Дінді бетперде еткен
Соңғы жылдары әлемде және елімізде деструктивті діни ағымдар белсенді түрде тарала бастады. Солардың бірі – псевдосалафизм. Бұл ағым өзін «таза исламды ұстанамыз» деп көрсеткенімен, шын мәнінде дәстүрлі ислам қағидаларына қарсы келетін түсініктерді таратады. Сол қадамдары арқылы елдің арасына, жастардың санасына іріткі салады.
Псевдосалафизм өкілдері исламның ғасырлар бойы қалыптасқан мәзһабтық жүйесін жоққа шығарып, халықтың діни тұтастығына нұқсан келтіреді. Олар кез келген мәзһабты мойындамай, қоғамды» «саф жолды ұстанушылар» және «адасқандар» деп екіге бөліп, әлеуметтік араздықты қоздыруы мүмкін. Бұл – діннің емес, радикал идеологияның көрінісі. Бұл ағым шариғатты таяз әрі қатаң түсіндіреді. Олар өз бетінше үкім шығарып, діни мәтіндерді контекстен тыс түсіндіру арқылы жастарды және діни с ауаты төмен адамдарды оңай ықпалға түсіреді. Соның салдарынан кейбір азаматт ар заңсыз әрекеттерге баруы мүмкін.
Псевдосалафизм әсіресе жастардың санасын улап, оларды дәстүрден, ата-баба жолынан алыстатуға тырысады. Жастар радикал идеяларды өмірлік ұстанымға айналдырып, атаанасына, қоғамға, мемлекетке қарсы тұруы мүмкін. Бұл ағымның таралуына интернет пен әлеуметтік желілер үлкен әсер етуде. Жалған шейхтер мен радикалды уағызшылар өз көзқарастарын кеңінен насихаттап, дәстүрлі дінді қаралап, өздерін ғана «ақиқат жолындағылар» деп көрсетеді. Бұл – көптеген жастардың шетелдегі күмәнді діни оқу орындарына кетуіне де түрткі болып отыр. Сонымен қатар, псевдосалафизм өкілдері әйелдердің қоғамдағы рөлін шектеп, оларды оқудан, жұмыс істеуден тыйғысы келеді. Мұндай түсініктер еліміздің гендерлік теңдік пен зайырлы даму қағидаттарына мүлде қайшы келеді.
Қазақстан–зайырлы мемлекет. Ислам діні елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арқылы ханафи мәзһабы негізінде дамып келеді. Сондықтан дәстүрлі емес, деструктивті ағымдарға қарсы күрес – тек мемлекеттің емес, әрбір азаматтың, отбасының, ұстаздар мен дін қызметкерлерінің ортақ міндеті болуы тиіс.
Қорытындылай келе, псевдосалафизм–дінді бетперде еткен радикалды идеология. Оның таралуына жол бермеу үшін ағартушылық жұмыс жүргізіп, жастардың діни сауатын арттырып, дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптеу қажет. Көзі ашық, белсенді жастар Отанға қызмет ете жүріп, елі мен жеріне құрметін көрсете жүріп те ислам құндылықтарын бойына сіңіре алады. Кейінгі ұрпақ осыны жадыларынан шығарып алмағаны жөн. Себебі, бабаларымыз ұстанған дәстүрлі жол – біздің басты үлгіміз.
Ерболат ІЗТІЛЕУ
облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы.