаңда айласын асырды. Бұған дейін дәл осы команданы Әзірбайжан елінде «Астана арландары» жеңіп көрмеген еді. Осы кездесу принципке толы болды. Олай дейтініміз, «Астана арландарының» экс бапкері Сергей Корчинский бұрынғы командасын жеңе алады ма, әлде өз бапкеріміз Марат Жакиевтің асығы алшыдан түсе ме деген сауал көкейде атой салған еді. Сонымен «В» тобының көшін бастаған «Астана арландарының» сапынан алғаш болып рингке көтерілген 49 келі салмақ дәрежесіндегі Теміртас Жүсіпов қарсыласы Расул Салиевке еш мүмкіндік қалдырмады. Жобаға әбден төселген Теміртас аяққа еркін ойнады. Ширақ қимылды қазақ боксшысы жекпе-жектің барлық компоненті бойынша Салиевтен басым түсті. Әбжіл қимыл, алдыңғы қолмен лезде бағытталған соққы, екілік, үштік комбинациялар, шабуылдан кейін қайтып, қарсыластың соққыларын ауа қармату. Міне, Теміртастың пайдасына жұмыс жасаған факторлар осы. Осылайша шымылдық түрер кездесуде Жүсіпов Салиевтің салын суға кетіріп, қоржынымызға алғашқы ұпайды салды. Бұдан кейін рингке беттеген дебютант, 56 келідегі Нұрсұлтан Көшеғұловтың Магомед Гурбановқа шамасы жетпеді. Көшеғұловқа қорғанысты мықтау керектігі аңғарылып тұрды. Сонымен қатар, күшін бес раундқа теңдей бөлу керектігін де түсінгені жөн. Үшінші болып шаршы рингке көтерілген 64 келідегі оғланымыз Асхат Уәлиханов Гайбатулла Гаджалиевтің осал тұсын таба алмады. Гаджалиев өз тактикасын ұтымды пайдаланып, командасын есепте алға шығарды. Енді қалған қос кездесуде жеңісті жұлып алу керек. Мұны жіті түсінген 91 келідегі команданың көшбасшысы Василий Левит істі ұзаққа созған жоқ. Қарсыласы Рахил Маммадалидің ұзаққа бара алмайтынын сезген бапкерлері екінші раундтан кейін жекпе-жектен бас тартты. Шешуші кездесуде рингке беттеген 75 келідегі Мейірім Нұрсұлтановтың қарсыласы Жаба Хостиашвили өте лас боксшы екенін бұрыннан білетінбіз. Оның қоян қолтық ұрысына Мейірім қалайда жоламауы керек. Хостиашвили байырғы әдеті бойынша жақын қашықтыққа кірді. Бірақ, ойы іске аспады. Ойлағанын жүзеге асыра алмаған соң ережені де бұзды. Қарсыласына қарағанда соққылары дөп тиген Мейірім «Астана арландарына» маңызды ұпаймен қоса жеңісті жұлып әперді. Осылайша Жакиевтің командасы Корчинский баптайтын ұжымнан айласын асырды. Енді 8 ақпан күні біздің команда Қарағандыда «АҚШ нокаутшыларын» қабылдайды. Үш кездесуде де жеңіске жеткен «Астана арландары» көш тізгінін мықтап қолға алды. Боксшылар үш матчта 11 мәрте жеңіске жетсе, төрт жекпе-жекте жеңіліске ұшырады.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».