Әлеумет

ЖИ заманында жұмыссыз қаламын деу бекершілік

XXI ғасырдағы көп жетістіктің бірі – жасанды интеллектінің дамуы. Бүгінде ол тек ғылым мен техникада ғана емес, өнер мен мәдениет саласында да кеңінен қолданылып келеді. Руханият өнер мен мәдениеттегі шығармашылық шабыттың, толғаныстың, бір сөзбен айтқанда жанның туындысы болса, логика мен алгоритмдік жүйемен құралған жасанды интеллект қалайша бұл салада пайдалы болуы мүмкін деген заңды сұрақ туындайды. Дегенмен екі ұғымның тоғысуынан жаңа мәдени құбылыстар мен шығармашылық мүмкіндіктердің туып жатқанын көзіміз көріп жүр.

Рас, қызмет пен маманды Ж И алмастырғанымен адам жанынан шығатын көркемдікті, биік талғам мен жанды рахатқа бөлейтін құдіретті өнерді толығымен алмастыра алмайды. Десе де жаңа мүмкіндіктерді беріп, техникалық қиын жұмыстарды жеңілдете түсетінін өз тәжірибемізде байқадық. Яғни, көп шектеулердің шекарасы алынып, еркін шығармашылық қиялға қанат бітіре түсетінін көрдік. Қағазбастылықтан қолы босамайтын көп маман өз потенциалын шығармашылықтан іздеп, өнімді жаңалықтардың көбейе түсетініне сенімдіміз. Соның бір дәлелі – Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы биыл қолға алған жобалар. Әуелі жасанды интеллектіні кітап басуда пайдалануды бастадық.

Өңірімізде алғашқы рет облыстың он ауданы мен Тараз қаласының жерсу атауларын қамтыған «Әулиеата аңыздары» деген атпен шыққан екі тілде, яғни қазақ және ағылшын тілінде цифрлық кітапты басып шығаруға қолдандық. Яғни, картографиялық жазбаларды дайындау, мәтіндерді шет тіліне аудару, оның суреттерінің сапасын жақсарту сынды жұмыстарды жаңа технологиялардың көмегімен жеңілдеттік.

Жасанды интеллект мүмкіндіктері сол кітаптың презентациясына бейнеролик жасауда да пайдаланылып, ел қызығарлық ерекше дүние жасалды. Бұл жоба жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін тереңінен тануға жол ашты. Өйткені бұл жобамен бірге жаңа заман мамандықтарының бірі саналатын «нейроартист» арнайы курсынан өтіп, пайдалы біліммен мультипликация әлеміне кірдік. Әулиеата өңіріндегі халық аңыздарын, соның ішінде қызғалдақ туралы аңызды анимациялық бейнеге айналдыру жұмысын қолға алдық. Қызғалдақ аңызы – қазақтың ауыз әдебиетінде кең тараған махаббат пен сағынышқа негізделген оқиға. Қаратау бөктерінде өрбіген бұл аңызда жас арудың ғайып болуы мен сол жерге бұрынсоңды кездеспеген қызыл гүлдердің пайда болуы суреттеледі. Яғни, гүлдің «қызғалдақ» деп аталу себебі, оның ең көп тараған аймағында пайда болу тарихы баяндалады.

Аңыздарға анимациялық фильм жасауда алғашқы етіп бұл аңызды алуымыздың да өзіндік себебі бар. Ол – Ұлы Жібек жолы арқылы таралған қызғалдақ гүлінің негізгі шыққан жері Қазақстан, оның ішінде Қаратау бөктері екенін өскелең ұрпаққа насихаттау болатын. «Қызғалдақ туралы аңыз» анимациялық фильмінің ерекшелігі – сценарий жазудан бастап, монтаж жұмысы, кейіпкерлердің қимылы, дыбысталуы толығымен жасанды интеллектінің көмегімен жасалуында. Аңыз желісін анимациялық бейнеге айналдыру барысында жасанды интеллектінің заманауи құралдары пайдаланылды.

