Жаңалықтар

Жуалыда барлық елді мекен 100 пайыз ауыз сумен қамтылды

25 қазан – Республика күніне орай Жуалы ауданына қарасты Күреңбел ауылдық округінде таза ауыз су жүйесі іске қосылды.

Аудан тұрғындарының әлауқатын арттыру және елді мекендерді толықтай сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бүгінде аудандағы 49 елді мекеннің барлығы 100 пайыз ауыз сумен қамтылған.

2024 жылы Түктібай, Ақтөбе, Қарасу, Көктас, Күркіреусу, Амансай ауылдарында ауыз су жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген болатын. Биыл бұл игі бастама Күреңбел ауылында жалғасын тапты. Ауылдағы таза ауыз су жүйесін жүргізу жұмыстарын «ТаразСтрой2004» ЖШС жүзеге асырды.

Жоба аясында 42,7 шақырым құбыр тартылып, нәтижесінде 394 ауладағы 2025 тұрғын таза ауыз суға қол жеткізеді. Осы күні Шу ауданының Шу қаласындағы Қант зауыты шағынауданында «Су жүйелері және су шығару ғимараттарының құрылысы» нысанының ашылу салтанаты өтті.

Аталған жоба «Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ-нің т апсырысымен, «Мелиоратор» ЖШС мердігер ұйымы арқылы жүзеге асырылды. Жобаның мақсаты – Шу қаласының Қант зауыты шағынауданын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және су тарту инфрақұрылымын жаңарту.

Шағынаудандағы абоненттер саны – 1739, ал халық саны шамамен 7600 адам. Су желілерінің жалпы ұзындығы 84,57 шақырым, жер учаскесінің аумағы – 1,5 гектар. Жоба іске қосылғаннан кейін аудан тұрғындарының ауыз суға қолжетімділігі едәуір жақсарып, тұрмыстық жағдай сапасы артады. Ашылу рәсіміне аудан әкімі, тиісті мекеме өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.