Спорт және туризм

Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды

Абай облысының Семей қаласында бокстан ересектер арасында ерлер және әйелдер құрамалары бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Ел чемпионатында жамбылдық құрама 1 алтын, 2 күміс, 7 қола медальға қол жеткізді. Әулиеата жеріне бұйырған жалғыз алтын медальді 48 килограмм салмақтағы Әйгерім Сәттібаева иеленді.

Бейсенбі күнінің кешінде әулиеаталықтар Тараз теміржол вокзалынан ел чемпионы Әйгерім Сәттібаеваны ыстық ықыласпен күтіп алды. Қарсы алу салтанатына танымал жазушы, Әйгерімнің қайын атасы Көсемәлі Сәттібайұлы, чемпионның ата-анасы, Олжас пен Әйгерімнің ұл-қыздары келді.

Қарсы алу сәтінде жамбылдықтардың Әйгерімге деген құрметі көпке дейін толастамады. Жеңістің құрметіне ән шырқалып, күй күмбірледі. Чемпионға бата берілді. Біз Әйгерім Сәттібаеваның алдағы байрақты бәсекелерде чемпион болуына тілектеспіз.

 

Есет ДОСАЛЫ