Әулиеатаға қуаныш сыйлаған фестиваль
Өнер ешқашан ескірмейтін, құнын жоймайтын құндылық. Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының 90 жылдығына және тұңғыш кәсіби режиссер Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына арналған республикалық театр фестивалі төрт күн бойы тараздық жұртшылыққа ғажайып әсер қалдырғаны сөзсіз. Әр қаладан ең таңдаулы театр ұжымдастарының гастрольдік сапармен келуі – көрерменге үлкен сый болды
Фестивальдің қазылар алқасын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты Еркін Жуасбек басқарса, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, Тұңғышбай Әл-Таразидің де қазылар құрамына қосылғаны фестивальдің құнын биіктете түскені анық. Сонымен қатар театртанушы, өнертану ғылымдарының кандидаты Бақыт Нүрпейіс, «Құрмет» орденінің иегері, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, танымал режиссер Қуандық Қасымов, театртанушы, өнертану ғылымының кандидаты, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Меруерт Жақсылықова да қазылар құрамынан табылды. Фестиваль шымылдығы С. Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық драма театры сахналаған Георг Бюхнердің «Войцек» драмасымен ашылды. Режиссері – Мейрам Хабибуллин.
Бұл шығармаға әке шешесінен ерте айырылған жетім жігіттің жарық әлемнен жақсылық іздеуі арқау болады. Кейіпкер әшейінде нұрын төгіп тұратын айға да, жарқырап тұрған күнге де, жұлдызға да барады. Олардың шын бейнесі басқаша екенін көріп қынжылады. Қойылымның оқырманға ой салғаны анық. Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры қойған Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» трагедиясында ақ пен қара, мейірім мен қатыгездік көрініс береді. Режиссері – Гүлназ Қамысбаева. Қойылымда кілең қыз-келіншектер ғана ойнайды. Бәлкім, бұл да бір режиссердің шешімі шығар деп ойладық.
Бір байқағанымыз, қойылым Әуезов жазған «Қорғансыздың күні» шығармасынан едәуір алыстап кеткендігі. Спектакльді тамашалаған жазушыдраматург Елен Әлімжан да онша тұшынбағанын, ештеңе түсінбегенін айтты. Р.Сейітметов атындағы Түркістан сазды драма театры Әлдихан Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен» шығармасын сахналады. Режиссері – Айдар Наурызбаев. Мұнда сыбайлас жемқорлықпен күрес оқиғаның негізгі өзегі. Тіпті үлкен лауамыз иесі ешқандай кедергіге қарамастан жемқорлықтың тамырын үзбекші болады. Бірақ, бұл оңай үзіле қоймайтын тамыр екенін оқырман аңғарып отырды. А. Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры фестивальдан тыс, қонақтарға арнап Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» трагифарсын қойды.
Мұнда ХХ ғасырдың басындағы әйелдердің бас бостандығы мен әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы қарамақайшылықтар баяндалады. Қ. Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық театры Ғабит Мүсіреповтың «Қозы мен Баян» трагедиясын көрермен назарына ұсынды. Режиссері – Фархатбек Қанафин. Мұнда ғашықтардың мәңгілік махаббат хикаясы ел назарына ұсынылды.
«Қозы мен Баян» трагедиясы 1938 жылы ең алғаш осы республикалық ұйғыр театрында қойылып, премьераға Ғабит Мүсірепов қатысып, жоғары бағасын берген екен. Арада 68 жыл өткенде қойылым заман талабына сай жаңарып отыр. Фестиваль шымылдығы Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры сахналаған Александр Володиннің «Кездесу мен қоштасу» атты драмасымен жабылды. Режиссері – Алмат Шарипов.
Мұнда кездесу мен қошатсудан тұратын жалған дүниенің жұмбақтары көрермен назарына ұсынылды. Өмірдің сұрағы – көп, жауабы – аз екені де тағы бір мәрте көпшіліктің көңілін аударды. Қазылар алқасының шешімімен «Үміт» сыйлығы Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының «Қорғансыздың күні» қойылымының актрисасы Шәкизада Күзембайға, «Үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» аталымы Р. Сейітметов атындағы Түркістан сазды драма театры «Жалғыз желкен» драмасындағы актер Мұрат Құрманбековке лайық деп танылды.
«Үздік актерлік дуэт» аталымы Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры «Кездесу мен қоштасу» драмасындағы актер Аман Қожабеков пен актриса Ғалия Темербаеваға берілді. «Үздік ер адам бейнесі аталымы Қ. Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының «Қозы мен Баян» трагедиясындағы Қарабай рөлін сомдаған Ділшат Аманбаеваға, «Үздік әйел адам бейнесі» аталымы С. Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық драма театрының «Войцек» драмасындағы актриса Гүлден Сейткеноваға тапсырылды.
«Үздік режиссура» аталымына режиссер Мейрам Хабибуллин, «Асқар Тоқпанов атындағы арнайы сыйлық» аталымы Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры «Бақытсыз Жамал» спектаклі, «Ең үздік қойылым» аталымына С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық драма театры «Войцек» туындысымен ие болды. Барлық аталымдар үшін диплом және қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Есет ДОСАЛЫ