Болған оқиғаның тарихи кезеңі мен табиғи көріністері, кеңістіктің 3Д форматты көріністері барынша шынайы бейнеленіп, көркемдік шешімдер ұлттық бояуға сәйкес таңдалып, бейнелерде қазақы нақыш та сақталды. Кейіпкерлердің қимылы мен мимикасы эмоциялық әсерді күшейтті. Сондай-ақ тек сырттан дыбыстау ғана емес, кейіпкерлердің арасына диалог жасалып, олардың айтқан сөздері ерін қимылдарына сәйкестендірілді. Алаулап жанған от, оның айналасында аңыз айтқан қария, оны тыңдаған балалардан басталып, әрі қарай оқиға желісіне көшуі, соңында қайтадан сол қарияның әңгімесіне оралуы да ұтымды көркемдік шешім екенін көруші анық байқай алады. Жобаны даярлау кезінде жарқын түстер мен ашық бояулар көрерменнің назарын бірден аударып, жалықтырып жібермей ұстап тұратыны тағы бар.

Расында, даусы мен кейіпкерлердің бейнесіне дейін ЖИ-дің туындысы болған алғашқы сәтті шыққан анимациялық жобамыз шабытымызға шабыт қосып, алдыға қойған жоспарларымызды да, мүмкіндіктерімізді де кеңейте түсті. Бұрындары қуатты компьютерлер мен бірнеше маманның, суретшінің, дыбыстаушы мен монтаж маманының жұмысын қуатты бір ғана телефон құрылғысы мен нейроартист маманның басқаруымен шыққан дүние көпшілікке ұнап жатқанын әлеуметтік желіден аңғарып, қуанып та жатырмыз.

Әрине, видеоформатқа өтпестен бұрын тәжірибе алмасу мақсатында мәдениет және өнер қызметкерлері, бұқаралық ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекелеріне орай ұмыт болып бара жатқан «шарж» жанрын қайта жандандырып, фото форматпен жұмыс жасап, тәжірибе жинақтадық.

Бұл әрі әріптестерге арналған әдемі достық әзілмен көңіл-күй сыйлаудың құралы болса, әрі жасанды интеллектідегі «суретшілік» өнерді игерудегі жұмыстың бірі болды. ЖИ-ді мінсіз деп айта алмаймын. Әсіресе қазақы нақыштағы дүниені жасауда көп қиындықтар туындайды. Дегенмен дұрыс тапсырма беру, оны бағыттау үшін өзіңде жетік білім мен шығармашылық қабілет, биік талғам болғаны абзал. ЖИ – құрал. Оны бағыттаушы – білімді, тәжірибелі маман. Осы екеуінің қосындысы ғана сапалы өнім беруге кепіл болады. Ол да көлік тізгіндеу сияқты.

Жол ережесін білмеген адам көп қателіктер жіберетіні сияқты, бұл құрылғының да өз заңдылықтары барын ескерген жөн. Сондықтан ЖИ дамыған әлемде жұмыссыз қаламын деу бекершілік. Керісінше жұмыс жасаймын деген адам көп білім алып, өзін дамыта түсуі қажет. Жаңа ғасыр жаңа технологиялармен қатар білімді адамдардың да ғасыры екенін айта кету керек. Бар әлем сандық жүйенің көшімен ілгері басып келе жатқан заманда рухани құндылықтарды сақтап, оны бойымызға сіңірудің қажеттілігін күннен күнге сезініп келеміз. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та күні кеше Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында тағы да ұғындырғандай. Ол өз сөзінде: «Қазақстан – әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі.

Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық», – дейді. Заман көшімен жаңа білімді игеру, ең алдымен – қажеттілік. Бірақ ол дегеніміз әлемге жұтылу емес. Керісінше жаңа біліммен барымызды сақтап қалу, келер ұрпаққа жеткізу әдісі. Сондықтан да жас ұрпақтың санасына аңыз-әңгімелерді сіңіру барысында осындай анимациялық фильмдердің көмегі орасан зор деп білеміз. Ал жасанды интеллект қазақ аңыздарын көрермен аудиториясына заманауи форматта ұсынуға толық мүмкіндік беріп тұр.

«Қызғалдақ туралы аңыз» – жасанды интеллект көмегімен анимацияланған алғашқы аңыздардың бірі. Бұл тәжірибе алдағы уақытта басқа да аңызәфсаналарды мультимедиялық бағытта жаңғыртуға жол ашады. Демек, жасанды интеллект – тек технологиялық құрал ғана емес, рухани мұрамызды сақтап, оны өскелең ұрпаққа танытудың тиімді тетігі деп білген жөн.

 

Ғазиза АҚМАХАН

Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы «Тарихтану» бөлімінің меңгерушісі, нейроартист.