Экономика

Банктер ипотека беруді тоқтатты

Елімізде банктер бірінен соң бірі ипотека беруді және қызмет алушылардан өтініш қабылдауды уақытша тоқтатып тастады. Банктердің бір бөлігі барлық ипотекалық бағдарламасын тегіс жапса, басқасы серіктес құрылыс компанияларымен арадағы келісім бойынша тек солар тұрғызған жаңа тұрғын үй кешендерін несиелендіруді ғана қалдырды.

Қазақстанның Ұлттық банкі 10 қазанда, күтпеген жерден базалық ставканы бұрынғы 16,5 пайыздан 18 пайызға дейін күрт көтерді. Алайда бас банкир Тимур Сүлейменовтың командасы базалық ставканы күрт көтеруге өздерін инфляцияның ырық бермей, ары қарай шарықтауы, сұраныстың шектен тыс өсуі мәжбүрлеп отырғанын мәлімдеді. Оның үстіне ұлттық валюта да қатты құнсызданып барады, ставканы көтеру оған демеу болуға тиіс. Бұған қоса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2025 жылғы 1 қарашадан бастап, тағы бір шектеу енгізуді жоспарлап қойды.

Оған сәйкес, ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің ең жоғарғы шегі бұған дейінгі 25 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетілуге тиіс. Осы арқылы Үкімет халыққа арналған кредиттер құнының өсуін ұстап қалуға тырысуда. Неге банктер ипотека беруді доғарды? Ұлттық банктің базалық ставканы күрт көтеруі банктердің кредит беруден табатын маржасын қатты азайтты. Егер қаржылық реттеуші жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің максималды шегін 20 пайызға түсірсе, табысмаржасы тіпті мардымсыз болып қалуы мүмкін. Өйткені базалық ставка – 18 пайыз. Сондықтан банктер үшін ипотека беру енді экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып қалды.

Қазіргі кезде екінші деңгейлі банктер ең алдымен қайталама нарықтағы баспанаға ипотека беруді жауып тастауда. Жаңа тұрғын үй кешендеріндегі пәтер үшін несиені табуға болады, бірақ ол қымбаттады. Оның өзінде әр банк негізінен серіктес құрылыс компаниясының баспанасын қолдайды. Басқасынан бас тартуда. Altyn Bank қайталама нарыққа ипотека беруге өтініш қабылдамайды. Тек бастапқы нарықтағы серіктестік бағдарламалары бойынша ипотека қалған. ЦентрКредит банкі «техникалық себептерге» байланысты деп, барлық ипотекалық бағдарламасын уақытша жапты. Тек мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй кезегінде тұрғандардан өтініш қабылдайды. Нұрбанк ипотека беруді және жаңа өтініштерді қарауды уақытша доғарды.

ForteBank-те ақшаны кепілге қойып несие алуды қосқанда, ипотекалық бағдарламалар уақытша тоқтатылған.Freedom Bank Kazakhstan өзінің «Фридом» холдингінің қызметкерлері мен жалақылық клиенттерінен ғана қайталама нарық бойынша өтініш қабылдайды. Басқасының бәрі үшін өтініш қабылдау уақытша жабылды. Осындай жағдай өзге де банктерде де қалыптасуда. Банктердің байланыс орталықтарының операторлары өтінішіне кепілдікті хат алған клиенттер үшін ғана қарыз берілетінін нақтылады.

Жаңа өтініштер және алдын ала мақұлдау алған өтініштер қанағаттандырылмайды. Сонымен бірге ипотекалық несиелендірудің қашан қайта басталатынын да банктер айтпады. Қайта ашылса, кредит беру шарттары өзгере ме, ол да белгісіз. Осылайша, бүгінде қайталама нарықтағы баспанаға ипотека алуға өтінішті тек «Отбасы банкіне» беруге болады. Оның өзінде несие біраз уақыт жинақ жинағандарға ұсынылатыны белгілі. Экономист Эльдар Шамсутдинов Krisha.kz-ке сұхбатында ипотека нарығында қалыптасқан дағдарысты Ұлттық банктің базалық ставканы көтеру туралы шешімі туындатқанына назар аудартты.

Оның пікірінше, егер Ұлттық банк базалық ставканы 18 пайызда ұзақ ұстаса немесе тіпті одан да өсірсе, онда жаңа ипотекалар 20-22 пайызбен беріле бастауы ықтимал. Қарапайым халық мұндай қымбат қарызды көтере алмайды, ипотека алғысы келіп отырғандар ол жоспарын кейінге ысырады. Осыдан нарық біршама «салқындайды». Банктер несиелендіру моделдерін қайта құрады.Сарапшы халыққа ипотека бермесе, банкирлердің қылы да қисаймайтынына назар аудартты. Өйткені олар үшін еш тәуекелсіз табыс табуға мүмкіндік беретін басқа құралдар бар.

Оның түсіндіруінше, Ұлттық банктің банкирлерге ұсынатын құралдарының табыстылығы ары қарай да кредиттерден түсетін таза табыстан жоғары бола берсе, онда банктерге өз ақшасын реттеушіге апару тиімді болып қала береді. Мұндай жағдайда банкирлер ипотеканы табыстың емес, шығынның қайнары ретінде қабылдайды.

Ипотека қайтадан берілуі үшін не істеу керек? Экономистің айтуынша, бұл үшін Ұлттық банк өтімділік-ликвидтілікті қысқартуға тиіс, сондайақ стерилизациялау бойынша ставканың заемдар бойынша табыстылықтан асып түсуі тоқтауы қажет. Сонда банктер белсенді несиелендіруге қайта оралады. Экономист Алмас Чукин де Қазақстанда енді барлық несие атаулы қымбаттайтынын ескертті.

 Жаңадан берілетін ипотека мен автокредиттер мөлшерлемесі – 25 пайызға, тұтынушылық кредиттер – 40 пайызға дейін жетуі мүмкін.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА.