Экономика

«Даму» мол мүмкіндік береді

«Даму» қорының облыстық филиалы «Өрлеу», «Ұлттық жоба» бағдарламалары аясында мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындарға баспасөз турын өткізді. Журналистердің назарына облыстың үш компаниясы ұсынылды. Олар несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялап, қордың ішінара кепілдіктерін пайдаланған. Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері облыстағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

«Даму» қоры субсидиялау, кепілдік беру және жеңілдікті қаржыландыру құралдары арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетеді. Субсидиялау кәсіпкерлерге несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендетуге және сәйкесінше ай сайынғы төлемдерін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл қолдау кәсіпкерлерге күш береді, қаражаттарын үнемдейді, кәсіптерін дамытады. Кепілдік құралы болмаған кезде банктер талап ететін кепілге «Даму» қоры мұрындық бола алады.

Бірінші барған жеріміз «ТаМак» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. Ол Қазақстанның тамақ өнеркәсібіндегі танымал кәсіпорын. Оның өнімдері «Арзу» сауда белгісімен шығады. Бұл – еттің наны, манпар, лағман, кеспе сияқты халықтың сүйікті өнімдерінің дайын түрі. Тұтынушы сұранысын ескеру, технологияны жетілдіру және халық дәстүрі негізінде сапалы әрі қауіпсіз жаңа өнім түрлерін шығару – компанияның саясаты мен мақсаты. 2025 жылдың тамыз айында кәсіпорын айналым қаражатын толықтыру үшін «Өрлеу» бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы жылына 12,6 пайыз мөлшерлемемен қаржы алыпты. Кәсіпорында екі аусыммен үш бригада жұмыс істейді екен. Барлығы 45 адамды жұмыспен қамтуда.

Кәсіпкермен сұхбаттасып болып, кәсіпорынның ішін араладық. Көзімізге бірден түскені қолдан жасалған диірмен, кептіру құралдары. Цехтағы құралдардың бәрі кәсіпкерлер мен жұмысшылардың өз қолдарынан жасалған екен. Жұмысты ештеңеге қарамастан нөлден бастаған кәсіпкер кей жылдары 2-3 ай айлық бере алмаған кездеріміз болған дейді.

Қиындыққа, түрлі кедергілерге шыдадық деп отыр. Ал бүгінде бұлардан асқан мықты кәсіпкерлер жоқ. Жұмысшылардың айлығы жоғары. 100 мың-300 мың аралығында еңбекақы алады. Сонымен қатар ай сайын оларға 5 килограмм күріш, сұйық май сынды азық-түлік өнімдерін беріп тұрады екен. Өнімдер салынатын түрлі мөлшердегі арнайы қораптардың сырты да ұлттық оюөрнектермен нақышталған.

Осылайша кәсіпкер отандық өніміміздің брендтік жаңа түрін қалыптастыруда. Олардың салмағы да әрқалай, 160 грамм – 3 килограмм аралығында. Ал өндіріске қажетті ұн Қостанайдан, Павлодардан жеткізілуде. Үлкен астауға салынған ұн цехта қамырға айналдырылып, одан жаю аппаратына түсіп, кесуден өткен соң транс-портер лентасы арқылы тізбектеліп келіп кептіру құралына рет-ретімен түсіп жатыр. Жалпы, цехта тәулігіне 2,5 тонна дайын өнім шығарылады. Брендтік өнім өндіру технологиясы да қарапайым.

Алайда жайма дайындаудың өзіндік құпиясы бар екен. Кәсіпкер азамат оны айтып жатпады. Ең бастысы, астың дәмді болуы. Әзірге тұтынушылардың мұндағы ұн өнімдеріне айтар шағымы жоқ. Еліміздегі ең сапалы, өтімді жайма осы зауытта өндірілуде. Жұмысшылар Жұпар Ташқараева, Эльвира Асқарова, Ахиятдин Лүтфинов жасап отырған ісіне риза екендігін айтады.

Келесі бас сұққан зауытымыз – «Super-pharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2011 жылдың желтоқсанында үдемелі индустриялықинновациялық даму бағдарламасы аясында құрылған компания бір реттік қолдануға арналған тоқыма емес материалдардан жасалған медициналық киімдер мен төсекжабдықтар, сондай-ақ таңу құралдарын өндіреді. Зауыт негізгі он және қосалқы екі цехтан тұрады.

Жыл сайын акушерия, гинекология және хирургия саласында қолданылатын 300 миллионға дейін бұйым шығарады. Ассортиментке медициналық бас киім, бетперделер, бахилдер, қалпақтар, жаялықтар, халаттар, бинттер жалпы 16 түрлі өнім кіреді. 2025 жылдың шілде айында кәсіпорын «Өрлеу» бағдарламасы бойынша «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы жылына 12,6 пайыз мөлшерлемемен инвестицияға жеңіл несие алған.

Ал үшінші барған шағын цех «Повстянко Г.О.» деп аталатын жеке кәсіпкерлік 2011 жылдан бері «AVERO» сауда белгісімен ортопедиялық матрастар өндірісімен айналысады. Ассортиментте серіппелі, серіппесіз, мақтадан, поролоннан, тәуелсіз серіппе блогымен 30-дан астам матрас түрі бар. Кәсіпорында 19 адам жұмыс істейді. 2022 жылдың қазан айында кәсіпкер «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында өндірістік цех сатып алу мақсатында қаржы алыпты.

Естеріңізге салсақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кәсіпкерлерге негізгі 3 құрал бойынша қолдау көрсетіп келеді. Олар: жеңіл несие, кепілзат жеткіліксіз болған кезде ішінара кепілдік беру және пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА