Аймақ

Таза су әр үйге дейін тартылған

Республика күнінде Т. Рысқұлов ауданының Қайыңды ауылдық округіне қарасты Сөгеті және Мамай ауылдарының тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізді.

Жалпы құны 1 миллиард теңгеге жуық қос жоба мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып, құрылыс жұмыстарын «Темір Строй Сервис и Ко» және «ПырақҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері атқарды.

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Ернар Есіркепов бұл жұмыстардың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен 2025 жылдың соңына дейін елді мекендерді толық ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асқанын атап өтті.

Бұған дейін тұрғындар тіршілік нәрін көше басынан тасып ішсе, енді әр үйге дейін тартылған таза судың игілігін көруде. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қуаныштарын жасыра алмай, жаңа нысанның іске қосылуына атсалысқан азаматтарға алғыс айтып, ақ баталарын берді.

Айта кетсек, соңғы үш жылда аудан аумағындағы ондаған елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ал жыл соңына дейін тағы үш нысан – Шөңгер, Құлан және Р.Сәбденов ауылдарындағы су имараттары пайдалануға берілмек.

Осылайша, Мемлекет басшысының тұрғындарды таза ауыз сумен толық қамту жөніндегі тапсырмасы Т. Рысқұлов ауданында табысты орындалып келеді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.