Қазір білекпен емес, біліммен бәсекелесетін заман
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен суицидтің алдын алу бағытындағы тапсырмалардың орындалуын талқылау мақсатында кеңес өткізді.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаевтың мәліметінше, 2025 жылдың 9 айында кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3 пайызға азайған. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында өңірде 2246 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 8414 жасөспірім түрлі құқықбұзушылық үшін полиция бөлімдеріне жеткізілген. Бала тәрбиесіне салғырт қараған 175 қолайсыз отбасы және құқық бұзған 472 жасөспірім полицияның есебіне алынған.
Білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Тараз қаласы мен аудандарда 48 жұмыс тобы құрылып, 445 білім беру ұйымында түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 60896 оқушы мен 6969 студент сауалнамаға қатысқан.
Ербол Қарашөкеев жауапты тұлғаларға анықталған мәселелерді мұқият зерделеп, нақты әрі жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ өңірлік психологиялық қолдау орталығының жұмысын жандандыруды, бейнебақылау жүйелерінің толыққанды және сенім телефонының үздіксіз қызмет көрсетуін қамтамасыз етуді, профилактикалық шараларды күшейтуді міндеттеді. Сонымен бірге әр білім беру ұйымына кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторды бекітіп, жеке жауапкершіліктерін күшейту, түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан кәмелетке толмағандар туралы бейнематериалдар дайындап, көрсету, тәртіпке көнбейтін оқушыларға қатысты бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу және оларды тиісті есепке қою, есепте тұрған оқушыларға қатысты нақты шаралар қабылдап, қажет жағдайда арнайы мектептерге орналастыруды қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар жүктеді.
Бұдан бөлек, педагогтер мен психологтар үшін қақтығыстардың алдын алу бойынша оқыту курстарын ұйымдастыру, ал жоғары сынып оқушылары мен ата-аналарға интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер туралы түсіндіру жұмыстарын жалғастыру тапсырылды. Ал оқушылардың құқықбұзушылыққа қатысы бар фактілерін жасыру жағдайларында білім беру ұйымдарының басшыларын лауазымынан босату тәжірибесі енгізіледі.
Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелері облыс әкімі жанындағы Жедел штабтың күн тәртібіне тұрақты шығарылып, өңір басшысының жеке бақылауында болмақ.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.