Құқық

Жасөспірімдер құқықтық жауапкершілік барын ұмытпауы тиіс

Бірер ай бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен құқық қорғау органдарының алқа мәжілісінде елімізде «Заң мен тәртіп» қағидатының қатаң сақталуын қамтамасыз ететін құқықтық мәдениет, азаматтық жауапкершілік идеясын қоғамда берік қалыптастыру қажеттігі атап көрсетілді. «Заң мен тәртіп» қағидаты жеке адамның ішкі мәдениетінен түзіліп, отбасы, жақындары мен араласатын ортасына байланысты бекитінін ескерсек, мұның түпкі діңгегі адамның бала кездегі тәрбиесіне келіп тірелетінін аңғаруға болады.

Осы жағынан «баланы жастан...» деп басталатын нақыл ата-бабамыздың саналы, салиқалы ұрпақ өсіріп, толыққанды азамат етіп қалыптасу жолын меңзеп тұр. Қоғамның іргетасының дұрыс қалыптасуы тәрбиелі адамдардың көптігіне байланысты, мұндай елдің болашағы жарқын. Елімізде заң мен тәртіпке негізделген жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келе жатқанына қарамастан, тәртіпке бағынбайтын жастар саны да азаймай отыр. Бас прокуратура еліміз бойынша жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өткен жылдың соңында 6 пайызға қысқарғанын жариялады.

Бұл нәтижеге құқық қорғау органдарының профилактикалық және құқықтық-ағарту жұмыстарын күшейтуі себеп болған. Түнгі кезекшіліктермен қатар көшелерді бейнекамералармен жабдықтау, баланың мезгілсіз уақытта жүргені үшін ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тарту, инспекторлардың тәртібі нашар оқушылармен жеке-дара жұмыс істеуі, учаскелік полицейлердің жұмыстарының жандануы да қылмыстың алдын алуға сеп болуда.

Жасөспірімдер қылмысын талдау кезінде топтық төбелеске көбіне 18-20 жас арасындағы колледж студенттері, мектептің жоғары сынып оқушылары баратыны анықталды. Әдетте, жанжал түкке тұрмайтын нәрседен туындап, оның соңы топ болып төбелесумен аяқталады. Жеңілген тарап алдын ала сөз байласу арқылы түнгі уақытта қалтарыс жерге жақтастарын жинап әкеледі. Біреуінің қолында шолақ мылтық немесе пышақ жүреді. Қылмыс көбіне қыркүйекте немесе қысқы каникул күндерінде жасалады.

Тағы бір назар аударарлығы – жасөспірімдер төбелеске жиналар алдында осы іс-әрекеттерінің салдарын жете бағаламайды. Топырлап жүргеннің біреуінде ес жоқ, ақыл емес, ашу жеңіп кетеді. Өйткені ешқайсысының құқықтық сауаты жоқ. Болып жатқан оқиғаны ата-анасына да айтпайды. Ата-ана да баласының түнде кіріп-шығып жүргеніне назар аудармайды. Себебі үйде тәртіп жоқ, баласының беймезгіл жүрісі әдетке айналған. Сенделіп көп жүретін баланың араласатын ортасы, айналысатын ісі, мінезқұлығындағы өзгеріске үйдегі үлкендердің назар аудармайтыны сот барысында көп байқалады.

Осы жағдайлар бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін заңмен қатайту қажеттігін көрсетеді. Отбасындағы бала тәрбиесі ақсап жатса, оған ең алдымен ата-анасы не қамқоршысы жауапты. 14 жастан асқан ақыл-есі дұрыс жасөспірім заңға қайшы әрекеті үшін де заң алдындағы жауапкершілігін сезіне білуге тиіс.

Қылмысты болдырмау шараларының күшейтілуімен бірге, қоғамды ізгілендіру жұмыстары да қатар жүруі қажет. Себебі отбасылық қиын жағдайға тап болған атааналарды қолдауға жанашыры болмаса, қоғамның белсенді топтары араласқаны жөн. Көпті көрген, өмірлік тәжірибесі мол, үлгілі отбасылардың ата-әжелері, зейнеткер ұстаздар тығырыққа тірелген жас отбасыларға, жалғызілікті аналарға жақсы кеңес береді, жол көрсете алады.

Туындаған мәселені сабырмен жеңу, мәмілегерлік жолмен реттеу, ортақ шешімін табу шиеленістің алдын алады. Осы жағынан бала тәрбиесінде ұлттық дәстүрлерді кеңінен қолдану – өте маңызды. Өсіп келе жатқан жас үлкен өмірге бағдар алар кезде қоғамнан өгейленбей, қолдаушысы бар екенін жанжүрегімен сезіне алса, нәтиже болары сөзсіз. Үйдегі үлкендердің жанжалы көп жағдайда баланың мінез-құлқына әсер етіп, ол жанына жалау болатын нәрсені сырттан іздей бастайды.

Өкінішке қарай, көшенің жүгенсіз заңы сана-сезімі қалыптаспаған баланы жолдан тайдырады. Ал көше бұзақының қатарын көбейтуге мүдделі. Қылмысқа бейім топтар бір жерге жиналса, қоғамда қалыптасқан қағидатты бұзып, өз үстемдігін орнатады. Бұл – қылмыстық жүйенің жазылмаған заңы. Төбелескендердің арасында суық қарудың болуы, күштінің әлсізді сапқа тұрғызып қойып құлатуы әйгілі Сталин заманындағы ГУЛАГ жүйелерінен келе жатқан түрменің жазылмаған заңын еске түсіреді.

Биылғы оқу жылында Жамбыл жерінде жасөспірімдер арасында бірнеше рет оқыс оқиғалар тіркелді. Тіпті адам өліміне алып барған жағдайларда орын алды. Осы ретте «қылмыскерлердің тәлімгері кім?» деген заңды сауал туады. Демек, тәртіп сақшылары мұны мұқият зерделеуі тиіс.

Құқық қорғау органдары, білім беру ұйымдары мен ата-аналар, қоғамдық құрылымдардың өзара байланысты әрекеттері, дер кезінде қимылдауы ықтимал қылмыстардың алдын алып, жүгенсізді тыюға септігін тигізсе игі. Ал баланың жастайынан қарым-қатынас мәдениетін меңгеруі – тәртіпке бағынудың ең төте жолы.

 

Есен ӨТЕУЛІ