Қаржылық алаяқтықтан сақтану шаралары - әрбір азаматтардың міндеті
Қазіргі ақпараттық технологиялар мен цифрлық ресурстар қарыштап дамыған заманда, біздің өміріміз жеңілдеп, көптеген қаржылық операциялар онлайн режимде жүргізіле бастады. Алайда, осы дамумен қатар, қаржылық алаяқтық та күрделеніп, түрленіп келеді. Алаяқтардың құрбаны болмау үшін, әрбір азаматтың қаржылық сауаты мен цифрлық гигиенасы жоғары болуы тиіс.
«Алаяқтар» адамдардың сенімін пайдаланып, психологиялық қысым көрсету арқылы өз мақсаттарына жетеді. Олардың негізгі кең таралған түрлеріне тоқталайық:
1. Фишинг (Phishing): Алаяқтар өздерін банк, мемлекеттік мекеме немесе танымал компания ретінде таныстырып, электронды пошта, SMS немесе мессенджер арқылы жалған сілтемелер жібереді. Бұл сілтемелерге өткен адам жеке деректерін (логин, пароль, карта нөмірі, CVV-код) енгізу арқылы алаяқтарға өз ақшасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда осындай жолмен өздерінің қаражатынан айырылып қалып жатқан адамдар қоғамда жиі кездеседі.
2. Әлеуметтік инженерия арқылы алдау: Алаяқтар телефон арқылы банк қызметкері, полиция немесе басқа да құзырлы орган өкілімін деп қоңырау шалып, «шотыңыздан күмәнді операция анықталды», «несие рәсімделді» деген сылтаулармен үрей туғызады. Нәтижесінде, жәбірленуші SMS арқылы келген бір реттік кодты немесе карта деректерін өзі хабарлап жібереді. Ал, бұл саланың қызметкерлері мұндай мақсатта жеке тұлғаларға телефон шалып, қажетті ақпараттарды талап етпейді.
3. Инвестициялық алаяқтық немесе «Қаржы пирамидалары»: Алаяқтар тез және үлкен табыс табуды уәде ететін «тиімді инвестициялық жобаларды» немесе «қаржы пирамидаларын» ұсынады. Олар жоғары пайыздық кірісті кепілдендіреді, бірақ іс жүзінде бұл жаңа қатысушылардың ақшасы есебінен ғана төленеді. Ақыр соңында, схема құлап, салымшылар бар ақшасынан айырылады.
4. Жалған интернет-дүкендер мен хабарландырулар: Әлеуметтік желілерде немесе арнайы сауда алаңдарында жоқ тауарды арзан бағамен сатуды ұсынып, алдын ала төлем талап етеді. Төлем жасалғаннан кейін алаяқтар байланысқа шығуды тоқтатады. Осындай бағыттарда жүзеге асырылып жатқан алаяқтықтан сақтану үшін ең бастысы цифрлық қауіпсіздік ережелерін ұстану қажет.
Қазіргі цифрлық ортада өзіңізді және қаржыңызды қорғау үшін келесі маңызды шараларды ұстаныңыз:
1. Жеке деректерді ешкімге бермеңіз: Банк картаңыздың деректерін (толық нөмірі, жарамдылық мерзімі, CVV-код, PIN-код) және SMS арқылы келген бір реттік кодтарды ешкімге айтпаңыз. Тіпті, өзін банк немесе полиция қызметкерімін деп таныстырған адамға да. Банк қызметкерлері немесе құқық қорғау органдары телефон арқылы құпия деректерді ешқашан сұрамайды. Егер күдікті қоңырау түссе, дереу телефонды қойып, банкке өзіңіз ресми нөмірі арқылы хабарласыңыз.
2. Күмәнді сілтемелер мен хабарламалардан сақтаныңыз: Бейтаныс көздерден келген электронды поштадағы немесе мессенджердегі сілтемелерді баспаңыз. Ресми сайттардың URL-мекенжайын мұқият тексеріңіз (мысалы, https:// болуы және атауында қате болмауы керек).
3. Құпиясөздерді күшейтіңіз: Күрделі, әртүрлі құпиясөздерді қолданыңыз (бас әріптер, кіші әріптер, сандар және символдар). Әр түрлі қызметтер үшін бірдей құпиясөзді пайдаланбаңыз. Құпиясөздерді үнемі өзгертіп отырыңыз.
4. Екі факторлы аутентификацияны (2FA) қосыңыз: Банктік қосымшалар мен маңызды онлайн-қызметтерде 2FA-ны міндетті түрде пайдаланыңыз. Бұл тіпті құпиясөзіңізді ұрлап алса да, шотыңызға кіруге кедергі жасайды.
5. Бағдарламалық қамтылымды жаңартып отырыңыз: Смартфон мен компьютердегі операциялық жүйелерді, антивирустық бағдарламаларды үнемі жаңартып отыру қауіпсіздік патчтарын орнатуға және алаяқтардың зиянды бағдарламаларынан қорғануға мүмкіндік береді.Қосымшаларды тек ресми дүкендерден (App Store, Google Play) ғана жүктеңіз.
6. «Тез байытатын» ұсыныстарға сенбеңіз: Егер қандай да бір инвестиция «тез әрі жоғары табыс» уәде етсе, бұл – ең үлкен күдікті белгі. Қаржылық шешім қабылдамас бұрын, ұсыныстың заңдылығын, компанияның лицензиясын және беделін тексеріңіз. Қаржылық алаяқтық туралы ақпаратты терең түсіну үшін, осы салада жиі қолданылатын бірқатар терминдердің мағынасын білу аса маңызды:

Цифрлық технологиялар – адамзаттың игілігі. Алайда, бұл игіліктің артында тұзақ құрғандар да бар. Қаржылық алаяқтықтан сақтанудың ең басты және тиімді жолы – сақтық, күдік және қаржылық сауаттылық. Есіңізде болсын, ешбір банк немесе ресми орган сізден құпия деректерді сұрамайды.
Егер сізді «тез байытатын» немесе «шұғыл шешімді» талап ететін жағдайға душар етсе, бірден күмәнданыңыз! Өз ақшаңызды өзіңіз қорғаңыз, алаяқтардың айласына түспеңіз. Қауіпсіздік – ең алдымен өз қолыңызда!
Назира ЖОРАБЕКҚЫЗЫ
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы облыс бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы.